Кенеден тарайтын кеселден сақтаныңыз

Пятница, 07 Июнь 2024 08:53 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 367 раз

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – бұл маусымдық табиғи-ошақтық ауру. Аурудың өршуі ақпаннан қарашаға дейінгі кезеңде тіркеледі.

Қырым геморрагиялық қызбасының алғашқы белгілері кенеттен пайда болады. Күшті безгек кезінде науқас денесінде әлсіздік пен ауырсыну пайда болып, дене температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі. Бет, мойын, жоғарғы кеуде қуысының гиперемиясы, склера тамырларының және конъюнктиваның инъекциясы тән. Егер емделмеген болса, өлімге әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, өлім инфекциялық-уытты шок, өкпе қабынуы, қайталама бактериялық асқынулар нәтижесінде болуы мүмкін.

Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу үшін:

- алаңды өңдегеннен кейін ғана лагерь құру керек, шөпке отыруға немесе жатуға болмайды;

- саябаққа немесе саяжайға барған кезде жабық киім киген жөн, шалбардың балағын етікке салып, шашыңызды бас киімнің немесе орамалдың астына жинаңыз;

- арнайы аэрозоль және спрей репелленттерін пайдаланыңыз, оларды үш сағат сайын қайталап жағып тұру керек;

- орман аймағында, шөпті өсімдіктері бар жерлерде жүрген кезде әр 10-15 минут сайын үстіңізді тексеріп тұрыңыз;

- ашық демалыстан қайтып, киімдерін шешкеннен кейін денені, шаш пен киімді, әсіресе бас терісін, қолтық асты, құлақтың артын мұқият тексеріңіз. Киімді желдетіңіз, бөлмеге бірден гүлдерді, бұтақтарды, аңшылық олжаларды әкелмеңіз;

- үй жануарларын да тексеріңіз.

Жазғы серуен, саяхат, табиғат аясындағы демалыс кезінде кене шағу қаупі артады. Кене адамға жабысады және анестетикалық затты енгізгендіктен мүлдем ауыртпайды. Аш кене өте кішкентай – көкнәр тұқымының мөлшеріндей ғана болады. Кене адамның денесінде 12 күнге дейін жабысып тұра алады және осы уақыт ішінде диаметрі 2 см болатын шардың мөлшеріне дейін өседі.

Егер кене шағып алса, дереу дәрігерлерге медициналық көмекке жүгіну керек. Біріншіден, кенені толығымен өз бетінше алу мүмкін емес. Кененің басы жұлынып, жараның ішінде қалуы мүмкін. Екіншіден, ем-шара кезінде кенені ұсақтап алуыңыз мүмкін. Жәндіктің уы денеге тері арқылы да тарау қаупі жоғары. Тіпті, ем-шараны жүргізушіге жұғу қаупі бар. Үшіншіден, егер сіз кенені өзіңіз алып тастасаңыз, тексеру үшін маманға бару керек. Егер кене шағып алғаннан кейін дене температурасының жоғарылауы, ауырсыну, қатты бас ауруы байқалса, дереу дәрігермен кеңескен жөн. Өзін-өзі емдеудің салдары қайғылы жағдайға душар етуі мүмкін.

 

Д.ИСАЛИЕВ,
Шымкент қалалық №5 емхананың
отоларинголог дәрігері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.