Білім ордаларына, қоғамдық орындарға, көпқабатты тұрғынүйлерге бақылауды күшейту керек. Шаһар басшысы Ғ. Әбдірахымов қала мәжілісінде осылай деген еді.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Ж.Тәжиева аталған бөлімге қарасты 119 мектепке 1091 бейнебақылау камерасы орнатылғанын айтады. Оның 565-і ғимараттың ішінде болса, 416 бейнебақылау құрылғысы ғимараттың сыртында.
Қазіргі таңда бұл құрылғылардың 10-ы ескіріп, жарамсыз болып тұр. Алайда, көнерген камералар да жыл сайын жоспарға енгізіліп, жаңалануда. Бір мектепке орта есеппен 6-8 бейнекамера орнатылған.
– Қала бойынша мектептерге бейнебақылау алғаш рет 2012 жылы, екінші кезеңі 2015 жылы қойылды. Орнатылған бейнекамералар заман талабына сай және сапасы жақсы, – дейді Жанат Тәжиева.
Мектептерден бөлек, 2016 жылы барлық балабақшаларға бейнебақылау орнатылған. Оның ішінде 12 топтан жоғары балабақшаларға 16 нүктеден, 6 топтан жоғары балабақшаларға 9 нүктеден қойылған. Сонымен қатар, балабақшадағы жалпы бейнебақылау камераларының саны – 1238. Оның 918-і ғимараттың ішінде болса, 320 камера сыртында орналасқан.