Ақпарат саласының майталманы, қаламы жүйрік журналист Оралхан Дәуіт – шағын әңгіме жанрының нағыз шебері.
Оның бірнеше жылдар бойы республикалық басылымдарда, түрлі әлеуметтік желілерде жарияланған сан алуан тақырыптағы хикаяттары мен естеліктері үнемі оқырман қауымның ыстық ілтипатына бөленіп келеді.
Жуырда «Отырыр» ғылыми-әмбебап кітапханасында республикалық «Жас алаш» газеті бас редакторының орынбасары, журналист Оралхан Дәуіттің «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген «Ақ самаурын» кітабының тұсаукесер рәсіміне орай «Ақ самаурын – ақтарылған сыр» атты сұхбат кеші болып өтті.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, жазушылар мен журналистер, студенттер қатысты.
Жаңа кітаптың тұсауын ардагер журналист Қасымбек Нарбеков пен жазушы Момбек Әбдәкімұлы кесіп, кітап жайлы ой-пікірлерімен бөлісті.
Шара барысында журналистің үзеңгілес достары жарық көрген кітабы туралы пікірлерін ортаға салып, естеліктерін айтты. Кеш соңында ОҚЖП колледжінің студенттері ән шырқап, кітапхана қызметкерлері дайындаған слайд көрсетілді.