ДЕПУТАТТАР ЕЛ ІШІНДЕ Избранное

Среда, 10 Январь 2024 04:04 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 457 раз

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып келеді. ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарованың Шымкент қаласына жұмыс сапарында тұрғындардың ұсыныс-тілектеріне құлақ асып, оның шешімін ортақ талқылады. Сенаторлар алдымен қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері және ардагерлермен кездесті.

akimatt-1

 

Алқалы жиынды депутаттар Сенатта жаңадан қабылданған 28 заңның маңызы туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Сондай-ақ халық қалаулылары өткен жылдың үнемделген қаржысынан шаһардағы А2 айналма автожолы мен Ақжайық шағынауданының инфрақұрылым жүйесіне, салалық өнеркәсіптік құрылысқа қосымша ақша бөлінгенін жеткізді. Өз кезегінде депутаттар мен ардагерлер сот саласындағы кейбір заңдарды қайта қарау, табиғи газдың тарифтерін өзге өңірлермен теңестіру, шекарадағы өткізу пунктеріне қатысты заң нормаларына өзгеріс енгізу мәселесін көтерді. Сенат депутаттары жиында көтерген сауалдар мен ұсыныстар толықтай зерделенетіндігін жеткізді. Қалалық мәслихат депутаттарын осы бағыттағы кешенді шараларды іске асыру үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырды.
Мұнан кейін сенаторлар қала тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдауда азаматтар ипотекалық баспананың құнын төмендету, ерекше балаларға көмек көрсететін қоғамдық қорды қаржыландыру, мүгедектігі бар балаларды қажетті дәрі-дәрмекпен қамту, мектеп пен балабақшадағы күзет қызметіне төленетін жалақы көлемін арттыру мәселесін жеткізді. Сенаторлар тұрғындардың талап-тілегін назарда ұстайтынын атап өтті.
Тағы бір мәселе,Шымкентте автокөлік саны көбейіп, кептеліс орын алып келеді. Бұл қала тұрғындарының соңғы уақытта жиі айтатын шағымы. Ресми ақпаратқа сүйенсек, шаһарда тәулігіне Шымкент-Ташкент бағытында 32 мың, Шымкент-Түркістан бағытында 14 мыңнан астам және Шымкент-Алматы бағытында 15 мыңнан астам көлік қатынайды. Оның 17 мыңнан астамын ауыр жүк көліктері құрайды екен.
«Шымкент қаласының агломерациялық әлеуетін ескерсек, қалада тұрып жатқан халық саны ресми статистикадан да жоғары болуы мүмкін. Сол себепті мегаполистің транзиттік көлемін арттыру аса маңызды», – деді сенаторлар.
Депутаттар А2 айналма жолы құрылысы басында қаладағы магистралды және айналма жолдарды салудың маңызы, жолдардың сапасын жақсарту мәселесін сала басшыларымен талқылады. 8 кезеңнен тұратын құрылыстың алғашқы кезеңдері аяқталған. Алайда магистралды және транзиттік айналма жолдардың құрылыстарын толық аяқтауға 2024 жылға республикалық бюджеттен 10,2 млрд. теңгеге қажеттілік туындап отыр. Депутаттар бюджетті нақтылау барысында аталған мәселені тиісті ведомстволармен бірге пысықтайтынын жеткізді.
ҚР Сенаты депутаттары Ынтымақ шағынауданының тұрғындарымен де кездесті. 11 мыңнан аса халық тұратын елді мекенге ауыз су мен электр жарығы толық жеткізілген. Қазір бұл аумақта табиғи газбен қамту бойынша құрылыс жүріп жатыр. Пайдалануға беру мерзімі 2024 жылға жоспарланған. Бұл жоба үшін республикалық бюджеттен 2,8 млрд теңге қаржы қаралып, оның 1,6 млрд теңгесі осы жыл үшін бөлінген. Елді мекенде жол және кәріз жүйесіне қатысты мәселе бар. Халық саны жыл санап өсіп жатыр. Аудан әкімі Бұхарбай Парманов инфрақұрылымдық жүйелер кезең-кезеңімен тартылып, абоненттің өсу қарқынын да есепке алынып отырғанын айтады.
Тұрғындар сенаторларға ауыл шаруашылығы бағытындағы жер салығы, қаңғабас иттерге арналған питомник, жол құрылысы, цифрландыру, жерлерді мемлекет иелігіне алу жайындағы талап-тілегін жеткізді.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген және адам саудасының құрбаны болған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Іс-сапар барысында сенаторлар дағдарыс орталығында болып, қызмет алушылардың жағдайымен танысты.
–Бүгінде қоғамда тек әйелдер ғана емес, балалар мен ерлер де зорлық-зомбылық көріп жатыр. Парламентте қорлық көрген жандардың құқығын қорғау үшін арнайы заң қабылданды. Десе де, бұл мәселенің шешімі емес. Тұрмыстық зорлықты болдырмау үшін ең алдымен мектеп жасынан бастап тәрбиені қолға алуымыз керек. Елімізде әр бір тұлғаны құрметтеу мәдениеті қалыптаспай, қатал заң да тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын ала алмайды, – деді Парламент Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова.
Кездесу барысында қызмет алушылар да депутаттарға мұң-мұқтаждарын еркін жеткізіп, болашаққа деген үміттері арта түсті. Өткен жылы орталықтың қызметіне 600-ден астам азамат жүгініп, олардың тең жартысы жатын орынмен қамтылған. Пана тапқандардың 87-сі ана мен 200-ден астамы балалар.
Халық саны артып, қала аумағы кеңейген сайын төтенше жағдайлар департаментіне тиесілі 10 өрт сөндіру бөлімшесі аздық етіп жатыр. Осыған байланысты жуырда Шымкент қаласында жаңа өрт сөндіру депосы салынып, пайдалануға берілді. Жаңа депоның ғимараты бір гектардан астам аумаққа орналасқан. Ішінде оқу, тынығу бөлмелері, спорт және мәжіліс залдары, сондай-ақ өрт сөндірушілердің кәсіби біліктілігін шыңдауға арналған жаттығу мұнарасы бар. ҚР Парламенті Сенаты депутаттары Н.Бекназаров пен А.Қапбарова жаңа депоның жұмысымен танысты. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Еркін Отарғалымұлы сенаторларға ғимарат жайында толық мәлімет беріп, техникалық базасын көрсетті.
Депоны аралау кезінде өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Дархан Райханов сенаторларға құтқарушылардың бүгінгі мәртебесі мен әлеуметтік қамтылуы мәселесін айтты.
– Құтқарушылар кез келген апатты жағдайда азаматтардың өмірін аман алып қалуға, көмек көрсетуге дайын. Соған қарамастан құтқарушылар құқық қорғау органының қызметкерлері секілді әлеуметттік жеңілдіктерге ие емес. Жалақы мөлшері, тұрғын үймен қамту және зейнет жасында айырмашылықтар көп. Сіздерден Сенат мінберінде құтқарушыларды азаматтық қызметшілер санатынан азаматтық қорғаныс санатына өткізу мәселесін көтеруді сұраймыз, – деді Дархан Көбейұлы.
Сенаторлар бұл мәселе Үкіметте пысықталып жатқанын, азаматтық қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік жағынан қамтылуын мемлекет назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді.