Версия для печати

Еркiн Бұхарбаев: «Шымкентте көпқабатты үйлер көбейедi»

Пятница, 01 Апрель 2016 04:50 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5728 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қалалық құрылыс бөлiмiнiң басшысы:

Шымкенттің аумағы кеңейіп, қала жылдан жылға көркейіп келеді. Соңғы кездері зәулім үйлер мен ғимараттар көздің жауын алады. Әлеуметтік нысандар қатары артып отыр. Экономикалық дағдарысқа қарамастан, құрылыс саласында даму мен қарқын бар. Не атқарылды және алдағы жоспарлар қандай? Бұл туралы қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Еркін Құрманқұлұлы Бұхарбаевпен сұхбаттасқан едік.

d272b840-229f-41fb-aade-cf6f9bfbead7– Еркін Құрманқұлұлы, Шымкентте баспана мәселесі өзектілігін жойған емес. Қазіргі уақытта қалада қанша тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр?

– Өздеріңізге мәлім, бірнеше жылдан бері Шымкент қаласында тұрғын үй салу жұмыстары өте қарқынды. Үй кезегінде тұрған азаматтардың басым бөлігі баспанамен қамтылды. Негізгі құрылыс жұмыстары жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында және «Тұран» шағынауданының шығыс бөлігінде жүріп жатыр. Мәселен, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында өткен жылы 2699 пәтерді құрайтын 37 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы арқылы 15 үй тапсырылып, 1080 отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар, өткен жылдан биылға өтпелі 4 үй бар. Олар «Тұран» шағынауданында салынуда. Негізінен мемлекеттік қызметкерлердің уақытша тұруы үшін берілетін қызметтік және жас отбасыларға арналған үйлер. Биыл да 4 үйдің құрылысы басталатын болады. Қазіргі уақытта ол үйлерді салу үшін арнайы конкурс өтіп, жеңімпаздар анықталды. Осылайша, 8 үйдің құрылысы осы жылдың еншісіне тиіп отыр. Сондай-ақ, биыл жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 12 жалдамалы тұрғын үйдің құрылысын бастамақпыз.

– Өзіңіз айтып отырған үйлердің санатына тоқтала кетсеңіз. Шымкентте қай санаттағы тұрғын үйлерге басымдық берілген?

– Құрылыс нормасы және ережесі бойынша салынатын үйлердің санаты болады. Оларды 1,2,3 және 4 санаттар деп бөлеміз. Қазір біз мемлекеттік талаптарға сәйкес, 3 және 4 санаттарға басымдық берудеміз. Яғни, 3 санаттағы үйлердің шаршы метрі болады. Ал 4 санаттағы үйлердің пәтерлері шағын болып келеді. Мұндай үйлер бағдарлама бойынша кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Мәселен, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы 4 санаттағы үш бөлмелі пәтердің шаршы метрі 65-70 болса, ал үшінші санаттағы пәтердің шаршы метрі 85-87 шаршы метр. Пәтердің бөлмелері кішкентай деп кейбір азаматтар шағымдануда. Біз ештеңе өзгерте алмаймыз. Бұл – мемлекеттің тапсырысы. Қазір үй кезегінде 20 мың адам тұр. Олардың барлығын ертерек және барынша пәтермен қамтуымыз керек. Ал жағдайы бар азаматтар үлкен әрі жайлысын сатып-ақ алады.

– Қазір тұрғын үйлердің бір шаршы метрінің құны қанша?

– Кезінде тұрғын үй құрылысы үшін бөлінген қаржыны үнемдеу мақсатында бір шаршы метрге 80-100 мың теңге жұмсалсын деген талап қойылған еді. Осы ретте ақшаны жеткізу үшін арзан құрылыс материалдарын қолдандық. Ал қазір мұндай шектеуді алып тастады. Сондықтан қазір үй құрылысының жобасын жасаған кезде заманауи әрі сапалы құрылыс материалдарын қолдануға басымдық беріп жатырмыз. «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы салынатын үйлердің бір шаршы метрі 140 мың теңге, ал «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы арқылы салынатын пәтерлердің бір шаршы метрі 160 мың теңге. Үшінші санаттағы үйлердің бір шаршы метрі 158 мың теңге болса, ал төртінші санаттағы үйлердің бір шаршы метрі 147 мың теңгені құрады.

– Айтпақшы, құрылыс материалдарын қайдан әкелесіздер? Отандық өнім бе, әлде шетелдік компаниялармен жұмыс істейсіздер ме?

– Біз отандық құрылыс материалдарын қолданып жатырмыз. Облысымызда су және жылу құбырларын шығарумен айналысатын бір емес, бірнеше компания бар. Солармен жұмыс істеудеміз. Арматураны Ресейден сатып әкелеміз. Өйткені, біздегінің сапасы сын көтермейді. Жеделсаты мен сантехникалық жабдықтар да шетелден әкелінеді. Айта кетейін, бұған дейін конструкция жеңіл әрі арзан болу үшін тұрғын үйлерді салуда пеноблок пен газоблок қолданылатын. Қазір бұл құрылыс материалдарынан бас тарттық. Үйлердің қабырғасы бетоннан тұрғызылуда. Ол құрылысты тездетуге, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Қабырғаға қағылған шеге мықтап бекітіледі. Газоблок пен шлакоблоктың кемшін тұсы да осында. Оңтүстікте бетон шығаратын бірнеше фирма бар. Солардың құрылыс материалдарын кәдеге жаратып жатырмыз.

– «Нұрсәт» шағынауданындағы жаңа пәтерлер берілген кезде, кейбір үйлердің сапасы сын көтермеді. Тіпті, кемшіліктерді қалпына келтіретін мердігерлерді халық таппай қалған жағдайлар болды. Қазір құрылысшыларға қандай талаптар қойылады?

– Иә, кемшіліксіз болды деп айта алмаймын. Алғашында 2013 жылға дейін мердігерлерге берілетін кепілдік мерзімі 2 жыл еді. Қазір 5 жыл бойы құрылыс компаниясы өзі салған тұрғын үйлердегі кем-кетікті түзетуге міндетті. Сондықтан олар құрылысты сапалы жүргізуге барын салады. Бұрын облыстық құрылыс басқармасы мердігерлер арасында тендер өткізіп, оларды таңдайтын, ал біз тек құрылыс барысын ғана қадағалайтынбыз. Биылдан бастап тендерді өзіміз өткізіп, мердігерлердің материалдық- техникалық базасын жіті тексереміз. Бір кездері материалдық-техникалық базасы нашар мердігерлер де құрылысқа араласты. Соның салдарынан олқылықтар да орын алды.

001-14-640x408

– Шымкентте құрылысы уақытша тоқтатылған әлеуметтік нысандар бар ма?

– Қалада 15 әлеуметтік нысанның құрылысы уақытша тоқтатылды. Тұрғын-үйлер, мектептер мен балабақшалардың құрылысы жоспар бойынша жалғасуда. Үш ауысымда оқитын және апатты мектептерді жою үшін олардың құрылысына ақша кедергісіз бөлінді. Мәселен, №59 мектептің, «Достық» шағынауданында 1200 орынға арналған оқу ордасының құрылысына қаржы бөлінді. «Сәуле» шағынауданында да мектептің құрылысы басталды. №53, №54 мектептерде де құрылыс жүріп жатыр. Жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатқан кезде, теннис кортына қосымша алаң салу мәселесі де уақытша шешілмей тұр. Мәдениет нысандарына келер болсақ, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында өнер мектебі салынуы тиіс болатын. Әзірге тоқтатылып, келер жылдың еншісіне қалдырылды. Айта кетейін, биыл маусым айында облыстық көркем гимнастика мектебінің жанынан 1200 орынға арналған 3 қабатты жаңа мектеп салынады. Оны 2017 жылдың қыркүйек айында аяқтаймыз деген жоспар бар. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында балабақша мәселесі де шешімін табады. 300 орынға арналған мектепке дейінгі мекеменің құрылысы кәсіпкерлердің көмегімен басталады.
Келесі жылға 26 жобалық-сметалық құжаттар дайын. Қосымша 13 жоба дайындалу үстінде. Құрылыс үшін «Қазақстанның Ұлттық қоры», «Бәйтерек» Ұлттық Басқарушы Холдингі, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы қаржы бөлінуде. Облыстық бюджеттен де қаржы қаралуы мүмкін. Сондықтан, құрылыс тоқтап қалмайды, керісінше жалғасын табады. Келер жылға жоспарланған 26 жобаның 12-сі биыл салынса, қалғаны келесі жылы қолға алынады. 2017 жылы «Тұран» шағынауданында тұрғын үйлер салынады. Жайлы да заманауи үйлер салу үшін қала басшысы Ғабидолла
Әбдірахымов инвесторлар тарту мақсатында бірқатар келіссөздер жүргізді. Олардың арасында шетелдік инвесторлар да бар. Мәселен, ресейлік «Сити строй» компаниясы 2,3 санатты жайлылықтағы үйлерді салса, біз әлеуметтік баспананың құрылысын жалғастырамыз. Тұрғын үй салмас бұрын инфрақұрылымына мән берген жөн. Осыған орай, «Тұранда» инженерлік жүйелер мен жол құрылысына республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, биыл жұмыстар қолға алынды. Онда қазір бір тұрғын үйдің құрылысы басталып кетті.

– Болашақта «Тұран» шағынауданынан бой көтеретін «Шымкент-сити» заманауи тұрғын және іскерлік орталығы несімен ерекшеленетін болады?

– Шымкентте көпқабатты үйлер көп болуы тиіс. «Шымкент-сити» үлкен шағынаудан болмақ. Онда 25 қабатты үйлер салынады. Облыс әкімі Б. Атамқұлов пен қала басшысы Ғ. Әбдірахымов зәулім үйлердің көптеп салыну қажеттігін айтуда. Бұрынғыдай 5 қабатты емес, ең аз дегенде 9 қабатты тұрғын үйлер салынады. Одан бөлек, мешіт, балабақшалар, мектептер, емхана секілді өзге де көптеген нысандар бой көтереді. Жалпы, Шымкентте құрылыс саласы ерекше қарқынмен даму үстінде. Бұған Елбасымыз
Н. Назарбаев та ерекше мән беруде. Құрылыс болса, басқа да салалардың дамуына септігін тигізеді және жұмыс орындары көбейеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.