Версия для печати

Қарттардың тілегі – елдің береке-бірлігі

Пятница, 30 Сентябрь 2016 07:03 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 8179 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Қарты бар елдің, қазынасы бар» деген. Күншуақта отырған мұндағы қариялардың әңгімесі жарасып-ақ тұр. Елдің тыныштығы, ұрпақтарының амандығын тілеп, қауқылдасып отырған жайы. Өткен күніне шүкіршілігі мол. Бейнетінің зейнетін көрген тәубешіл қариялар өңірдің түкпір-түкпірінен келген. Тілектері де, ниеттері де бір. Қазір мекемеде демалып жатқан 200 ардагер төл мерекелерін асыға күтіп жүр.

DSC02157

«Тыныштықтан артық бақыт та, байлық та жоқ»

Облыстық «Ардагерлер үйі» мемлекеттік коммуналдық мекемесі – қарттарды қамқорлығына алған бірден-бір мекеме. Мереке қарсаңындағы әдеттегідей қарбалас. Мекеменің директоры Әлкен Абдуллаев іс-шараға дайындық жұмыстарының басы-қасында жүр. Концерттік бағдарлама өтпек.
Бізді мекеменің қазіргі тыныс-тірішілігімен директордың орынбасары Ғалия Махамбетова таныстырып шықты. Бүгінде мекемеде 200 ардагер ем қабылдап жатыр. Оның 4-і Ұлы Отан соғысының ардагері.

DSC02135

– Мекеме бір жылда 20 ардагерлер легін қабылдайды. Ардагерлер 15 күн демалады. Бәрі де ауданнан, қаладан жолдамамен келеді. Мемлекеттік мекеме болғандықтан бәрі тегін. Ең бірінші Ұлы отан соғысының ардагерлеріне басымдық беріледі. Одан кейін тыл ардагерлері, Батыр аналар, күміс алқа иегерлері, Ауған соғысына қатысушыларды қабылдаймыз. Аудан-қалалардағы тиісті мекемелер қадағалап, кезекпен жіберіп отырады. Ұжымның басты мақсаты – ата-әжелерді жақсы көңіл күймен күтіп алып, шығарып салу. Жыл сайын 4 мың адам демалып қайтады, – дейді директордың орынбасары.

DSC02146

Мұнда келушілерге барлық жағдай жасалған. Төрт мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Емдік-сауықтыру шараларының барлық түрі көрсетіледі.
Барлық ұлттың өкілдерін кездестіруге болады. Облыста қандай ұлт болса, бәрі де ем алып кетеді. Негізінен, келушілердің басым бөлігі әжелер екен.
Қарттардың көңіл күйі жақсы. Бөлмелерді аралап көрдік. Бірі тастаяқ ойнап, бірі шахматтың қызығына кірген. Шығармашыл қарттар көп-ақ. Бір бөлмеде ардагер газет-журнал тігінділерін ақтарып жатыр. Домбыра тартып, ән айтатындары да бар. Кейбірі әңгіме жазуға әуес. Жалпы, ардагерлер он бес күн бойы түрлі іс-шаралардың куәсі болады.
Мерекеге орай, мәдениет басқармасының қолдауымен өнерпаздар концерт қоймақ. Мерекелік дастархан жайылады. Әдет-ғұрып салт-дәстүр орталығының өз тартуы бар.

DSC02151

Мекеменің алдында, сыртта төрт ардагер қауқылдасып отыр. Олар – Шымкент қаласының тұрғыны Тілеуімбет Қожаназаров, Мүтәлхан Қалыбаев және Бәйдібек ауданынан келген Балабек Мырзабеков пен сарыағаштық Сүлеймен Шәменов. Тілеуімбет Қожаназаров 1925 жылы туған, Ұлы отан соғысына қатысқан ардагер. «Мемлекетіміз еңбегімізді бағалап, осындай қамқорлық көрсетіп жатқанына мың да бір рақмет. Қызмет етіп жүрген жастарға ризамын, айналайын. Басшының өзі де жібі түзу жігіт екен. Мен мұнда ашылғалы бері келіп тұрамын. Украина, Польша, Беларуссиядағы майдандарда болдым. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», – дейді ардагер. 1922 жылы дүниеге келген Сүлеймен Шәменов те Ұлы Отан соғысының ардагері. 1942 жылы соғысқа аттанған. Небір зұлмат оқиғалардың куәгері. Жас еліміз үшін тыныштықтан асқан бақыт та, байлық та жоқ. Ол кісінің де айтары осы. Аузы дуалы ақсақалдың батасын алдық.
Қариясын қадірлеген халықпыз. Оларды қадірлеу – ертеңгі ұрпағыңды дұрыс тәрбиелеудің бірден-бір жолы ғой.

Қоғамдағы кеселдермен күресуші

DSC02119

Қаламыздың тұрғыны Мыңжасар Асқаровты көпшілік біледі. Созақ ауданының Құрметті азаматы, қалалық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері. Қоғамдағы теріс жағдайларға қасқайып қарсы тұрып, батыл бастама көтеріп жүрген бірден-бір ардагер. Ардагерді бүгінде жастар тәрбиесі ойландырады. Өзі тұратын 8 шағын ауданда үш-төрт жылдан бері пәтерін жалға берушілермен күресіп келеді. Үлес қосуымен сәл де болсын жағдайдың беті бері қараған жайы бар. Ақыры тәртіп орнатты.

DSC02125Бүгінге дейін он кітап жазды. Оның төртеуі – поэзияға арналған. Екеуі прозалық. Үш кітабы – ұрпақ тәрбиесі, ұлт тағдыры жайында. Одан кейін «Менің елім Қазақстаным», «Ұлы дала – мәңгілік ел», «Ынтымақ, бірлік, келісім» тақырыбында кітаптары жарыққа шыққан. Көпшілігі ұрпақ тәрбиесі жөнінде. Жылдың аяғына дейін тағы бір еңбегі оқырманға ұсынбақ.
Ардагерлеріміз ардақты атқа лайық болып жүр ме? Қазіргі қоғамда қарттар қандай болу керек? Бұл – қоғамдағы өзекті мәселе. «Қарттарымыз бірінші кезекте саналы, дуалы ауыз болу керек», – деп бастады ол әңгімесін. Кім өзінің ұрпағын жаман болғанды қалайды дейсіз?! «Үлкен ізет білдірмесе, кіші сәлем бермейді» деген сөз бар. Қазіргі жаһандану кезеңінде әрбір ұлт өзінің ұлттық құндылықтарын сақтап қалу керек. Міне, осы мәселеге ең бірінші мән беретіндер біз. Әрбір ардагер өзіне жараса сөз айтып, жинындарда көпшілікті уағызымен ұйыта алса, ұрпағымыз ұлағатты болады.
Сонда ғана біз алпауыт елдердің қатарында тұра аламыз.
Қазыналы қарт 72-ге келді. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. 20-дан аса немересі бар. Күнде кешкі «рейдке» шығуды әдетке айналдырған. Бәрі де өзі тұрған ауданның тыныштығы, тазалығы үшін. Әңгімеміз аяқталуға таяғанда Абай ауданы бойынша учаскелік аға инспектор Александр Меньшиков та келді. Екеуі бірлесе бүгін де тәртіпті қадағалауға шығып барады.

434 82c12360888dd5094486a1bfb9415065Жетпістен асқан жанартау

Бүгінде Орталық саябақтың көркеюіне үлес қосып жүрген Тәліпбек Әлжановтың да әрекеті көпке үлгі. 74 жасқа келсе де әлі қимылы ширақ. Пауэрлифтингтен Азия чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, әлем біріншілігінің жүлдегері. Жұмысымен қатар, жаттығуға да мән береді. Тәліпбек ақсақал 90-шы жылдан бері осы спорт түрімен шұғылданады.
Қазан айының 13 күні Ташкентте Азия чемпионаты басталады. Қазір сол байрақты додаға дайындалып жүр. 66 келіде күшін байқап қайтпақ. Былтыр Алматыда өткен ашық Азия чемпионатынан жеңіспен оралған еді.
– Аптаның үш күнінде ауыр салмақтарды көтеріп, жаттығамын. Бүгінде 85-90 келіні еңсеріп жүрмін. Бұл – өте жақсы нәтиже. Әліге дейін апталық режимді бұзбай, бір ырғақпен келе жатырмыз. Ташкентке әйгілі жапон қариясы да келуі тиіс. Соның әлеуетін байқауды асыға күтіп жүрмін, – дейді ол жеңіспен оралатынына сендіріп.
Білсеңіз, темір көтеруге құмартқан еліміздегі жалғыз қазақтың қариясы осы кісі.

Әлеуметтік қолдау артпақ

Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбайдың айтуынша, қаламызда 70 мыңға жуық қарт бар. Оның 7 мыңы тыл ардагері болса, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жалпы саны – 130-дан асады. Оның ішінде 39-ы өздігінен жүріп тұра алады. 35-і төсек тартып жатқандар. 69-ы үй ішінде жүре алатын ардагерлер. Олардың көпшілігінің әлеуметтік картасын жасау қолға алынған. Әлеуметтік карта – ардагерлердің хабарын алып, жәрдем керек болса соны ұйымдастыру үшін керек. Былайша айтқанда, ол – зейнеткердің айнасы.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 106 бастауыш ұйымы бар. Оларға қойылар бірінші талап та – алдымен өз аумағыңдағы зейнеткерлерді есепке алу. Зейнеткерлердің ешқайсысы тыс қалмау керек.

 

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.