Халықтың талап-тілегі ескеріліп, Шұғыла шағынауданының Жаңақоныс көшесіндегі 0,80 га бос жатқан жерге биыл гүлзар салынбақ. Жобаға сәйкес
4 мың шаршы метрге шым төселіп, ашық спорт алаңшасы орнатылады. Сондай-ақ, демалыс алаңына жаттығу құралдарын, орындықтар мен шағын сәулет нысандарын орнату қарастырылған.
Қала әкімі Елшібек батыр көшесінің тұрғындарымен кездесуде де 3210 шаршы метр жер теліміне салынатын гүлзар жобасын бірге талқылады. Былтыр аталған аумаққа шым төселген. Биыл демалыс аймағына жаттығу алаңшасы, веложол, ауыз су бұрқақтары, фотоаймақ, әткеншектер мен орындықтар орнатылады.
Қала әкімі аудан басшыларына гүлзарларды «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында салып, мерзімінде пайдалануға беруді міндеттеді.
Қаланы аралау барысында Ғ.Сыздықбеков Қайтпас-1
шағынауданындағы автодромға да барды. Осыған дейін мұнда жарыс жолы салынған. Жобаны талқылау барысында Ғабит Әбдімәжитұлы жер учаскесін жалға алған кәсіпкермен кездесіп, халыққа жайлы орта қалыптастыру мақсатында абаттандыру жоспарын пысықтады. Картинг жасау және атқа мініп серуендейтін арнайы жол салып, аумақты заман талабына сай демалыс орнына айналдыру бойынша тапсырма берді.