Шымкент қаласының тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығы, көріктендіру секторының бас маманы Жандос Оспановтың айтуынша, 2017 жылы қала аумағындағы көшелер бойына және саябақтар мен гүлзарларға 49 800 дана ағаш көшеттері отырғызылады. 12 850 м 2 алаңға 350 мың данаға жуық жаздық гүлдер егіледі. Ал 42 600 м2 раушан гүлдеріне күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ егілген ағаш көшеттері органикалық тыңайтқыштармен өңделеді. Қазіргі таңда 328 мың дана егілген қызғалдақ қалалықтарды әсемдігімен қуантуда.
Биыл қала көшелерін абаттандыру жұмыстарын үш мердігер компания атқаруда. Олар –«ЛТД-Тұрмыс» ЖШС, «Бәйтерек ЛБ» ЖШС және «Жасыл қала» ЖШС.
– Гүлді өсіру оңай емес. Жасыл желекке де бап керек. Әрбір өсімдіктің өзіндік ерекшеліктері бар. Қазір гүлдеп жатқан қызғалдақтар біздің еңбегіміздің жемісі. Мұнда қаншама адамның шеберлігі мен қол еңбегі жатыр, – дейді ЛТД Тұрмыс ЖШС-нің көркейту көгалдандыру бөлімінің жұмысшылары.
Тұрғындар қала көркіне ерекше көңіл бөлініп жатқанына риза. Олардың қала басшылығына айтар алғысы шексіз. Түрлі түсті гүлдермен әсемделген қала саябақтары шымкенттіктердің сүйікті демалыс орнына айналып отыр. Айта кету керек, биыл 34 га жер теліміндегі бұрынғы қоқыс полигонына жаңа саябақ жұмыстарының бірінші кезеңі басталды. «Қуат құрылыс» мердігер мекемесі өздеріне жүктелген жұмысты тиянақты атқаруда. Сондай-ақ «Наурыз» саябағында қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Күрделі жөндеуден өткен саябақ биыл маусым айында пайдалануға беріледі.