Версия для печати

Елдімекен көшелеріне тас төселеді Избранное

Среда, 26 Сентябрь 2018 05:06 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3561 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қаласы әкімдігінің жаңа ғимаратында мәслихаттың кезектен тыс XXXVII сессиясы өтті. Жиынға қатысқан шаһар басшысы  Ғ.Әбдірахымов құрылыс саласында жеке кәсіпкерлігі бар депутаттарды жаңа мектеп жобасына атсалысуға шақырды.

 DSC6403

Жаңа ғимаратта алғаш рет бас қосқан мәслихат отырысына Ерлан Омаров төрағалық етіп, күн тәртібінде қаралатын бірқатар мәселені ортаға салды. Бірінші кезекте республикалық маңызға ие болған Шымкент қаласының 2018-2020 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізу жайы қаралды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Г.Құрманбекова баяндама жасап, республикалық бюджеттен қарастырылатын қаражаттың жұмсалу жоспарын таныстырды.
– Депутаттық сауалға сәйкес, жергілікті бюджетке де өзгерістер енгізіліп, қаражаттың негізгі бөлігі облыс меншігінен қабылданған 99 мекемені ұстауға, әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарын субсидиялауға, жаңадан ашылған «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқармасын қалыптастыруға, қала ішіндегі жолдар мен жылу жүйесінің ағымдағы жөндеуіне, сондай-ақ, қала шетіндегі шағынаудан көшелеріне тас төсеуге қаралып отыр, – деді Гүлжан Мамытқызы.
Қала мәслихатының депутаттары аталған өзгерістерді бір ауыздан қолдады.
Сессия барысында қайта құрылған қалалық ішкі істер басқармасын қаржыландыруға қосымша 215 млн теңге қаржы бөлу мақұлданды.
Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласының мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 10 жоба іске асуы тиіс болған-ды. Депутаттар Шымкент шаһарының жаңа мәртебе алуына байланысты бұл жобаларды қалаға енгізу туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ қала əкімдігі жанынан құрылатын бірнеше комиссияның құрамы бекітілді.
Сессия соңында қала әкімі Ғ.Əбдірахымов сөз алып, мəслихат сессиясы əкімдіктің жаңа ғимаратында алғаш рет өтіп отырғанын еске салып жиынға қатысушыларды құттықтады.
– Бұл ғимаратта халқымыздың әлеуметтік жағдайын көтеретін адал шешімдер қабылданады деп сенемін және солай болуын тілеймін. Біз бұған дейін де көптеген жұмыстарды атқардық. Дегенмен алдағы мақсат пен міндеттеріміз кешегіден де маңызды, жауапты. Шымкент қаласы мəслихатының кезектен тыс XXXVII сессиясында қаланың дамуына үлкен серпін беретін мәселелер қаралды. Енді «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқармасының жұмысы жолға қойылады. Сонымен қатар, қалада талай жылдан бері өзекті болып отырған маршруттардың мәселесі оң шешімін табады, – деді Ғабидолла Рахматоллұлы. – Қала мәслихатының шешіміне сәйкес енді шеткі елдімекендерден орталыққа қатынайтын әлеуметтік маршруттар субсидия есебінен қаржыландырылады. Биыл қалаға 300 автобус алу туралы келісім жасадық. Ал келесі жылы тағы 700 автобус алуға қала мәслихатының шешімімен қол жеткіздік. 
Қала әкімінің айтуынша, қазіргі таңда қалада жүрген 1000 автобусқа тағы жаңа 1000 автобус қосылады. Таяуда ғана шаһардың шеткі елдімекендерінен орталығына қатынайтын 10 жаңа бағыттағы маршруттар ашылғаны белгілі. Енді автобустар саны көбейсе, қоғамдық көлікке қатысты бірқатар мәселенің оң нәтижесін көретін күн де алыс емес.
Қала әкімі республикалық маңызы бар шаһардың әкімшілік-мемлекеттік қызметкерлері қазан айынан бастап жаңа жалақы жүйесіне көшетінін мәлімдеді.
– Келесі жылдан бастап қала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полиция қызметкерлерінің жалақысын көтеруді де жоспарлап отырмыз. Бұл да Шымкент тұрғындарына жайлы жағдай жасауға қызмет ететін сала мамандарын, құқық қорғаушыларды қолдау мақсатында жүзеге асады, – деді қала әкімі.

Жаңа 12 мектеп және Д.Қонаев гүлзары

Шаһар басшысы үш ауысымдық мектепке байланысты тағы бір өзекті мәселені қозғады. Жаңа 2018-2019 оқу жылының 1 сыныбына 24 мың оқушы қабылданған. Демографиялық өсімнің тұрақты дамуына орай Шымкентте 20 мың орындық мектеп қажет екендігін айтты.
– Қаладағы үш ауысымда оқу жүйесін толығымен жабу үшін бізге тағы 12 жаңа мектеп керек. Қазір бұл қажеттілікке байланысты 10 мектепке республикалық бюджеттен қаржы қаралуда. Ал 2 мектеп құрылысын қала бюджетінен қаржыландыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, қаладағы 30 мектептің жанына қосымша ғимарат салу жобасына кәсіпкерлермен келліссөздер жүргіземіз. Бұл жобаға қала мәслихатының депутаттары қатарындағы кәсіпкерлерді де шақырамын, – деді
Ғ.Әбдірахымов.
Сөз соңында қала әкімі қаржыландырудың түрлі бағытын дамыту маңызына тоқталды.
– Қаржыландыру көзін тек бюджеттен күтіп отырмай, инвестициялық жобаларды дамытуға және қала бюджетіне түсетін кіріс көзін арттыруға болады. Шымкенттің қазіргі таңдағы кірісі 80 млрд теңгені құраса, оны екі есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Салық органдары мен құқық қорғаушылар бірқатар бизнесті көлеңкеден шығаруда бізбен бірге жұмыс істейді деп сенемін, – деді шаһар басшысы.
Сессияны қорытындылаған қала әкімі Ғ.Әбдірахымов Д.Қонаев атындағы даңғылдың құрылысы жалғасатынын айтып, түрлі бастамалар мен ұсыныстарға қолдау білдіргендері үшін мәслихат депутаттарына алғысын білдірді.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.