Версия для печати

Ұядай көшенің үйдей проблемасы Избранное

Пятница, 19 Октябрь 2018 03:50 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4290 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елдімекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы...
...Экологиялық ахуалды жақсарту, соның ішінде зиянды заттардың таралуы, топырақтың, жердің, ауаның жағдайы, қалдықтарды жою, сондай-ақ онлайн түрінде еркін қолжетімді экологиялық мониторинг жүргізу жүйесін дамыту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет».

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың
2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан
халқына Жолдауынан үзінді

Шымкент қаласының аумағына Төле би ауданынан енген Тоғыс елдімекеніне қарасты көше бар. Бұған дейін «Нефтеразведка» деп аталған көше бойында көпқабатты 24 тұрғын үй тұр. Айналдырған 24 үйдің үшеуі 5, алтауы 3 қабатты, қалған 15-і түгел 2 қабатты үйлердегі пәтер саны – 447. Тұрғындарының саны 2000-нан сәл ғана асатын көшеде қордаланған мәселе жетерлік.

2000 адам баспалдақ орнатуды сұрайды

DSC 7203

Үлкен шаһардың бір бөлшегіне айналған Мұнай барлаушылар көшесі жаңартуды қажет етеді. Жергілікті тұрғындардың бірі балалардың ойын алаңшасын салып беруді сұраса, екіншісі шатырды жаңалап беруді өтінеді. Тағы бірі жарықтандыру қажеттігін алға тартып, келесісі тазалық тақырыбын қозғайды. Мұнда автокөлік жолдары мен жаяу жүргіншілердің аяқжолдарына қажеттілік те басым. Ал ауызсу, жылу құбырларына байланысты халық арызы да аз емес.
«Жиналыс, отырысты қысқарту керек!» деген Мемлекет басшысының сөзін негізге алған Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ілиясов халық арызын Тоғыс тұрғын алабына барып тыңдады. Айтылған әрбір мәселені көзбен көріп танысты. Көшпелі жиынға Шымкент қалалық мәслихатына осы аумақтан сайланған депутат Марат Тамабаев және Қазығұрт аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Данай Шуылдақ қатысып, жергілікті тұрғындармен жүздесті.
Мұнай барлаушылар көшесінің биі Талиба Бурковецкая «Смола» аялдамасына шығатын баспалдақты жаңартып беруді өтінді.
– Мұнай барлаушылар көшесінің әбден мүжіліп, тозығы жеткен баспалдағымен 2000-нан астам адам жолға шығады. Жазда баспалдақтың төгіліп жатқан тасы мен бетонынан жалаңаштанған арматураға сүрініп шалынамыз. Ал қыстың күні мұз қатқанда тайып жығылып, аяғы майып болғандар көп. Жасы үлкендер мұндай жарақаттан кейін оңай жазылмайды. Түнгі уақытта бұл маңда жарық жоқ, зуылдаған көлік. Жолдан асыға өтіп, домалап түскендей боламыз, – деген көше биінің сөзін үй төрайымдары қоштады.
Ғ.Ілиясов жол жиегінен тіке құлдилайтын баспалдақты Солтүстік, Күншығыс шағынаудандарындағы баспалдақ үлгісімен жасауға ұсыныс беретінін айтты. Ал М.Тамабаев «Смола» аялдамасы мен осы баспалдақ маңын жарықтандыру үшін күн көзінен қуат алатын батарея орнатуды қолдайтынын айтты.
– Егер жоғары сапалысын орнатуға қаржы қарастырсақ, осы тұсты жарықтандыруға бір батареяның қуаты жетеді, – дейді депутат.

«Сиырды қалай тәртіпке шақырамыз?»

Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов айтқан қала көшелеріндегі үй жануарлары мен төрт түлік малдың көпқабатты тұрғын үйлердің арасында жайылып жүруі мұнда да сөз болды.
– Біздің аулаларда қоқыс контейнері жоқ. Қап-қапқа салып, қоқысты жинап алып кеткенше айналамызды жинап отырамыз. Бірақ сол жиналған қалдықты қараусыз жүрген сиырлар келіп шашып тастайды. Айналаны ластап үлгеретін малды ары-бері қуғаннан жағдай өзгермейді. Сиырды қалай тәртіпке шақырамыз? Алайда, солардың иесіне тәртіптік шара қаралса, жауапкершілікті сезінер еді, – деп шағымданды Алексей Мутиев.

Ортақ мүлікті бірге басқару қажет

Осы тұста 33/1 үйдің 1-ші қабатында тұратын Нұралы Сейітов көлік түтінінен мезі болғанын айтып, ауланы қоршап алуға рұқсат сұраса, көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттағы тұрғындары шатырдан аққан су жыл сайын әуреге салатынын айтады.
– Жыл сайын шатырды жамаймыз. Бірақ, ол көмектеспейді. 30-40 жыл болған ескі үйлердің шатырын ауыстыру қажет. Төменгі қабаттағылар «шатырдың бізге қатысы жоқ» деп алаңдамайды, – дейді тұрғындар.
Аудан әкімі қала аумағына енген елдімекендердің тұрмыс жағдайын жақсарту, инфрақұрылымдық жүйенің әлеуметтік қауіпсіздігін арттыру үшін кондоминиум құрудың маңызын түсіндірді.
– ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 32-бабы 1-тармағына орай, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы заңнамасына сәйкес кондоминиум объектісі аумақтық әділет органдарында, жылжымайтын мүліктің орналасқан жерінде мемлекеттік тіркеуден өтуге тиіс. Кондоминиум, яғни «бірге басқару» жүйесіне көшу – бүгінгі күннің басты талабы. Кез келген жөндеу, қайта құру, тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту, бір үйде шоғырланған бірнеше пәтердің құбырын ауыстыру сынды жұмыстардың барлығы бүгінде осы ортақ басқаруды растайтын құжат негізінде жүзеге асады, – деді Ғ.Ілиясов.
Ортақ мүлікті бірге басқару. Соңғы кездері бұл құжаттың маңызы зор. Ортақ басқаруды растайтын кондоминиум құрылса, тұрғын үйді күтіп ұстау, сервистік қызмет, техникалық жұмыстар әр пәтерді жекелемей-ақ тұтас бір үйге бағытталады. Мәселен, үйдің төбесінен су тамшылап тұрса, ақаудың қай тұста, қай пәтерде екенін анықтау үшін маман әр үймен жеке келісіп, жұмысына бөлек-бөлек ақы алады. Көршіңіз келіспеген жағдайда, бірнеше рет жөндегенімен сол су қайта тамшылап тұруы әбден мүмкін. Ал кондоминиум объектісіне айналған жағдайда бір сервистік қызмет көрсететін маман немесе ұжым 1 үйдегі барлық пәтерге толық жауапты.
Ортақ мүлікті заңдастырған жағдайда көпқабатты үйдің аумағына қарасты жер телімі де бекітіледі. Ол тұсқа сол үйдің тұрғындары бірігіп гүл егуі, көлік тұрағын жасауы, балалар ойын алаңшасын салуы әбден мүмкін.

Экологиялық сауалдың шешімі...

DSC 7298

Мұнай барлаушылар көшесіндегі көпқабатты үйлердің кәріз жүйесі істен шығып, тозығы жеткені соншалықты, Бадам өзеніне құятын кәріз қалдығы экологиялық мәселеге айналып кеткен-ді. Қолқаны қабатын қолаңса иіс қайдан шығады? Ол туралы Шымкент қаласы мәслихатының депутаты М.Тамабаев түсіндіріп өтті.
– №21 округ сайлаушыларымен алғашқы кездесуде-ақ мұндағы кәріз жүйесінің істен шыққаны туралы естідім. Кәрізден шыққан жағымсыз иіс бүкіл Тоғыс тұрғын алабына тарап, шағым одан сайын үдеді. Сайлаушылармен әр жолғы кездесуде осы сұрақ көтеріледі. Себебі, бұл тек жергілікті тұрғындардың арызы емес. Кәрізден шыққан бүкіл қалдық еш кедергісіз Бадам өзеніне төгіліп жатады. Ал қаланы қиып өтіп Арыс өзеніне қосылатын Бадамның қалаға дейінгі жағалауында бірнеше демалыс аймағы орналасқан. Онда халық шомылып жатыр, басқа да қажеттілікке жаратып, тұтынуда. Ендеше, Мұнай барлаушылар көшесіндегі кәріз жүйесінен Бадамға құйылған қалдықтан табиғи ортаға қаншалықты қауіп барын таразылай беріңіз. Ішек-құрт инфекциясы, тері аурулары осындай экологиялық ахуалдан соң орын алады. Табиғат ластануда. Жергілікті тұрғындардың арыз айтып, ашынуы өте орынды. Сайлаушылардың арыз-шағымын негізге ала отырып, депутаттық сауал тастап, ұсыныс жолдадық. Нәтижесінде бір оңды іс қолға алынды, – дейді Марат Сәрсекұлы.
– Тоғыс тұрғын алабындағы көпқабатты үйлердің кәріз жүйесіне байланысты мәселе біраздан бері өзекті тақырыпқа айналған-ды. Мұндағы жағдайды білген қала басшысы
Ғабидолла Рахматоллаұлы ұсынысымызды бірден қолдады, – деген Еңбекші ауданының әкімі Ғ.Ілиясов бізді Мұнай барлаушылар көшесіндегі кәріз жүйесінің құрылысына бастап барды. – Кәріз жүйесінің құрылысына 226,2 млн теңге қаржы бөлініп, жоба аясында 470 абонентті қамту көзделген. Мұнай барлаушылар көшесіндегі кәріз жүйесінің құрылысын бүгінде «Торлан құрылыс» ЖШС жүргізуде. 2017 жылдың қазанында басталған жұмыс биыл 30 қарашада аяқталуы тиіс.
Жұмысшылар қазірдің өзінде көпқабатты 19 үйді кәріз жүйесіне қосып үлгеріпті.

DSC 7220

– 19 үйден шыққан қалдық су тазарту бекетіне жиналады. Диаметрі 2400 метрлік жерасты кәріз бөшкесінің жалпы сыйымдылығы 500 текше. Осында жиналған су қатты қалдықтардан тазартылып, 4 түрлі әдіспен өңделеді. Содан соң сүзгіден өткен су үш кедергі арқылы әбден тазарып, ультракүлгін сәулеге жетеді. Бактерияларды жою процесі аяқталған соң ғана суды өзен арнасына қосамыз, – дейді шебер-бригадир Бекболат Төлепбергенов.
Осылайша, экологиялық сауал шешімін тапты. Соңғы технологиямен жабдықталған Тоғыс кәріз суын тазарту бекеті жыл соңына қарай пайдалануға берілмек. Мұндағы жұмысшылар саны 10 адамнан аспайды. Сөйтсе де, бұған дейін қала билігі мен жергілікті халықты алаңдатқан өзекті мәселемен техника тілін меңгерген осы 10 маман айналыспақ.

Последнее изменение Пятница, 19 Октябрь 2018 09:29
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.