Версия для печати

SHYMKENT болашақтың қаласы Избранное

Пятница, 28 Декабрь 2018 04:54 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3104 раз
Оцените материал
(0 голосов)

2018   жылы Шымкент қаласы халқының саны миллионнан асып, Елбасы жарлығымен республикалық маңызы бар ірі қаланың үштігін құрады. 19 маусымнан бастап мегаполисте ауқымды жобалар бойынша қарқынды жұмыстар басталды. Олардың бірқатары 2019 жылы Шымқалаға едәуір өзгерістер алып келмек. Сонымен...

әуежай 2019

Мегаполистің ауқымды жобалары

Тамыз айында жұмыс сапарымен Шымкент қаласына Үкімет басшысы келді. Сол жолы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов 2018-2019 жылдары іске асырылатын ірі жобаларды таныстырды. Ал қазан айында Шымқалаға ат басын бұрған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өңірдің инвестициялар, технологиялар және интеллектуалдық ресурстар тарту орталығы болуы үшін барлық қажетті жағдайлары мен әлеуеті бар екенін атап өткен болатын.
Мегаполис мәртебесін алғалы шаһарда ауыз толтырып айтатын жаңалықтардың бірі – Шымкент мұнай өңдеу зауыты жаңғырту және қайта құру жұмыстарынан кейін қайта іске қосылды. RFCC каталитикалық крекинг қондырғысы жылына қуаттылығы 2 млн тонна шикізат өндіреді. Бұл жоспар UOP американдық компаниясының технологиясымен жүзеге асырылды. Сондай-ақ, «Тассай» индустриалды аймағында «Asia Trafo» трансформатор зауыты іске қосылды. Енді инновациялық кәсіпорында қуаттылығы 220, 500 КВ болатын жоғары кернеулі трансформаторлар өндірілетін болады.
2019 жылы «Тассай» индустриалды және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтарында тағы 2000-ға жуық бос жұмыс орны бар 10-нан астам өндіріс орнын ашу жоспарлануда. Шымкентте агро-өнеркәсіпті дамытуға бағытталған агро-индустриалдық аймағын құру жоспары да бар. Үкімет басшысы танысып, қолдаған жоба аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, көкөніс сақтайтын қоймалар ашу, сауда-логистикалық орталығын құру, автовокзал және қонақ үй орналастыру жұмыстары қамтылған.
Үшінші мегаполисте алғаш рет өткен халықаралық инвестициялық форумы аясында түзілген меморандумдар аясында Шымкентте келесі жылдан бастап бірнеше жоба жүзеге асырыла бастайды. 2019 жылы көптеген жобаны шетелдік және отандық ірі компаниялар қаржыландыратын болды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Шымкент қаласына келген сапарында шаһарды бұдан әрі дамытудың ірі жобаларымен танысып, толығымен қолдады. Сол жобалардың қатарында теміржол вокзалын қайта құру, Шымкент әуежайына жаңа терминал салу, Д.Қонаев даңғылының жалғасы және А-2 автожолын қайта құру бар. Төртінші ірі жоба – АГРС-3 құрылысы. Қала аумағы кеңейіп, газ тапшылығы байқалған-ды. Осыған байланысты шаһардың солтүстік бөлігін тұтас көгілдір отынмен қамтитын АГРС салу қажеттігі туындаған. АГРС-3 құрылысын 2019 жылы бастау жоспарланды.

Транзиттік жобалар

ЖД вокзал 2019

Шымкент әуежайында жаңа терминал салу жобасының жалпы құны 18,17 млрд теңгені құрап отыр. Оның 17,5 млрд теңгесін (50 млн АҚШ доллары) «СКАТ» әуекомпаниясы қаржыландырады. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов пен «СКАТ» әуекомпаниясы» АҚ төрағасы Владимир Денисовпен меморандум түзілгенде белгілі болды. Ескі терминал сағатына 200 жолаушыны өткізсе, жаңа терминал бұдан 10 есе артық жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, қазір 14 елге әуе рейсі бар Шымкент әуежайы жаңа терминал құрылысы аяқталғаннан кейін 50 елге әуе жолын салмақшы. Жоба 4 кезеңді қамтиды. Қазір 3 қабаттан тұратын терминал үшін 2,8 гектар жер бөлінді, құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталады.
Шымкент теміржол вокзалын қайта құру жобасы еліміздің транзиттік жолын қайта жаңғыртумен қатар Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент шаһарымен іскерлік байланысты нығайтып, туризмді дамыту мақсатын да көздейді. Егер «Шымкент-Ташкент» бағытындағы теміржол бағыты ашылса, екі қала арасындағы шойынжолмен жету уақыты небәрі жарты сағатты құрайды деп күтілуде.
Шымкенттегі ірі транзиттік жобалар қатарында А2 айналма жолы мен Д.Қонаев даңғылының жалғасы бар. Бұл жолдардың жобалық-сметалық құжаттары дайын. Қаржы мәселесі де шешімін тауып, әзірге I кезеңнің жұмыстары басталды.

Баспана – басты назарда

Шымкенттегі болашақтың қалашығы аталып кеткен «Шымкент СИТИ» жаңа іскерлік және тұрғын үй кешенінде «BAZIS-A», «BI Group» (5 га), «Отау Строй» (14 га) компанияларымен қатар, оңтүстіккореялық «Highvill» құрылыс компаниясы да үлес қосатын болды. Қазір 427 гектарды алып жатқан жаңа қалашықта инфрақұрылымдық жұмыстар аяқталды. 2019 жылы мұнда тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар және саябақтар құрылысы қарқын алмақ.
Қоғамдық көлік және денсаулық саласында да бірқатар жаңалықтар күтіп тұр. 2019 жылы Шымкентте жедел жәрдем қызметінің автопаркін жаңартуға инвесторлар тарапынан 13 млн АҚШ доллары жұмсалмақ. Бұған қоса Шымқаладағы қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру мақсатында 2019 жылы шаһарға 1000 автобус әкелінбек. Сондай-ақ, келер жылы қоғамдық көліктер 100% GPS-пен жабдықталып, электронды билет жүйесіне өтетін болады.
2019 жылы Қажымұқан атындағы Орталық стадионда жаңғырту жұмыстары басталып, УЕФА стандарттары мен IAAF 4 халықаралық талаптарына сай қайта құрылады. Спорттық нысан айналасына медиафасадтар, фитнес орталықтары, ресторан, автотұрақ, спорттық және басқа да дүкендер орналасқан, орталық алаңның төбесі жабылған еліміздегі ең заманауи стадион болмақ. Ал «Қырғы базар» 2019 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен қайта құру құрылысына байланысты адам танымастай көркейеді.

хайвил 2019

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.