Шымкентте «Ерлік» мұражайында «Ата-бабалар аманаты – елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ» жобасы аясында іс-шара өтті. Кездесу Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналды.
Игі шарада өткеннен сыр шертіліп, ұрпақтар сабақтастығы әңгімеге арқау болды. Сырласу сағатында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов пен соғыс ардагері Қаратай Төребеков және зиялы қауым арасында сыр-сұхбат өрбіді.
– Соғыста ерлермен қатар ұрысқа түскен қазақтың қаһарман қыздары Әлия мен Мәншүк майдандағы жанқиярлық ерлігі талайды сүйсінтті. Өзге қаруластар оларды көріп рухтанды. Ерліктің тамаша үлгісін көрсетіп, Кеңес Одағының батыры атанды, – деді Қ. Төребеков.
Сырласу сағатында қазақтың біртуар ұлдарының жеңіс пен жетістікке жету жолындағы еселі еңбектері айтылып, мектеп оқушылары мен арнайы әскери азаматтардың шеруі мерекенің көркін кіргізді.
Бүгінде Шымкентте Ұлы Отан соғысына қатысқан 105 майдангер, 5186 тыл еңбеккері бар. 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлеріне 226 мың теңге қаржылай көмек көрсетіледі.