«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы Избранное

Среда, 09 Октябрь 2024 05:40 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1020 раз

оқушыларды ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген адал азамат етіп шығаруды көздейді

Бүгінде әлеуметтік желідегі «Бұрымды қыз» челленджіне тамсанып, сүйсініп қарайтын болдық. Өйткені, жасөспірім қыз балалардың арасында шаш өсірудің орнына оны қысқа етіп қиып, түрлі-түсті бояуларға бояп алатындарды көріп жүрміз ғой. Бұрымдарын қос өрім етіп өріп, құрбыларына шаш өсіруге кеңес берген қыздардың арасынан Шымкент қаласындағы білім ұяларының оқушыларын кездестіріп қуандық. «Мұның барлығы «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» шеңберінде берілген тапсырмалардың негізінде жасалып жатқан оңтайлы өзгерістер»-дейді Жарқынай Арысбаева бізбен әңгімесінде.

kitaPSux

 

– Жарқынай ханым – Шымкент қалалық білім бөлімі жанындағы әдістемелік орталықтың әдіскері. Ол Астана қаласында Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясы мен «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты мамандарынан аталмыш бағдарламаны қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерге кіріктіру бойынша дәріс алып келген маман. Сондықтан, оған қойған алғашқы сұрағымыз жасөспірім қыздар арасында серпіліс тудырған осы челлендж жайында болды.

– Біз қанша сән қуалағанымызбен, қазақы қалпымыздан, түп тамырымыздан ажырамауымыз керек. Бұрым қазақ қыздарының бейнесін көрсетіп, табиғи сұлулығын айқындай түседі. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап іске асырылып келе жатқан «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» халқымыздың дәстүрінде ерекше мәнге ие осындай дүниелерді дәріптеуге арналған. Соның негізінде өскелең ұрпақ ұлттық құндылықтарға бет бұра бастады. Және мұны қоғам жақсы қабылдауда.
Ал, енді аталмыш бағдарламаның қабылдануына не түрткі болды? Соған тоқталайық. Соңғы 10 жылда біз оқуға баса назар аудардық. Білім бәйгелерінде ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштерге жеттік. Ал, есесіне тәрбиені ақсатып алдық. «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» осы олқылықтың орнын толтыратын болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысында: «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс.
Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді.
Мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай, балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ, белсене атсалысуымыз қажет» деген болатын. Сонымен қатар, Ел Президенті ұрпақ тәрбиесінде Абайдың «Толық адам» іліміне жүгіну керектігін жеткізді. Расында егер адамдардың барлығының бойында нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек болса, қоғамымызда әділдік пен адалдық орнайды.
Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына орай Оқу-ағарту министрлігі «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» әзірлеп шықты. Айта кетейік, бағдарламаны ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры
Меруерт Асқарбекқызы мен А. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Ғылым жөніндегі вице-президенті Анар Шынболатқызы жазып шықты. Оқу-ағарту министрлігі Астана қаласына еліміздің түкпір-түкпірінен әдіскерлерді шақырып оқытып, оны таратты. Мен Шымкент қаласынан аталмыш бағдарламаны қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерге енгізу бойынша білім алып, өңірге келгеннен кейін негізгі 9 пәннен қысқа мерзімді жоспар жасадым. 25 адамнан тұратын команда құрып, оны сол команда мүшелеріне түсіндірдім. Команда мүшелері мектеп мұғалімдеріне шеберлік сағаттарын өтті.
Бағдарлама қабылданғаннан кейін жүргізілген жұмыстар өз жемісін беруде. Өздеріңіз де байқаған боларсыздар, қазір ата-аналар жиналысының форматы өзгеріп, ескі сүрлеуден арылған. Бұрынғыдай басқа ата-ананың көзінше біреудің баласының оқу үлгерімі, мінез-құлқы талқыға салынбайды. Сынып жетекшілері ата-аналарға баласының қандай пәнге бейімі бар екенін, оны болашақта қай бағытқа баулуға болатынын айтады. Сонымен қатар, қайсы пәндерден қосымша сабақ керектігін ескертеді. Мұғалім мен ата-ананың арасындағы байланысты нығайтатын қызықты ойындар өткізеді. Өтпелі кезеңдегі жасөспірімдермен дұрыс қарым-қатынас жасауға арналған психологиялық ситуациялық сұрақтар қояды. Соның нәтижесінде мектепке ата-аналардың келуі жиілеп, белсенділігі артты. Білім ұяларында ата-аналарға педагогикалық және психологиялық қолдау көрсететін орталықтар ашылды. Қазіргі таңда мектеп формаларының көпшілігінде ұлттық этникалық ерекшеліктер бар. Тіпті, кейбір мектептерде аптаның бір күнінде оқушылар ұлттық киім киюде.

– Бұл туралы сәл кейінірек айтайық. Алдымен әңгімемізге арқау болып отырған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының мазмұнын толық түсініп алайықшы...
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық Құрылтайда еліміздің болашақтағы бейнесін «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» деген ұштаған ұғым арқылы сипаттап өтті. Бұл ұштаған бүгінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының негізгі идеясына айналған. Яғни, біздің міндет – адал еңбекті алдыңғы орынға қоятын азаматтарды тәрбиелей отырып, озық ойлы ұлтты қалыптастыру.
Сонымен қатар, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы 6 құндылықтан тұрады. Олардың барлығының да ұлттың жаңа келбетін қалыптастыруға қосар үлесі орасан зор. Атап айтар болсақ, бірлік және ынтымақ, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық, тәуелсіздік және отаншылдық, әділдік және жауапкершілік. Оқушылардың бойына осы аталған құндылықтарды сіңіру үшін 77 қадам жасалынған. Онда әлеуметтік жобалар, қауіпсіздік сабақтары, сынып сағаттары бар. Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Бұрымды қыз»–осындай жобалардың аясында іске асырылған челлендж. Біздің қаламыздағы №25 мектеп лицейдің бұрымды қыздарының бұл бастамасы сәтті болып, оны бүгінде еліміздің барлық өңіріндегі замандастары іліп алып кетті.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру үшін оқушылардың үзіліс кезіндегі бос уақытының өзін пайдалануға болады. Түрлі ойындар ұйымдастыра отырып, олардың бір-біріне деген сыйластығын арттыра аламыз. Сонымен қатар, жадынамалар мен нұсқаулықтар, парақшалар таратып, ауыз суды, электр энергиясы секілді табиғат ресурстарын үнемді пайдалануға шақырамыз. Ұмытып барады екенмін, қазір үзіліс кезінде қоңыраудың орнына күйлер қойып, ұлттық мұраларымызды насихаттауға атсалысып жатқан білім ошақтары көп. Бұлардың барлығы да тәрбие жұмысына жаңаша серпін беріп, мектептердегі ұлттық нақышты қоюландыра түседі. Әлеуметтік желідегі «Бір мезгілде әнұран айттық», «Біз мезгілде күй тарттық», «Бір мезгілде «Менің отбасым» тақырыбында шығарма жаздық» деген сыңайлы толассыз ақпараттарды да көзіміз шалып қалады. Міне, мұның барлығын «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында іске асырылып жатқан маңызы зор шаралар деуге болады. Қысқасы, бұл -- балалардың адамгершілік тұрғысынан толысуын қамтамасыз ететін бағдарлама.

– Бағдарламаның сабақтан тыс уақытта қалай жүзеге асырылатынын білдік, енді онда қамтылған құндылықтар пәнге қалай енгізіледі? Осыған тоқталсақ...
– Дұрыс айтасыз. Сабақ барысында аталған құндылықтардың барлығын бірдей іске асыру мүмкін емес. Ол сабақтың тақырыбына, бөлімнің атауына, сол кездегі ситуациялық жағдайларға қарай енгізіледі. Қазір мектеп оқулықтарындағы тақырыптар мазмұны «Өзен, көлдер», «Менің отбасым», «Тау, тас» сынды болып келген. Неге десеңіз, функциналдық сауаттылыққа негізделген білім беру жүйесінде біз оқушыларға толық ақпарат беруіміз керек. Мәселен, бүгін балалар қазақ тілі пәнінен «Менің отбасым» деген тақырыпты өткен болса, қазақ әдебиетінен «Әжемнің әңгімесі» немесе «Атамның айтқандары» деген тақырыптарда әңгіме оқуы мүмкін. Орыс тілі мен ағылшын тілінен де осындай мазмұндағы сабақты өтеді. Міне, соның нәтижесінде бала отбасылық құндылықтар жайлы, яғни бір тақырып аясында толық ақпарат алып қайтады.
Ал, енді осы функционалдық сауаттылыққа біртұтас тәрбиені қосыңыз. Онда алдымен мұғалім табалдырық аттағаннан-ақ сынып ішіндегі психологиялық ахуалды реттеуге кіріседі. Осы жерде «бірлік және ынтымақ» деген құндылықты қолданады. Ол дәл осы құндылықтарды іске асырып жатырмын демейді, оны жаңа сабақ тақырыбына кіріспес бұрын өзінің шеберлігімен баланың бойына сіңіреді.
Ендігі бір құндылық, ол – «әділдік және жауапкершілік». Яғни, мұғалімнің оқушыларға әділдік, адалдық туралы қысқаша әңгіме айтып беруіне болады. Біз осы арқылы баланың отансүйгіштік сезімін оята аламыз. Жалпы «әділдік», «жауапкершілік», «бірлік», «ынтымақ» деген құндылықтар әр сабақтың өң бойынан табылып отырады. Қауіпсіздік сағаттарының да маңызы өте зор. Онда еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі келтіретін қауіпті кеселдермен қалай күресіп, тосқауыл қоя алатындығымыз жөнінде мамандармен кездесулер ұйымдастырылады. Жақсы бір жаңалықпен бөлісе кетейін, алдағы уақытта Оқу-ағарту министрлігі 6 өңірдегі мықты әдіскерлерден команда жасақтап, әдістемелік нұсқаулық әзірлемек.
Әрине, қазір мектептерде «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» бойынша тәрбие саласына енгізілген өзгерістерді сезіне қоймаспыз. Дегенмен, үш жылдан кейін оның нәтижесін көре бастаймыз. Өйткені, біз оған үлкен дайындықпен келіп отырмыз.

–Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Сұхбатты жүргізген Дилара ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.