– Қаламыздың дамуында театрлардың алатын рөлі зор. Сондықтан да кәсіби театрларды бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, сәттілік тілеймін. Кәсібилік бар жерде өсу бар, ой саларлық қойылымдарымен көрермендерді қуантып жүрген театрларымызға шығармашылық табыс тілеймін! Еліміздің руханиятына өз үлесімізді қоса берейік, – деді С.Құранбек.
Фестивальдің алғашқы күні қалалық Әзіл-сықақ және сатира театры С.Ванустың «Сұлтанның аты – Сұлтан» трагикомедиясын, Өзбек драма театры Ш.Исаханованың «Тановар» арт-этно фольклорын, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры М.Мақатаевтың «Дариға жүрек» поэтикалық сазды толғауын сахналады. Ал, екінші күні Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры В.Гауфтың «Мұрынды ергежейлі» ертегісін, Орыс драма театры Б.Брехттің «Мамаша кураж и ее дети» трагифарсын көпшілікке ұсынды. Сондай-ақ, фестиваль аясында «Қазіргі заманауи театр және интерпретация» форумы ұйымдастырылып отыр.
Айта кетейік, «Театр көктемі» – Халықаралық театр күніне орай жыл сайын ұйымдастырылатын жаңа қойылымдардың фестивалі. Бұл театрдың аға, орта және жас буынының шығармашылығымен жақынырақ танысуға, көрерменмен байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Гүлнұр БАЛАБАСОВА