Фестивальдің алғашқы күні Әзіл-сықақ және сатира театры С.Ванустың «Сұлтанның аты – Сұлтан» трагикомедиясын, Өзбек драма театры Ш.Исаханованың «Тановар» арт-этно фольклорын, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры М.Мақатевтың «Дариға жүрек» поэтикалық сазды толғауын сахналаған болатын. Ал, екінші күні Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры В.Гауфтың «Мұрынды ергежейлі» ертегісін көрсетіп, Орыс драма театры Б.Брехттің «Мамаша кураж и ее дети» трагифарсымен қорытындылады. Сондай-ақ, қойылымдардан соң «Қазіргі заманауи театр және интерпретация» форумы ұйымдастырылды. Фестивальға елімізге танымал театртанушы, әдебиет сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Болатжанұлы, мәдениет қайраткері, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Өнер» кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Есілбек Бимұрзаев, Шымкент қалалық опера және балет театрының бас суретшісі Бақтыбай Күзембаев төрелік етті.
Қазылар алқасының шешімімен «Шығармашылық ұмтылысы үшін» Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры - 300 мың теңге, «Ұлттық құндылықтарды дәріптегені үшін» Шымкент қалалық өзбек драма театры - 300 мың теңге, «Көркем актерлік ансамбль үшін» Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры - 300 мың теңге, «Классикалық шығарманы заманауи интерпретациялағаны үшін» Шымкент қалалық орыс драма театры - 300 мың теңге, «Поэтикалық көркем қойылым үшін» Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры - 500 мың теңге ақшалай сертификатпен марапатталды.
Айта кетейік, фестивальдің өтуіне отандық өндіруші «Qazmedpribor» компаниясы демеушілік жасады.
Г.СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ