ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕГЕН ЕЛ АНАСЫ Избранное

Среда, 15 Май 2024 06:31 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1520 раз

«Шуақты күндер» кітабымен оқырманға, батыр Бауыржан келіні атымен қалың қазаққа таныс Зейнеп Ахметова шырайлы Шымкентке келді. «Атамның арқасында бүгінгі дәрежеге жетіп, ел ішінде еркелеп жүрмін» деген Зейнеп Әскербекқызын Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың басшысы Бақтияр Өнербаев күтіп алды. Құрметті қонақ алдымен даңқты атасының ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

zeinep

 

«Қайырымды қала құндылықтары» жобасы аясындағы «Ер – елдің иесі, әйел – үйдің киесі» атты кездесуді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашты. Ел анасы жиналған көпшілікпен екі сағаттан аса емен-жарқын сырласып, естеліктері мен ғибратты, өнегелі әңгімелерімен бөлісті.
Жиынға мектеп оқушылары, қаладағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, педагогтер мен өзге де сала қызметкерлері қатысты. Әсіресе, кездесуге келген жастардың қарасының көптігі қуантты.
Сырласу кешінде Зейнеп апа алдымен Бауыржан Момышұлы туралы естеліктер айтты.
– Атаның келіні деген атақты көтеріп жүру оңай емес. Сосын осынша мақтау-мадақты мен өзімнен өткізіп, атаға айтылып жатыр деп қабылдаймын, – деп бастады Зейнеп апа әңгімесін. – Атамыз «Балам, ұлттық құндылықтарды, ұлттың қадір-қасиетін мен саған айтам, сен балаңа айтасың. Ол өзінің баласына айтады. Сөйтіп, бір әулетте қазақтың қадір-қасиеті сақталады» дейтін. Үстелді тарс еткізіп ұрып: «Көзіме тура қара. Алдыңда қазулы көр тұрса да шындықты айтқын. Жақсы адамның жақсылығын айт, бірақ жағымпазданба. Жаман адамның жамандығын бетіне бассаң да, жала жаппа. Қатарыңнан ассаң да, халықтан аспайсың, халықтың алдында басыңды иіп жүр» дейтін. Сол өсиетпен шамам келгенше ел-жұрттың алдында басымды иіп, үйде отырып-ақ, қазаққа, халыққа қарлығаштың қанатымен су сепкендей септігімді тигізіп, ұлттық рухтың өзегінен жастарға нәр беріп, солар білсе екен деп жүрмін. Былай қарағанда, кімге кім келін болмай жатыр. Небір атақты адамдардың келіндері бар. Бірақ, оларды ешкім де білмейді. Мені біледі. Көшеде кетіп бара жатсам таниды, суретке түседі. Соның бәрі менің ерекшелігім дейсіздер ме? Оның барлығы атаның биік рухы, қасиетті әруағы. Біраз жыл болса да, сол кісінің қолына су құйып беріп, шайын қайнатып, үлгі-өнегесін тыңдағанымның арқасы, сол кісінің сөздерін жастарға жеткізуге тырысқаным үшін ғана мені халық танып, біліп жатыр. Олай болса, бұл үлкен жауапкершілік... Аманат арқалаған адаммын дейтінім сол,– деді Зейнеп Ахметова.
Атаның келіні қазақтың біртуар ұлы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының жаназасы жайлы ел естімеген бір шындықты айтты.
Мұсылман баласы қайтыс болған шақта ең қысқа мерзімде жуылып, жаназа намазы оқылып, көмілу керек болса, батыр атамызды бұл дәстүрмен ақтық сапарға шығарып салу қиынға соққан.
– 1982 жылы Қазақстанда Ресей империясының құрамына қосылғанымызға
250 жыл толуына орай дүркіреген той өтті. Мен мұны «Бодандық тойы» деп атаймын. Оған КСРО-ның атақтыларының барлығы келді. Сол той өтіп жатқанда ата қайтыс болды. Ертесінде Қазақстанда РСФСР-дың мәдени күндері өтті. Сөйтті де ата 4 күн көмусіз жатты. Адам моральдық жағынан қалай жаншылады, қандай азап?! Құдай басқа салмасын. Қазір ойласам, әлі күнге жүрегім ауырады. Ол кезде Кеңес Одағының кезі. Біз араласа алмаймыз. Қазір болса, аулақ жүріңдер дейтін едік қой. Солай төртінші күні дегенде атамды жерледі. Бірінші Кеңсай деп аталатын жерде жоғары жағына, көкмайса гүлденген оңаша төбеге атам жалғыз қойылды, – деп еске алды Зейнеп Ахметова.
Бұл 1982 жылдың жаз мезгілі екен. Батыр жерленген күні Алматының ауа райы да құбылып, тосын мінез танытыпты.
– Атаны жерлеп жатқанда ауа райы күрт бұзылып, найзағай ойнап, қара бұлт үйіріліп, астаң-кестең болды. Әскери адам болған соң сарбаздар аспанға үш рет оқ атқан. Бәрі содан деп ойлады. Бірақ, меніңше, ол басқа тылсым дүние. Табиғаттың тылсым күші ме деймін. Алланың атаны төрт күн жатқызып қорлағанына кейігені ме, табиғаттың ерекше тосын мінезі ме, бір адам түсінбейтін құбылыс болды. Көпшілік қатты таңғалды. Оның алдында ғана күн ашық еді. Тосыннан бұзылды. Бұл басқа тылсым күш, – дейді жазушы.

zeinep-1


Батырдың келіні ұлттық дәстүрімізге қайшы әдеттерді қатаң сынап, жастар тәрбиесіне ерекше көңіл аудару қажеттігін атап өтті. Қоғамдағы дін мәселесіне қатысты пікірін айтты. «Батыста заң басым, заңға қарсы ешкім тұра алмайды. Шығыс дінге бағынады. Мұсылман мемлекетіміз деп шариғат заңына бағынады. Заң да, дін де қорқытып, сескендіреді. Бірақ екеуінде де «ұят» болады деген сөз жоқ. «Ұят» қазаққа ғана тән ұғым. Қазақ бір ғана ұят боладымен көп нәрсені шешкен. Алдымен қазақсың, содан кейін мұсылмансың. Егер дін ұлттың үстіне шығатын болса, ұлт жойылады. Олардың түпкі мақсаты сол. Олар «Аллаға серік қосып тұр» деп келінге сәлем етуге де тыйым салады. Құранның қай жерінде «Үлкенге құрмет көрсетпе» деп жазулы екен?! Солар жылда Меккеге барғанда қара тас қағбаны жеті рет неге айналып жүр? Ол серік қосқан емес пе? Қара тасқа саусақтың ұшын тигізу үшін аяғының астындағы адам мыжылып жатса да, қарамайды. Рас, Қағба – қасиетті жер. Дүниежүзі мұсылмандары бас қосатын жер. Бірақ, ол Құдай емес қой. Қазақтың қызы күйеуге шыққанға дейін басына орамал салмаған. Қазақтың небір сәулетті бас киімдері мен ұзын етек, ұзын жең киімдері, жабағайлары бар. Бірақ соңғы кездері қара киіп, тұмашаланғандарды жиі кездестіреміз. Олар қазақтың емес, араптың киімін насихаттап жүр, – дейді Халық Қаһарманының келіні.
Зейнеп Ахметова қазақ халқының керемет салт-дәстүрі өмірлік тәжірибе мен тіршіліктен пайда болғанын атап өтті.
– Қазақтың өз салты өзіне жеткілікті. Бүгінде біздің салт-дәстүрімізге «анау дұрыс емес, мынау дұрыс емес» деп шабуыл жасалып жатыр. Неше түрлі тыйымдарды шығарып жүргендер бар. Қазақта «Ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме» деген керемет сөз бар. Өкінішке қарай, бізде кейде сол ықтырма болмай жатыр. Ол ең алдымен сенің тілің, сол тіл арқылы таралатын ұлттық қадір-қасиетің, менталитетің, салт-дәстүр, әдет-ғұрпың. Біз қаласақ та, қаламасақ та, жаһандану заманы жан ұшырып келіп жатыр. Бір уыс қазақ жұтылып кетпес үшін не керек? Әрине, тосқауыл керек. Ол – айтып өткенімдей, сенің тілің, салт-дәстүр, әдет-ғұрпың мен қазақтық қасиетің. Осы ғана ұлтты сақтап қалады деп ойлаймын, – деді жазушы.
Кездесуде Зейнеп апа жиналған жастарға келін мен ене тақырыбында да әңгіме өрбітті. Тәлім мен тәрбиеге толы ғибратты сағаттар тез өтті.
Халықтың рухани әңгімені сағынғанын соғылған шапалақтар білдіріп тұрды. Апаға сұрақ орнына алғыс айтылды. Кеш соңында жақсының көзі, асылдың сынығы Зейнеп апамызға шапан жабылып, гүл шоқтары жауды.
Атаның айтқандарын бала келін боп босағадан аттаған сәттен-ақ санасына құйып отырған Зейнеп апамыздың естеліктері қанша кітапқа арқау, қанша келінге нұсқау, тәрбие көзі болды?! Жазушының «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты», «Күретамыр» секілді кітаптарынан кейін шыққан «Теңбіл тіршіліктен» үзінді келтіріп аяқтасақ.
«Өмір — Жаратқан иемнің адамзатқа берген баға жетпес несібесі. Аз ба, көп пе, сол несібең таусылғанша пешенеңе жазылғанның бәрін көресің. Әр адамның өз өмір жолы, өз тағдыры бар. Сенің өмірің өз жекеменшігің, шығар биігің, түсер ылдиың саған тиесілі. Сонымен бірге жер басып, тірі жүрген соң тіршілік ережелеріне бағынасың, қоғам бағытына бейімделесің. Амалсыз қатаң қажеттілік туғанда оған да көндігесің. Өйткені әлем жаратылғалы бері бір арнаға түскен, бір ізбен жүрген бірқалыпты өмір ешқашан болмаған. Ала-құла, теңбіл-теңбіл тіршілік ағымы еркіңнен тыс іліп әкетеді».

Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.