Шымкентте Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай «Жүрек жылуы» көрмесі өтті. Қала әкімдігі мен «Асыл әлем» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған көрмеге арнаулы әлеуметтік мекемелердің қызмет алушылары мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері жасаған бұйымдар қойылды.
Іс-шараға Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай және халық қалаулылары қатысты. Қонақтар көрмені аралап, балалардың еңбегімен танысты. Өздеріне ұнаған туындыларын сатып алды.
– Көрмені ұйымдастырудағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалар үйінің тәрбиеленушілерінің шығармашылық өнеріне қолдау жасау.
Қолөнер бұйымдарын сату арқылы балаларда ары қарай кәсібін дамытуға да мүмкіндігі бар, – деді «Асыл әлем» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Н.Кобланова.
Ел ағалары қатысушылардың шеберлігін атап өтіп, шығармашылықтарына табыс тіледі. Көрме барысында шеберлер арнайы сабақ өткізді. Мереке концерттік бағдарламаға ұласып, белсенді қатысушылар алғыс хатпен марапатталды.