— Астана опера театрындағы қойылымымыз керемет өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары, Үкімет мүшелері мен басқа да лауазымды тұлғалар қойылымды тамашалап, жақсы бағалады. Елордалықтар қонақжайлылық танытып, Астана театрының ұжымы бізге үлкен қолдау көрсетті. Әріптестеріміз «Домалақ ана» операсын сахналауға, дайындыққа көмектесті. Қолдау тек шығармашылық тұрғыдан болған жоқ, техникалық жағынан да көмек көп болды. Жалпы, Шымкент қалалық опера және балет театрының ұжымы мұндай жоғары дәрежелі гастрольге көптен бері алғаш рет шығып отыр. Дегенмен, жауапкершілігі жоғары миссияны жойдағыдай орындадық деген сенімдеміз, – деді Шымкент опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы.
Өнер иесінің айтуынша, опера әлеуметтік желілер мен сайттарда тікелей эфирде көрсетілген. Шымкенттік ұжым екі күндік қойылымнан кейін Қазақстанның өңірлерінен келген әріптестерінен қонаққа шақыру алды. Ал қыркүйек айының ортасында үшінші мегаполисте опера және балет театрының маусымашар салтанаты өтпек. Өнерпаздар онда жерлестерін «Домалақ ана» операсымен кезекті рет қуантуды жоспарлап отыр.