Парасат биігіндегі жан Избранное

Пятница, 22 Октябрь 2021 04:08 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 944 раз

Жуырда Оңтүстік өңірінің жұртына комсомол, партия ұйымдарында ұзақ жылдар абыройлы қызмет еткен мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсенкүл Боповаға арналған естелік-жинақ жарық көрді.

12

 


Ежелгі Рим философы Сенека «Өмір ұзақтығымен өлшенбейді, мазмұнымен өлшенеді» деген екен. Дүйсенкүл Бопованың өнегемен өрілген өмір жолы дәл осы сөзді растай түскендей. Оның елі үшін еткен еңбегі мен қызметі көзкөрген жандар мен қызметтес бауырларының есінен бір сәт те шыққан емес.
Бес бөлімнен тұратын «Парасат иесі: Дүйсенкүл Бопова» атты жинақта Дүйсенкүл апамыздың есеюі, қалыптасуы, халыққа қызмет етуі, қайраткерге айналу жолы, бәрі-бәрі көркем жазылып, әр кезеңдердегі суреттері топтастырылған. Жинақтағы «Елім деп соққан жүрегі» бөлімінде қоғам қайраткерімен қызметтес болып, үзеңгілес жүрген жандардың естелігі топтастырылса, «Жақсыларға болдым кез» бөлімінде Д.Бопованың әр кездері жазған естеліктері еш өзгеріссіз ұсынылған.
Дүйсенкүл Бопықызы қай кезде де халықтың ортасында жүріп, көргені мен көңілге түйгенін жүрегінен өткізіп, көптің көңіліне жеткізуге тырысқан. Өңірдің белгілі басылымдарына жарияланған сұхбаттарында айтылған оймақтай ойлары бүгінгі таңда да өзектілігін жоймаған. Міне, осы сұхбаттарда айтылған сүбелі сөздер «Ойқамшы» бөліміне топтастырылған.
Ал, «Сәулесін төккен шырақтай» бөлімінде Д.Бопованың өз жақындары жайлы естелігі мен туыстарының пікірлері жинақталса, «Жарқын бейнең жадымызда» бөлімінде қоғам қайраткерін ақтық сапарға шығарып салған сәттегі қайғыдан күңіренген замандастарының қоштасу сөздері мен еске алу жиындарындағы сағынышқа толы лебіздері берілген. Аталған жинақ-естелікті шығаруда қоғам қайраткері
Досыбай Шерімқұлов пен Дүйсенкүл Бопованың інісі Құрбанәлі (ағасы Оразымбеттің ұлы) ерекше үлес қосып, атсалысқан.
Д.Боповамен қызметтес болғандар мен көзкөрген жандар жинақты қолына алғанда біртуар тұлғамен қайта қауышқандай әсерде болса, келер ұрпақ оның тағылымға толы өмірінен бағдар алары сөзсіз.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Театр жаршылары Шаниндіктер шыққан белес »