Шаниндіктер шыққан белес Избранное

Среда, 27 Октябрь 2021 03:52 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 707 раз

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен өмірін театр өнеріне арнаған айтулы сыншы Ә.Сығайдың мерейтойының сәйкес келуін табиғи үндестік деп бағаласа болады. Себебі, Ә.Сығай – құрсауы мықты кеңес дәуірінің пәрменінен қаймықпай, сахна шындығы жолында шарқ ұра жанталасып, өнердің шамшырағы болған қайраткерлеріміздің бірегейі.

151

 

Тұлғаның ғұмыр жолы аз ба, көп пе, сүрген жылдармен емес – соңында қалдырған ізімен айшықталса керек. Шаниндіктер маэстро өсиет еткен классика тақырыбына ден қойып, қазан айының 11-16 аралығында Қарағанды қаласында өткен «Сын – шын болсын...» айдарлы Әшірбек Сығай атындағы республикалық театр фестиваліне У.Шекспир шығармаларының желісі бойынша қоюшы режиссер Әлібек Өмірбекұлының сахналық нұсқасы «QORA Z» трагикомедиясымен өнер додасына қатысып қайтты.
Әлемді жайлаған індеттен бойын толық түзей алмай жатқан кезеңдегі алғашқы театр фестиваліне шаниндіктер театрдың көркемдік жетекшісі - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаевтың басшылығымен барды. Тосын шешімге толы қойылым соңынан қызу пікірлер туып, кәсіби деңгейде жоғары бағасын алғаны шаниндіктердің шығармашылық ізденіс жолында жеміс жинағанын көрсетсе керек.
Республиканың түпкір–түпкірінен 15 театр қатысқан өнер аламанында озып шығу оңайға соқпады. Ең мықты деген дүлдүлін топқа қосқан театрлар арасынан жүлделі үштікке ілігу – шаниндіктердің шығармашылық бабында екеніне дәлел болса керек.

152


Иә, «тұлпарға қалғаннан – озған оңай» демекші, екі жыл бойғы індеттің салдарынан бауырын жаза алмай буныққан шығармашылық ұжым, сыншысы мықты топқа түсер күнді сағына күткен болатын. Өйткені, сынмен шыңдалу арқылы биікке көтерілетіні жазылмаған қағида іспеттес еді.
Көрерменін елең еткізген жаңалығы мен батыл шешімді «QORA Z» трагикомедиясының кәсіби сыншылар тарапынан өз бағасын алып, жүлделі ІІ орын мен «Әшірбек Сығай шәкірттерінің Тәуелсіз жүлдесін» иеленіп қайтқаны Шымқала көрермені үшін де жағымды сыйлық деп санаймыз.
«Өнерін өлтіріп алған қазақ ел болып оңбайды, елінен айнып қалған жүрек – жүрек боп соғып жарытпайды. Екеуі бөлінбес бір бүтін, тұтас дүние деп есептеймін. Ендеше, жүрегіміз тоқтамасын!» деген Ә.Сығайдың сөзін еске ала отырып, театр ұжымы шығармашылық ізденістен талмайтынын, алдағы уақытта да жүлделі орынмен өз көрерменін қуанта беретінін айта кеткіміз келеді.
Шанин театры алдағы уақытта М.Омарованың «Тор» атты драмалық дүниесінің премьерасымен қадірменді көрерменін құшақ жая қарсы алатынын құлағдар етеміз. Келіңіздер!.. Театр – сіздер үшін жаңа дүниелерді бағындырып, көзайым етуге асығады. Сіз де асығыңыз!..

Сая Қасымбек, 

Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі,
драматург

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.