Бахадыр АЙТАЙ, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты: «ОТАРСЫЗДАНДЫРУ ПРОЦЕСІН ТОЛЫҚ АЯҚТАМАЙ ЖӘНЕ ТІЛІМІЗДІҢ ТҰҒЫРЫН МЫҚТАП БЕКІТІП АЛМАЙ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ РУХАНИ КЕМЕЛДЕНУІ ҚИЫН» Избранное

Пятница, 08 Сентябрь 2023 04:34 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 6473 раз

–Бахадыр Сатыбалдыұлы, Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың Түркістан қаласында өткен екінші отырысында «Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көп томдық жинағын» әзірлеудің маңызына тоқтала келіп, әзірленіп жатқан жеті томдық еңбекте «осыған дейін жіберілген тұжырымдамалық қателіктер мен кемшіліктер қайталанбауы қажеттігін» атап өтті. Президенттің айтып отырғаны қандай қателіктер мен кемшіліктер?

285

 

–Қазақстан тарихының жеті томдық жинағын Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнография институты дайындап жатыр. Ол алдағы жылы жарық көретін шығар. Оны Президенттің ескертулерін басшылыққа алып дайындалып жатқанын институт директоры З.Қабылдинов мәлімдеді. Бұл жинақ еліміздің ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихын толық қамтуымен, жаңа ғылыми ұстанымдарға сай және ұлттық мүддемізді ескере отырып жазылуымен құнды болады деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы айтқан қандай кемшіліктері мен қателіктер деген мәселеге келсек, бұл жөнінде Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің 2021 жылы жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында астарлап көрсеткен. Онда «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілу тиіс» деп атап көрсетілген.
Расында кешегі коммунистік идеология, марксизм-ленинизм қағидалары үстемдік еткен кеңестік кезеңде төл тарихымыз тар таптық мүдде, еуроцентрлік, ресейцентрлік көзқараспен бұрмаланып жазылды. Ал ұлттық мүдде, өркениеттік көзқарастар ұмыт қалды. Тарих өзінің обьективтік мәнінен айрылып, нағыз идеологиялық құралға айналды. Қазақ халқы революцияға дейін тек малдың соңынан көшіп-қонып жүрген, жабайы, өркениетсіз халықтардың қатарына жатқызылып келді. Тоталитарлық жүйе тұсындағы күштеп ұжымдастыру, байларды тәркілеудің зардаптары, голощекиндік ашаршылық, сталиндік қанды қырғын, жаппай жазалау, қуғын-сүргіндер жайында айтылмады және жазылмады.
Еліміз тәуелсіздік алған соң тарихымыздағы көптеген «ақтаңдақтар» ашылып, төл тарихымыз ұлттық мүдде негізінде қайта жазыла бастады дегенімізбен, кейде өткеннің ықпалынан әлі де арыла алмай жататынымыз бар. Мәселен, Президенттің сол мақаласында айтылған Алтын Орда мәселесіне тоқталайықшы. Мемлекет басшысы сапалы тарихи фильмдер түсірудің қажеттігі жөнінде айта келіп «Біздің де шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық. Мысалы, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын Орда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн» деп айтқан болатын.
Көрші елдердің белгілі тұлғалары «қазақта мемлекет болмағандығы» жөнінде жиі айтып жатады. Бұл тәуелсіздігімізге, аумақтық тұтастығымызға және мемлекеттілігімізге күмән келтіріп, қауіп төндіретін қисынсыз әңгіме. Шын мәнінде біз өзінің мыңжылдықтарға созылып жатқан терең тарихында небір қуатты мемлекеттерді, алып империяларды құрған халықпыз. Біздің ата-бабаларымызда өркениетті халықтарға тән барлық белгілер мәдениет те, өнер де, сауда-саттық та, жазу да, сәулетті қалалар да және ең бастысы мемлекет те болған.
Соның айқын дәлелі ретінде ХІІІ ғасырдың қырқыншы жылдарынан ХV ғасырдың орта шеніне дейін өмір сүрген, аумағы батыста – Днестрге, шығыста – Ертіске, Солтүстікте – Батыс Сібірге, Оңтүстікте – Солтүстік Кавказға дейін жеткен алып империя Алтын Орданы айтуға болады. Алтын Орданың тұсында сауда-саттық, әртүрлі кәсіптер мен қолөнер дамыды. Осы аймақта Ислам дінінің де кеңінен таралып, үстем дінге айналуы да Алтын Орда империясының тұсы болатын.
Айтайын дегеніміз, Алтын Орда империясының заңды мұрагері – қазақ елі, қазақ халқы. Өйткені, Алтын Орданың халқы этникалық жағынан біркелкі болмағанымен, ондағы халық негізінен түрік тілінің қыпшақ диалектісінде сөйледі. Бату ханның заманынан бастап XVI-дың басына дейін Алтын Орданың боданы болып, салық төлеп келген орыс княздері княздік титул мен басқару грамотасын алу үшін ханға қыпшақ тілін үйреніп келген. Батый, Берке және Жәнібек хандар орыс княздерімен орыс тілінде сөйлескен жоқ. Хан баскактары қыпшақ тілінде іс қағаздарын жүргізді. Олар Ресейдің сарай мен шіркеулерінде Екатерина ІІ тұсына дейін сақталып тұрған. Кейін оны жағып жіберді. Міне, Президент Алтын Орданың тарихын жаңғыртып, кино түсіру керек дегенде осының бәрін меңзеп отыр деп ойлаймын.
Алтын Орданың және оның жалғасы ретінде өмір сүрген ұлттық мемлекеттеріміздің тарихын толық зерттеп, зерделеп, қайта жаңғыртып, дәріптеу арқылы біз бүгінгі жас ұрпаққа өзіндік мәдениеті мен өркениеті болған, қуатты империялар құрған ұлы халықтың ұрпағы екенін ұғындырамыз. Қазақтың өне бойы ру-руға бөлініп, бір-бірімен қырқысып жүрген, соның салдарынан бодандыққа душар болған берекесіз халық емес, керісінше, белгілі бір тарихи кезеңдерде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып Алтын Орда сияқты алып та қаһарлы империя құрып, өзгелерді өзіне бағындырған қуатты халық болғанын дәлелдеу арқылы тарихи жадымызды қайта жаңғыртып, ұлттық санамызды кемелдендіріп, рухымызды асқақтата аламыз.
Алтын Орда тарихын қайта жазу, зерделеу – тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейдегі резонанс туғызатын тақырып. Бұған татар бауырларымыз сонау 1992 жылдан бастап кірісіп кеткен. Бірақ, бұл іске түгел түркі жұрты атсалысу керек. Сонда ғана нәтиже беріп, тарихи әділеттілік салтанат құрады деп ойлаймын.

–Отан тарихы ұлттық мүддемізге сай болып, халықтың бірлігін нығайтатын, рухын көтеретін құралға айналу үшін қай мәселеге мән беруіміз керек?
–Бұл – ең алдымен методологияға байланысты мәселе. Біз егер шын мәнінде ұлттық мүддеге сай ұлттық тарихымызды зерделеп жазып, оны әлемге паш етуді қаласақ, оның өзіндік ғылыми тұжырымдамалары мен бағыттары, формалары бар. Солардың біреуіне сүйеніп, деректік құжаттарды молынан пайдаланып, тарихи көзқарастарды, жетістіктерді баяндауымыз ләзім. Мысалы, көшпелілер өркениеті – номадизм тақырыбын алайық. Біз өз халқымыздың әлем өркениетіндегі орнын осы тақырыптың аясында көрсеткіміз келуі мүмкін. Бірақ бұған «қазақ бірыңғай көшпелі болмаған» деген қарсы пікірлер де айтылады. Одан басқа «Қазақстан – түркі жұртының отаны, түркілер өркениетінің көшбасшысы» деген идея арқылы өз тарихымызды дәріптей аламыз. Алайда, бұған да қарсы пікірлер кездеседі. Сол себепті біз, ең алдымен, тарихымыздың теориялық-методологиялық аспектілерін, қазақтардың әлем өркениетіне қосқан үлесін анықтап алып, дәлелдеп шығуымыз қажет. Ол үшін музейлерімізді, тарихи ескерткіштерімізді қайта жөндеп, жабдықтап, археологиялық жәдігерлерді бір жерге топтастырып, осынау бай мәдениетімізді дүние жүзін аралап көрсетсек деймін. Осы тарихи жәдігерлерімізді халықаралық және әлемдік деңгейдегі көрмелерге қойып, сапалы кино туындылар түсіру арқылы өз тарихымызды әлемге дәлелдеуіміз керек. Қазақ халқының тарихында әлемді таң қалдыратын тарихи кезеңдер, оқиғалар мен құбылыстар, сол дәуірден бізге жеткен тарихи жәдігерлер жеткілікті. Соның бәріне анау Дискавери, Хистори, Netfliх, HBO секілді әлемдік телеарналар мен киноиндустрияның назарын аудару біз үшін аса маңызды. Содан кейін әлем біздің тарихымызды мойындайтын болады, қазақтың ежелден өркениетке ұмтылған халық болғанына сенеді. Ол үшін көп жұмыс жасау керек. Мемлекет басшысының айтып отырғаны да осы мәселе деп ойлаймын. Осынау ауқымды жұмысты абыроймен атқару үшін, ең алдымен, басымызды біріктіруді және бір-біріміздің пікіріміз бен ұстанымымызды сыйлап, қолдауды үйреніп алғанымыз абзал.
Ұлттық мүддеге сай тарихи сана мен танымды қалыптастыруға бағытталған мәселе бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері тарихшылар мен қоғам қайраткерлері сан мәрте бас қосып, мұны талқылаған... Оның нәтижесі қалай болғанын көзі ашық жұршылық біледі. Менің меңзеп отырғаным, тек қазақ тарихшылары ғана емес, Орталық Азия, тіпті Ресейдің түркі тектес халықтарының басы бірігіп, ортақ өркениетті, атап айтқанда, Түркі өркениетін әлемнің оқулықтарына енгізіп алуымыз маңызды. Әйтпесе, Батыста қазақ түгілі, бүкіл түркілердің тарихына да аса мән бере бермейді.

–Тәуелсіздік жылдары Қазақстан тарихына қатысты көптеген тың жаңалықтар ашылып жатқанымен, тарихты оқыту, ұлт шежіресін қалың көпшілікке жеткізу, насихаттау, дәріптеу жағы жеткіліксіз сияқты ма?
–Тәуелсіздік жылдары көптеген тың жаңалықтар жасалды, тарихымызды қайта жазу және оларды насихаттау ісі жүргізілді. Жүрігізіліп те келеді. Әсіресе, соңғы 10-15 шақты жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Ең керемет бастама ретінде 2004 жылы бастау алған «Мәдени мұра» бағдарламасын атап айтар едім. Қаншама жетістіктер жасалды. Сол үшін де бағдарлама 2014 жылға дейін жалғасты. Одан кейінгі 2013 жылғы «Халық – тарих толқынында» атты бағдарлама жап-жақсы басталып еді, ол жарты жолда қалып қойды.
Біз өзі ғылымға, тарихқа қатысты керемет бастамаларды науқаншылдыққа ұластырып, соны дәріптеп, насихаттаймыз деп жүріп арт жағын ұраншылдыққа айналдырып алады екенбіз. Ғылыми ұстанымдарға арқа сүйей отырып, байыппен іске асырылуы тиіс жұмыстарды арзан насихатқа айырбастап алатынымыз өкінішті. Мәселен, 2017 жылы қабылданған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мемлекеттік бағдарламаны алайықшы. Әу баста керемет бастама еді. Шамамен 5-6 жылдай уақыт бойы бүкіл қоғам болып жаманды-жақсылы рухани жаңғыруға ұмтылдық. Мен де бұл іске бір кісідей атсалыстым. Ішінде кереметтей дүниелер, ұсыныстар болды. Мысалы, « Туған жерге тағзым» деген жобаның елге, жас ұрпаққа берері көп еді. Алайда, науқаншылдық пен маңызды жұмысқа атүсті қарау осы бағдарламаны іске асыру барысында да орын алды. «100 жаңа есім» деген жоба болды. Бір қарағанда табысты, еңбексүйгіш, Отаншыл азаматтарды жастарға үлгі етуді көздейтін тәрбиелік мәні бар, жап-жақсы жоба болды. Бірақ, қазіргі жастар сол «100 жаңа есімнен» үлгі алмақ түгілі, солардың ең құрығанда 10-ының аты-жөнін есіне түсіре алмайды.
Тағы бір өкінішті жайт, мемлекет тарапынан ұлттық мәдениетке, руханиятқа, тарихқа байланысты қолға алынып жататын бастамаларға, бағдарламаларға қоғамның тек қазақ тілді бөлігі ғана үн қатып, атсалысып, қолдау білдіріп жатады. Орыстілділердің көпшілігі мұның бірде біреуін қажет деп есептемейтін секілді. Мұны біз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру барысында да байқадық. Қоғамның тұтастығын сақтау үшін тиісті органдар мәселенің бұл қырына да назар аударуы керек.
Біз кейде Батысқа шамадан тыс еліктеп, өз халқымыздың ұлттық ерекшеліктерін, дүниетанымын, менталитетін ескермейтін кездеріміз де бар. Мәселен сол «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген бағдарламаның аясында гиманитарлық бағыттағы әлемнің үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аудардық. Бірақ, аудармасына сын көп, гуманитарлық бағыттағы кейбір оқулықты студент түгілі оқытушылардың өзі де түсіне алмай қалды. Оған мысалдар жеткілікті. Шатаспасам К.Армстронгтың «Діннің 4000 мың жылдық баяны» деп аталса керек, сол бір оқулықты Шымкенттегі Мұхтар Әуезов универсиетінің ғалымдары бар, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық универсиетінің оқытушы-профессорларымыз бар, бәріміз жабылып оқып, бірнеше рет талқыладық. Жазу стилі басқа, әрі ондағы авторлар бізге белгісіз, олардың ғылыми жетістіктері де бізге таныс емес. Автор бұл оқулықты жазған кезде қандай мақсат көздегені, не айтпақ болғанын сол күйі толыққанды түсіне алмадық. Бұл түсінуге сауатымыз жетпеді деген сөз емес, олардың оқыту әдіс-тәсілдері, жазу методикасы бізбен салыстырғанда тіптен басқа екендігіне көз жеткіздік. Олардың кей ғалымдарының еңбектерін аударып, өз мақсатымызға сай қолданып келгеніміз бар, әрине. Әсіресе, философтарының еңбектерімен жақсы таныспыз. Бірақ, ол Батыстың кез келген оқулығын, ғылыми еңбегін сол күйі алып пайдалана беруімізге болады деген сөз емес екен.
Не керек, биыл бұл бағдарламаның іс-әрекеті де тоқтатылды. Содан осының бәрін ойлағанда мені «біз, яғни, қазақ халқы рухани жаңғыруға дайынбыз ба» деген сауал мазалай бастады. Менің ойымша, біз алдымен отарсыздандыру бағдарламасын жасап, толық жүзеге асырып, ұлттық санамызды түбірімен жаңғыртуымыз шарт. Сонымен қатар қоғамда қазақ тілінің үстемдігін нық орнатуға тиіспіз. Осы екі мақсатқа қол жеткізбейінше, біздің елде рухани жаңғыру секілді күрделі бағдарламаның нәтижелі жүзеге асуы қиын секілді.

–Президент Ұлттық Құрылтайдағы сөзінде «төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімін әзірлеу қажет» деп айтқан болатын. Осы орайда Сіздің Әзімхан Кенесарин, Сыздық сұлтан секілді қазір ескерусіз қалып жатқан тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін зерттеп, насихаттап жүргеніңізден хабардармыз. Бұл кісілердің тарихтағы орны мен рөлі қандай? Олар Президент айтқан ұлттық деңгейдегі тарихи тұлғалардың бірыңғай тізіміне енуге лайықты ма?
–Мұнда да тұлғаларды тұлғаландыру мәселесіне қатысты тұжырымдаманы жасап алуымыз керек. Себебі, тарихымызда қарама-қайшылықты тұлғаларымыз баршылық. Әсіресе, кеңестер кезеңінде мұндай тұлғалар көп. Өйткені, отарлық жүйеден шыққан елміз. Студенттер маған үнемі «Неге осы, отар елге айналдық?» деп сұрақ қояды. Қысқа айтқанда, себебі біз дәстүрлі шаруашылықтан индустриялды қоғамға уақтылы өте алмадық. Феодалдық-патриархалды қоғамнан ағарутшылыққа бет алған индустриялдық даму қоғамына өтуге көңіл аудармадық. Тәуке хан өзінің реформаларында бұған әрекет жасап бақты. Жәңгір хан да солай істеді. Бірақ, оның ешқайсысы нәтиже бермеді. Жаңа қоғамға аяқ басуды шындап қолған Алаш қайраткерлері болатын. Олар партия да құрды, үкіметте құрды. Оның қандай нәтижемен аяқталғаны баршаға белгілі. Сталиндік репрессия бәрін құрбан етті. Біздің отар елге айналуымыздың негізгі себебі осы еді.
Сіз сұрап отырған Сыздық сұлтан мен Әзімхан Кенесариннің өмірі мен қызметі Шымкент қаласымен тығыз байланысты болған. Екеуінің де ел тарихында өзіндік орны бар. Қазақ халқының азаттығы, амандығы жолында отарлық езгіге қарсы күрескен қайраткерлер.
Әсіресе, Сыздық сұлтанның өңір тарихында алатын орны ерекше. Өткенде «Қызмет» газетінен Сыздық сұлтанның бейіті Ысқақ бап кесенесінің маңында деген дерек оқыдым. Мұны зерттеу керек. Ол киелі жердің қараусыз жатқанын көңілге қаяу түсіреді. Ағасы Ахмет сұлтанның қабірі Арыс өзенінің жағасындағы Төреарық ауылындағы зиратта. Ал, Әзімханның қызметінің Таразда, Шымкентте, жалпы өлкеде алатын орны бар. Есімі Алдабек Мангелді, Серқұл Алдабергеновтермен қатар аталады. Біз өз тарихымызды дәріптейміз десек, осындай тұлғаларымызға құрмет көрсетуіміз керек. Бұларға Шымкентте әлі де көше атауы берілмеген, берілсе де ешкім білмейтін, елеусіз көшелер берілген. Сол себепті осыдан бір-екі жыл бұрын бұлар туралы мақала да жазғанмын.
Бізді ономастикаға қатысты көп жұмыстар күтіп отыр. Шымкент жылдан жылға көркейіп, аумағы кеңейіп келе жатыр. Жаңа пайда болған үлкен көшелердің атаулары әлі жоқ. Өкінішке қарай, бүкіл елді, өлкені айтпағаның өзінде, қалаға қандай еңбек сіңіргені белгісіз, ел тарихындағы орны күмәнділеу тұлғаларға ұзындығы 15 шақырымға созылып жатқан үлкен көшелердің атауы беріліп кеткен. Ал, 16 жыл бойы қазақтың ханы болған, Сыр бойы қалаларын Орта Азия мемлекеттерінен қайтарып алып, Қазақ хандығының аумақтық тұтастығын сақтау үшін күрескен, сол жолдағы шайқаста ауыр жараланып, Ташкентте қаза тапқан Тәуекел ханға Шымкент қаласынан берілген көшенің ұзындығы жарты шақырым... Айтайын дегенім, егер Президентіміз айтқандай, «төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімі жасалса, осындай олқылықтардың орны толар еді.
–Әңгімеңізге рахмет!

Последнее изменение Пятница, 08 Сентябрь 2023 10:05