ЯМАЛДАЙ БОЛМАЙ, НЕМЕНЕ, БАЛАЛЫҚТЫ ҚИСАҢЫЗ?! Избранное

Среда, 17 Июль 2024 06:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 705 раз

немесе
Адал азамат тәрбиелеу үшін адами қасиеттерді дәріптеуіміз керек 

Сонымен төрткүл дүниенің назарын өзіне аударған EURO-2024 те мәресіне жетті. Германиядағы футбол тойы тек әдемі голдар, тартысты матчтар және сенсациялық нәтижелерімен ғана емес, жүрек көзімен қарай білген кісінің бойына рух бітіріп, көңіліне жылу ұялататын керемет сәттерімен де есте қалды. Көңілге жылу ұялатқан не десеңіз, ол — футболшылардың арасындағы қарапайым адами қарым-қатынас, қаншама жетістікке жетіп, миллиондаған доллар табыс тауып, әлемдік деңгейде жұлдыз атанып жатса да қарапайымдылығынан ажырамаған спортшылардың бірін-бірі қадірлей білуі.

IAMaL

 

Осы Еуропа чемпионатында бауырлас Түркияның футболдан ұлттық құрамасы жеңіске деген зор құлшыныс пен әдемі ойын өрнегін көрсете білді. Әсіресе, түріктің жас тарланы Арда Гюлер жасындай жарқылдады. Сол Ардаңыз Португалия құрамасымен болған ойыннан кейін қарсыласы Криштиану Роналдудың формасын естелікке сұрап алғысы келіпті (Роналду 39 жаста, ал, Гюлер бар-жоғы 19 жаста екенін ескерсек, Арданың бала күнінен Криштиануға еліктеп, оны үлгі тұтып өскені аңғарылады).
Бұл жөнінде Арда Гюлердің өзі «Португалиямен матчымыздан кейін Роналдудың жейдесін сұрап алғым келді, бірақ, адамдардан бірдеңе сұрап үйренбегендіктен, тікелей өзінен барып сұрауға ұялдым. Мен Жоау Феликсті бұрыннан жақсы танитын едім. Соған барып, Роналдудың жейдесін сұрап әперуін өтіндім. Бірнеше минуттан кейін Роналду мен Феликс киім ауыстыратын бөлмемізге келіп тұр. Мен үшін бұл өте таңқаларлық жағдай болды, біздің команданың барлық ойыншылары таңқалды. Роналду маған бұрылып: «Ассаламу-алейкум» деп сәлем берді де жейдесін ұсынды. Сол бір сәтте мен не болып жатқанын түсіне алмадым. Сөйтсем, Роналду адамдарды танымаса да оларға қуаныш сыйлап, бақытқа бөлегісі келетін өте кеңпейілді жан екен. Мен бұл сәтті ешқашан ұмытпаймын» деп, ағынан жарыла әңгімелепті.

Қандай әсерлі эпизод, қандай ғибратқа толы оқиға десеңізші?! Роналдудың кім екенін, қандай табысқа жеткенін тәптіштеп айтып жатудың өзі артық. Ол – адамзаттың арғы-бергі тарихындағы ең үздік футболшылардың бірі. Жасы жиырмаға толмай әйгілі «Реал Мадрид» клубының таңдаулы ойыншысына айналған Гюлер де осал емес. Бірақ, екеуі де «мен жұлдызбын» деп, тәкаппарлыққа бой алдырған жоқ. Бірі еш арланбай қадір тұтатын спортшысының жейдесін сұрады, екіншісі оған ізет-ілтипатын көрсетті. Кейде күнделікті тіршілігімізді көркем де жарасымды, өмірімізді мән-мағыналы етуге осындай шынайы, жылы қарым-қатынас пен қарапайымдылық, кішіпейілдік секілді асыл қасиеттер жетпей жатады...
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады» деп атап өткен еді.
Расында, жас ұрпақтың санасына қай салада болса да табысқа жетудің жалғыз жолы – адал еңбек екенін сіңіре білуіміз керек. Осы орайда, EURO-2024-тің жарық жұлдызына айналып, бар-жоғы 17 жасында Еуропа чемпионы атанған испаниялық футболшы Ламин Ямалдың табысқа жету жолындағы еселі еңбегін жастарымызға үлгі етіп айта аламыз. Оның әкесі де, анасы да Испанияға Африка елдерінен келген. Яғни, Ямал қарапайым, кедей отбасында туылған. Ол бар-жоғы 7 жасында «Барселона» акдемиясына қабылданып, 10 жылдан бері футболдың қыр-сырын меңгеріп келеді.
Хәкім Абайдың «Ғалым болмай, немене, балалықты қисаңыз?!» деп келетін шумақтары есіңізде болар. Табысқа жетудің жолында балалығын қиған жанның бірі осы Ламин Ямал деп сеніммен айта аламыз. Иә, оның табиғи таланты барын, ерекше қабілетті футболшы екенін жоққа шығармақ емеспіз. Бірақ, оның бүгінгідей табысқа жетуінің астарында сонау 2014 жылдан бері қарай төккен тері, тәртібі мен табандылығы, адал еңбегі жатқаны анық. Бір қызығы сол Ямалыңыз тек доп қуып, футбол ойнаумен шектелмей, мектепте сабағын да өте жақсы оқиды екен. Демек, перзенттерімізге «Ямалдай болмай, немене, Балалықты қисаңыз?!» деп өсиет айтсақ, ағаттық бола қоймас.
Міне, қадірлі оқырман, жас жеткіншек ұлыңызбен бірге футбол тамашалаған кезде тек ойынды қызықтаумен шектелмей, адал еңбегімен жетістікке жеткен, сөйтіп, қарапайымдылығы мен адами қалпын сақтай білген спортшыларды үлгі етіп отырыңыз. Бәлкім содан ғибрат алса, Сіздің де ұлыңыз Адал азамат болып өсіп, қазақ жұртының атын әлемге мәшһүр етер қырандай мұратты ер атанар...