«ПОЛИЦИЯ – ЖАЗАЛАУШЫ ЕМЕС, ЖӘРДЕМШІ ОРГАН» Избранное

Среда, 26 Июнь 2024 04:39 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4136 раз

Бұрынғының балалары өскенде милиция болуды армандайтын. Қазіргі балалардың блогер болғысы келеді. Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Думан ӘШКЕНҰЛЫ – сол милиция болуды армандаған ұрпақтың өкілі. Полиция департаментінің бастығымен сұхбатымыз шымкенттік тәртіп сақшыларының ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолындағы қызметі төңірегінде өрбіді.

PolSa

 

– Думан Әшкенұлы, еліміздің құқық қорғау жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар салаға қандай өзгерістер әкелді?
– Реформалар аясында орын алатын өзгерістердің басты мақсаты – заңдылықты, әділеттілікті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Полиция қызметкері азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етудің кепілі болуы тиіс. Халықтың санасында полиция жазалаушы емес, жәрдемші орган деген түсінік болуы керек. Егер әрбір полиция қызметкері азаматпен сыпайы қарым-қатынас жасаса, олардың игілігі үшін жәрдемдесуге дайын болса, адал, парасатты, тәртіпті болса ғана халықтың сенімін арттырып, мақсатымызға жетеміз. Сондықтан жеке құрамға менің қояр талабым – «өзіңе жүктелген міндеттеріңді адал орында, тәртіп бұзушылыққа, заң бұзушылыққа жол берме». Күнделікті саптық жиындарда жеке құрам назарына осыны жеткіземіз. Тәртіп пен заңдылықты сақтау, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуді талап етемін. Тәртіп, тәртіп және тәртіп! Өз қызметтік міндеттерін адал орындап, адам өмірін құтқару сынды ерлік танытып жүрген әріптестеріміз де бар және олар көп. Осы ретте мұндай қызметкерлерді әрдайым марапаттап келеміз.

– Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тәртіп сақшыларының еңбек және тұрмыстық жағдайы қандай деңгейде?
– Күнделікті саптық жиындарында қызметкерлердің жеке тәртібі және азаматтармен сыпайы қарым-қатынаста болуы жөнінде нұсқамалар беріледі. Полиция қызметкерлерінің білімі мен біліктілігін арттыру үшін апта сайын кәсіби дайындық сабақтарын өткізуге уақыт бөлінген. Сонымен қатар, қызметкерлер жүйелі түрде Ішкі істер министрлігіне қарасты жоғары оқу орындарына (Алматы, Қарағанды, Қостанай академиялары, Ақтөбе заң институты, Шымкент және Павлодар оқу орталықтары) барып немесе қашықтықтан оқып (онлайн режимде) кәсіби біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Полиция қызметкерлері мемлекет тарапынан арнайы техникалармен, арнайы киімдермен және кеңсе заттарымен толық қамтамасыз етіледі. Еңбекақылары жоғары және уақтылы берілуде. Сондай-ақ, тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында отбасыда әр жан басына пәтерақы беріледі.

– Соңғы уақытта әлеуметтік желіде тәртіп сақшыларын телефонға түсіріп, сан түрлі сауалмен састырып, масқаралауға тырысқан жазбаларды жиі көзіміз шалады. Бұл халықтың сенімін төмендетпейді ме?
– Елімізде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің жұмысы оңай емес. Олардың күнделікті жұмыс күні қауіп-қатерлерге толы екені белгілі. Қай кезде болмасын жанған оттың ішіне кіретін де, суға кеткендерді құтқаратын да, өзін-өзі өлімге қиып, көп қабатты үйден секірмекші болғандарды аман алып қалатын да – полиция қызметкерлері. Кез келген оқиғаның басына бірінші болып сол баяғы полиция жетеді. Оны өздеріңіз де әлеуметтік желілерден, жаңалықтардан көріп жүрсіздер.
Қала тұрғындары арасынан өз алғыстарын білдіріп жатқандар да аз емес. Дегенмен, өзіңіз айтқандай, әлеуметтік желіде полиция қызметкерлерін телефонға түсіріп, беделін түсіруге тырысатындар да кездеседі. Алайда, полиция қызметкері қандай да болмасын негативке қарамастан, өз міндеттерін одан әрі атқара береді. Полицияның беделі қоғамда төмен деуге болмайды. Халық полицияның жұмысының қиындығын жақсы біледі. Сондықтан халықпен әріптестік тығыз қарым-қатынас орната білу керек. Өздеріңізге белгілі болғандай, соңғы жылдары қазақстандық полиция «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты аясында қызмет етудің сервистік моделіне көшті. Яғни, ішкі істер органында полиция беделін көтеруге бірден-бір фактор – жұртқа жақын болу. Азаматтар үшін қызмет көрсетуіміз керек. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы дұрыс және әділ шешім шығару қажет. Сол кезде ғана полицияның беделі көтеріледі. Осыған байланысты, «Жолда қабылдау» акциялары, әрбір аудандық басқармаларда азаматтарды қабылдау күндері, тұрғындарды алаяқтардан сақтануға шақыру және басқа да профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Қазір патрульдік полиция полкі инспекторлары, учаскелік полиция инспекторлары планшеттермен, видеожетондармен қамтамасыз етілген. Олардың қылмыстың алдын алуға және ашуға ықпалы зор болып отыр. Сондықтан, осындай полиция қызметінің тиімділігін арттыруға, беделін көтеруге бағытталған жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

– Полиция қызметкеріне қойылатын талаптар қандай, физикалық дайындыққа қаншалықты мән беріледі?
–Тәртіп сақшылары әрдайым шұғыл және қауіпті жағдайларда әрекет етуге моральдық және физикалық тұрғыда дайын болуы керек. Түрлі жағдайларда тез шешім қабылдай білуі тиіс. Осы мақсатта ұдайы түрде сабақтар мен оқу-жаттығу жиындары өткізіледі.
ІІМ-нің талабы бойынша Шымкент қалалық ПД жеке құрам қызметкерлеріне аптасына екі мәрте жұмыс есебінен 1,5 сағат уақыт дене шынықтыру даярлығы сабағы ұйымдастырылып, онда дене шынықтыру даярлығы мен жауынгерлік күрес тәсілдері сабақтары өтеді.
Сонымен қатар, Ұлттық ұлан №6506 әскери бөлімінің «Ақтас» полигонында әр аптаның сейсенбі мен сенбі күндері аралығында (5 күн) оқу-жаттығу жиындары өтеді. Онда дене шынықтыру даярлығы мен арнайы тактикалық іс-қимылдары сабақтары жүргізіледі.
Дене шынықтыру даярлығы әзірлігін ұдайы жоғарғы деңгейде ұстау мақсатында ер қызметкерлер арнайы медициналық жасына сай 8 топқа, әйел қызметкерлер 7 топқа бөлініп, нормативтік кестеге сәйкес дене шынықтыру даярлығы бойынша қорытынды сынақ тапсырады.

– Қазақстан полициясы құрылғалы бері формасы қанша рет өзгерді, қазіргі форманың негізгі атрибуттарына тоқталып өтсеңіз?
– Қазақстан полициясы құрылғалы бері біздің формамыз екінші рет ауысты. Жаңа үлгіге ауысу кезінде полиция қызметкерлері үшін барынша ыңғайлы киім жасауға баса назар аударылып, біршама өзгерістер енгізілді. Атап айтатын болсақ, қызмет атқарудың ерекшелігі мен жағдайларын ескере отырып, жаңа үлгідегі форма дизайны мен құрылымына қарай патрульдік полиция қызметкерлеріне, сыртқы қызмет қызметкерлеріне және ішкі істер органдарының басқару аппаратына арналған киім болып топтастырылды. Қызметтердің барлық санаттары үшін «POLISIA» жарық шағылыстырғыш жазуы бар жазғы, маусымдық және қысқы киім үлгілері жасалды. Қызметкерлердің аяқ киімі алғаш рет өзгерді. Кроссовки түрінде ұсынылған тактикалық аяқ киім ыңғайлы, аяқты жарақаттанудан, сырғанаудан қорғайды. Полициядағы әйел қызметкерлеріне арналған киім жазғы кезеңде киюге арналған көйлекпен толықтырылды. Қалалар мен облыстардың эмблемаларының негізінде киімнің оң жеңіне өңірлік жапсырмалар әзірленді. Бұйымдардағы жиектің түсі қызылдан көкшіл түске ауыстырылды. Металл бұйымдар – жетон, эмблема және жұлдыздар тоқыма бұйымдарына ауыстырылды. Жарық шағылыстырғыш элементтерге ерекше назар аударылды.

– Қала тұрғындары өздеріне бекітілген учаскелік полицияларды тани ма, кері байланыс қандай деңгейде?
– Учаскелік полиция инспекторы – бекітілген әкімшілік учаскедегі оған жүктелген міндеттерді орындайтын аумақтық ішкі істер органының өкілі. Ол әкімшілік аумаққа бекітілген күннен бастап, тұрғындармен кездесіп, өзін таныстыруға міндетті. Лауазымға тағайындалған сәттен бастап бір ай ішінде учаскелік инспектор әкімшілік учаскенің пәтерлерін (аулаларын) аралап, кейіннен алынған ақпаратты әкімшілік учаскенің электрондық паспортына енгізуі тиіс. Сонымен қатар, әкімшілік аумаққа тиесілі дүкен, мейрамханалар және тағы да басқа халық көп шоғырланатын орындарға өзі туралы ақпарат пен визиткасын береді. Учаскелік полиция бөліміне келген азаматтарды қабылдауға, арыз-шағымын алуға және де басқа сұрақтармен келген кезде қабылдап, профилактикалық сұхбаттар жүргізіліп жатыр. Осыдан халық оны таниды.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.