Шәкір СҰЛТАНХАН, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы: «ЖАСТАР ӨЗ ЕЛІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ ДАЙЫН БОЛУЫ КЕРЕК» Избранное

Среда, 26 Июнь 2024 04:40 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4088 раз

Елімізде 1 наурыздан бастап өңірлік жастар кадрлық резервіне іріктеу жүргізілуде. Жобаның басты мақсаты – жас басқарушылардың өңірлік пулын қалыптастыру және өңірді дамытуға дарынды жастарды тарту. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілерге жүктелер жауапкершілік жоғары. Бүгінгі таңда салада қандай жаңалықтар мен өзгерістер бар?
Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Шәкір Сұлтанханмен атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар жөнінде аз-кем әңгімелескен едік.

JasTaR

 

– Шәкір Асылханұлы, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау бойынша жұмыс барысын айтып өтсеңіз. Қандай бағыттарға басымдық берілуде?
– Бүгінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен оның аумақтық департаменттері заң бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер құқықтарының бұзылуына жол бермеуге бағытталған профилактикалық жұмыстарды жүргізуге басымдық беруде. Профилактикалық жұмыстар, бірінші кезекте, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бекітілген мемлекеттік қызметшілердің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіруге бағытталған қадамдық жоспары аясында жүргізілуде.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы және қызметтік әдеп нормаларын түсіндіру, мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау және қызмет көрсету бағытындағы заңнамадағы өзгерістер бойынша Персоналды басқару қызметі қызметшілері мен Әдеп жөніндегі уәкілдерге, мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссия төрағалары мен мүшелеріне биыл ақпан айынан бастап ай сайын тұрақты түрде әдістемелік-тәжірибелік семинар-тренингтер, «дөңгелек үстел» мәжілістері, диалог алаңдары, семинар кеңестер ұйымдастырылуда.
Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің еліміздің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын және қызметтік әдеп нормаларын түсіндіру арқылы құқықтық сауаттылығын арттыру, аналитикалық ойлауды және нақты жағдайлар контексінде құқықтық нормаларды түсіндіру. Тренингтер барысында талдау нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерге жалпы шолу жасалып, оның заңнамалық негіздері талқыланады. Сонымен қатар, агенттіктің Шымкент қаласындағы Әдеп жөніндегі кеңесімен мемлекеттік органдардың заң бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған профлактикалық мәселелерді қарау үлесі жылдан-жылға ұлғаюда. Атап көрсетсек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша алқалы органмен күн тәртібінде қаралған профилактикалық мәселелердің үлесі 72,5 %-ды құраған болса, биылғы 6 айда бұл көрсеткіш 87%-дан асқан, яғни биылғы бірінші жартыжылдықта айтарлықтай өсімді көрсетіп отыр.

–Заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған басқа қандай ұтымды тәжірибелер қолданылуда?
– Атап өткенімдей, департамент жұмысының негізгі бағыттарының бірі –азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау. Бұзылған құқықтарды қорғау үшін департамент жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік қызметшілердің жеке жүгінулері, арыз-шағымдары негізінде тексеру жүргізумен ғана шектелмейді. Осы ретте мемлекеттік қызметшілердің заңмен кепілдік берілген әлеуметтік қорғалуын, заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету және заңнама талаптары бұзылуының алдын алу мақсатында департамент тарапынан талдау іс-шаралары кеңінен жүргізілуде.
Талдаулар мемлекеттік қызметшілердің құқықтары сақталуының ағымдағы жағдайы мен жай-күйін анықтауға және құқықтық баға беруге, бұзушылықтардың профилактикасын жүргізуге мүмкіндіктер береді. Бүгінгі таңда департамент тарапынан мемлекеттік қызметшілерге сыйлықақы беру, қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылу, қызметтік автокөлікті пайдалану бойынша шектеулерді сақтау, еңбек демалысын беру, іссапар шығындарын төлеу, үстеме жұмысқа тарту, тәртіптік жазаларды қолдану мен жұмыстан босату талаптарын сақтау мәселелеріне қатысты талдаулар жүргізіліп, қорытындылары бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекеттік мекемелер тарапынан анықталған бұзушылықтар жойылып, қызметшілердің бұзылған құқықтары қалпына келтірілген.
Департамент тарапынан жүргізілген талдау қорытындылары бойынша еңбек демалысын беру және іссапар шығындарын төлеу мәселесі бойынша - 23, үстеме жұмысқа тарту талаптарының сақталуы мәселесі бойынша - 101, тәртіптік жаза қолдану талаптарының сақталуы мәселесі бойынша - 4, жұмыстан босату заңдылығына қатысты – 1, жалпы 129 қызметшінің құқықтары қалпына келтірілгенін ерекше атап өткім келеді. Мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты режимінің сақталуы бойынша жүргізілген мониторингтік жұмыстардың нәтижесінде жұмыс уақытынан тыс жұмыс атқарған 101 қызметшінің құқығы қалпына келтіріліп, оларға тынығу уақыттарының берілуі қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, жұмыстан заңсыз шығару туралы бұйрықтың күші жойылып, мемлекеттік қызметші жұмыс орнына қайта орналастырылған.
Агенттіктің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстардың нәтижесімен әдеп нормаларын сақтамау деректері бойынша тәртіптік жазаға тартылған мемлекеттік қызметшілердің үлесі 40%-ға төмендеген. Яғни, көріп отырғанымыздай, жоғарыда аталған профилактикалық жұмыстар өзінің оңды нәтижесін беруде. Осыған орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан заң бұзушылықтарды болдырмау, олардың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

– Мемлекеттік қызметке келген жас мамандарды, жалпы мемлекеттік қызметшілерді оқыту қалай жүзеге асырылуда?
– Мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілер әрбір үш жыл сайын біліктілігін арттырып отырады. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалында жүзеге асырылады. Академияның филиалы профессорлық-оқытушылар құрамымен жасақталған. Мемлекеттік қызметке жаңадан кірген азаматтар және басшы лауазымға тағайындалған азаматтар 3 апталық қайта даярлау курсынан өтеді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте екі жылдық еңбек өтілі бар мемлекеттік қызметшілер үшін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына магистратураға түсуге болады. Академияға түскен мемлекеттік қызметшілерге айлық жалақысы есебінен стипендия белгілене отырып, оқу барысында мемлекеттік қызметшінің орны сақтала отырып, еңбек өтілі жүргізіледі.
Мемлекеттік қызмет дарынды жастар үшін әрдайым ашық. Бүгінде мемлекеттік аппарат жұмысына білімді де білікті жас мамандарды тартуға бағытталған жаңа тәсілдер белсенді енгізілуде. Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою тапсырмасын орындау мақсатында 2023 жылы агенттік бастамасымен мемлекеттік грант бойынша білім алып, оны жақсы көрсеткішпен бітірген ЖОО-ның үздік түлектерін (GPA баллдары -3,33 жоғары) мемлекеттік қызметке конкурссыз тікелей тағайындау мүмкіндігі енгізілді. Олар аудандар мен ауылдардағы төменгі лауазымдарға мемлекеттік қызметке бара алады.
Мемлекеттік қызметке келген мамандардың бейімделуі үшін де бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Оларға бағыт-бағдар беру мақсатында тәлімгерлер бекітіледі. Осы мақсатта департамент жанынан құрылған «Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органы жұмыс істейді. Аталған кеңес мемлекеттік қызметте абыройлы, қызметінде белгілі бір жетістікке жеткен мемлекеттік қызметтің ардагерлері қауымынан құрылған.
Тәлімгерлер кеңесінің басты мақсаты – мемлекеттік басқарудың сабақтастығын, жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының кәсіби бейімделуіне практикалық көмекті, өңірлік кадр құрамының тұрақтылығын қамтамасыз ету. Сондай ақ, 2023 жылдан бастап Шымкент қаласы бойынша департамент жанынан «Еріктілер кеңесі» консультативтік-кеңесші органы жұмыс жасайды. Бұл кеңес департамент қызметкерлері тарапынан, аумақтық органдар мен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері қатарынан құралған. Кеңестің мақсаты – азаматтар мен жастардың, студенттер мен оқушылардың ерікті қызметке қатысуын кеңейту, оларға белсенді өмірлік ұстаным дағдыларын қалыптастыру. Бүгінге дейін департамент тарапынан 20-ға жуық іс-шара өткізілді.

– Қалада өңірлік жастар кадрлық резервіне іріктеу жүргізілуде...
– Өңірлік резервке алынған жастар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналаса алады. Жастар өз еліне, Отанына қызмет етуге дайын болуы керек. Бүгінгі таңда өңірімізде 2000-ға жуық мемлекеттік қызметші бар. Оның ішінде 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі – 40 пайыз. Кадрлық іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді және үш жылдан кем емес еңбек өтілі бар ҚР азаматы қатыса алады. Мемлекеттік қызмет – өте үлкен жауапкершілік. Іріктеуге жаңаша идеясы бар, талапты, патриот азаматтар бару керек екенін атап өткім келеді.

– Департаментке қала тұрғындарынан мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты арыз-шағымдар көп түсе ме?
– Жалпы департаментке мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына жеке және заңды тұлғалардан 289 (2023ж. – 131, 2024 ж. - 158) шағым түсті. Тексеру жұмыстары нәтижесінде 83 шағымда құқық бұзушылық табылып, нәтижесінде шағымданушылардың құқықтары толық қалпына келтірілді. Қызмет алушылардың басым бөлігі жер, сәулет және әлеуметтік салаларға шағымданған.
Мемлекеттік органдарда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автотұрақ орындарының, пандус, қоңырау шалу батырмасы, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әжетхана, электронды кезек жүйесі, өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары болуы қажет. Сондай ақ, департамент тарапынан қоғам өкілдерінің қатысуымен арнайы топ құрылып, қоғамдық бақылау жүргізілуде. Қазіргі таңда 21 мекемеде біршама кемшілік анықталып, олар бойынша ұсыныстар енгізіліп, кемшіліктер жойылды.

– Бюрократияны болдырмау бағытындағы жұмыстарды атап өтсеңіз.
– Қазіргі қоғам жағдайында мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және бюрократия деңгейін төмендету–азаматтардың жоғары өмір сүру сапасын қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі. Соңғы жылдары елімізде азаматтардың шағымдарын азайту және мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылтуға бағытталған реформалар белсенді жүргізілуде. Бюрократиядан арылтудың алғашқы қадамдардың бірі қолданыстағы әкімшілік процедураларды қайта қарау және жеңілдету болды. Бұл мемлекеттік қызметтерді алу үшін қажетті құжаттар санын қысқартуды, келісу және бекіту рәсімдерін жеңілдетуді, сондай-ақ азаматтардың өтініштерін рәсімдеу үшін бірыңғай стандартты енгізуді қамтиды.
Бюрократиядан арылтудың маңызды аспектісі – цифрлық технологияларды белсенді енгізу. Мемлекеттік қызметтердің электрондық порталдарын құру және дамыту азаматтарға үйден шықпай-ақ онлайн режимінде қажетті анықтамалар мен құжаттарды алуға мүмкіндік береді. Электрондық құжат айналымы сұраныстарды өңдеу уақытын қысқартады және адам факторына байланысты қателіктердің ықтималдығын азайтады.
Жалпы айтқанда, мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік. Мемлекеттік қызметші – өзіне мемлекеттің міндеттері мен функцияларын адал жүзеге асыруға ант берген тұлға. Мемлекеттік қызметшілерге қарапайым болу, жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтау, мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұру, заңда белгіленген шектеулерді сақтау, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, әдепсіздік фактілеріне жол бермеу, іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, мемлекеттік мүлікті тек нысаналы мақсаты бойынша, лауазымдық міндеттерін және рұқсат етілген қызмет түрлерін орындау үшін пайдалану сынды талаптар қойылады.
Мемлекеттік қызметке дарынды жастар келуі тиіс. Бүгінде жастардың үлесі артып келеді. Бұл – өте қуантарлық. Осы салада атқарылып жатқан реформалар, бастамалалар өз жемісін беретініне сеніміміз мол.
Барша мемлекеттік қызметшілерді, осы саланың дамуына аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарды Мемлекеттік қызметішілер күнімен құттықтаймын!

Ә.АЙТӨРЕ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.