ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУДАҒЫ НАҚТЫ ҚАДАМ Избранное

Среда, 25 Май 2022 04:40 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 2288 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасын республикалық референдумға шығаруды ұсынды.

615

 

Референдум тақырыбы бүгінгі таңда қоғам арасында қызу талқыланып, көпшіліктің қолдауына ие болып отыр. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар азаматтардың сұранысына негізделіп, жалпы қоғамның мүддесін көздейді. Ең бастысы, ол өзгерістердің барлығы халықтың талқысына салынып, ой-пікіріне сәйкес қабылданады.
Конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанының дәлелі әрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі екені анық. Референдум – демократиялық түрлендірудің маңызды элементі және мемлекет пен қоғам үшін ең өзекті мәселелер бойынша азаматтардың дауыс беру құқығы. Конституцияның жаңаруы іргелі сипатқа ие болып, елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертеді. Осылайша, 99 баптан тұратын Конституцияның үштен бір бөлігі жаңартылады.
Нақтылап айтсақ, Мәжіліс пен облыстық мәслихат депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі. Мәслихаттардың ықпалын арттыру арқылы сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік жасалады. Аудандық және қалалық мәслихат депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесінің енгізілуі өңірлердің тыныс-тіршілігіне азаматтардың ықпал ету мүмкіндігін арттыруға жол ашады. Конституцияның жаңарған нұсқасында Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады.
Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру бағытында біршама өзгерістер болмақ. Біріншіден, Конституциялық Кеңес Конституциялық Сот болып қайта құрылып, азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей қарайтын болады. Сондай-ақ өлім жазасын жою туралы шешім конституциялық деңгейде түпкілікті бекітіледі. Прокуратураның құзыреті, оның жасақталуы мен қызмет тәртібі Конституциялық заңмен белгіленеді. Бұл құқық қорғау қызметінің жүйелі жұмыс істеуін және заңда белгіленген тәртіпке сәйкес мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын қадағалауды күшейтуге тиіс. Конституцияның жаңа 83-1-бабының нормалары Адам құқықтары жөніндегі уәкілге иммунитет береді. Ол азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау кезінде қандай да бір өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға тәуелді болмай, өз жұмысында тек Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Осылайша, конституциялық реформа азаматтардың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттырады және саяси үдерістерді шын мәнінде демократияландыра түсетіні анық.
Реформалар шеңберінде азаматтық қоғам институттарын дамытуға басымдық берілуде. Президент үкіметтік емес сектордың әлеуметтік мәселелерді өзектендіруге және шешуге қосқан үлесін, сондай-ақ олардың реформаларды іске асырудағы маңызды рөлін бағалады. Сондықтан азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту үшін кешенді жоспарлар түзілуде. Мәселен, Ұлттық Құрылтай алаңы – бұл еліміздің барлық өңірлеріндегі жұртшылық өкілдеріне елді орталық деңгейде дамыту мәселелерінің кең ауқымын талқылауға қатысуға мүмкіндік беретін қоғамдық шарттың жаңа институты болмақ. Ұлттық құрылтайдың құрамына барлық өңірлердің өкілдерінен басқа бірқатар Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Азаматтық альянстың, Қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, бизнес, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өкілдері, сондай-ақ басқа да азаматтар кіреді. Сонымен қатар, сарапшылар, ҮЕҰ, БАҚ қатысуымен барлық ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттарға қоғамдық талқылау жүргізілетін болады.
Референдум – еліміздің болашағын айқындайтын, мемлекетіміздің тұғырын биіктететін маңызды тарихи белес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бастаған саяси реформалар ел дамуына бағытталып отыр. Сондықтан еліміздің демократиялық, әділетті және өркениетті мемлекет ретінде дамып, гүлденуіне баршамыз атсалысып, өз үлесімізді қоса аламыз. Жарқын болашақ үшін бірлігімізді бекемдеп, 5 маусым күні дауыс беруге шақырамын!

Жанар БЕКТАЕВА,
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы

«AMANAT» партиясы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалы қаражатынан төленді.

 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Референдум – болашаққа жасалған нық қадам