ЕЛ ЕКПЕДЕН НЕГЕ ҚОРҚАДЫ?

Пятница, 19 Май 2023 04:37 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5525 раз

Мамыр, маусым айлары — қызылша мен қызамық ауруларының жиілейтін кезі. Бала ағзасында едәуір қиын өтетін кеселдің сауығу кезеңінің ұзақтығымен қоса, жұқпалылығы тағы бар. Сол себепті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен арнайы екпе кестесіне сәйкес, маусымдық аурулардың алдын алып, кеселмен күресті күшейтетін иммунитетті қалыптастыру мақсатында біздің елде де екпе егіледі. Алайда, екпенің құрамы мен пайдасына күдіктене қарап, екпе салдырудан бас тартып жатқан ата-аналардың қатары азаймай отыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы жылдары екпеден бас тартқандардың 45 пайызы үгіт-насихаттың аздығынан, ал 43 пайызы діни көзқарасқа байланысты, 6 пайызы БАҚ, интернет-ресурстардан алған жағымсыз ақпараттардың әсерінен бас тартса, қалған 6 пайызы екпе сапасына күмәнмен қарайтынын айтқан. Екпеден бас тарту баланың болашағына қауіп төндіретін қате шешім бе? Оның қандай зардаптары бар? Екпеден бас тартқан елдерде ахуал қалай? Шет елден келетін екпелер қандай тексерулерден өтеді? Көкейдегі сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

49

 

Вакцинадан бас тартқандар

2017 жылдан бастап Еуропа елдерінің халқы да екпеден бас тарта бастаған. Салдарынан қызылшамен сырқаттанғандардың саны артқан. Ең көп жағдай Румынияда тіркеліп, 9 мыңға жуық науқастың 35-і қайтыс болған. Италияда 4 мыңнан астам адам қызылша жұқтырып, оның үшеуі бақилық болған. Грекияда 2017 жылдың мамыр-қыркүйек айлары арасында 100 мыңнан астам адам қызылшамен сырқаттанған. Қызылшамен сырқаттану Австрия, Бельгия, Болгария, Венгрия, Германия, Исландия, Испания, Португалия, Чехия, Швейцария, Швеция, Франция елдерінде де тіркелген. Батыс елдері жұқпалы дерттің өршуін халықты вакцинациялаудың төмендігімен байланстырған.
Инфекцияның иммундық алдын алу шарасын 1796 жылы ағылшын дәрігері Эдвард Дженнер екпе жасаудан бастаған екен. Шешекке қарсы екпе бекеттерін Лондонда ашқан Дженнер ауруға қарсы белсенді иммунизацияны жүргізуді жолға қойып, инфекциялық аурулардың алдын алудағы ең нәтижелі әдіс екендігін дәлелдеді. Ал, қазақ топырағында шешекке қарсы екпе әдісін 1388-1487 жылдары өмір сүрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы енгізген. Демек, қазақ даласында бұл әдісті еуропалықтардан бірнеше ғасыр бұрын пайдаланған. Ал, бүгінгі таңда екпелердің барлығы шетелден әкелінеді. Көпшілік көкейіндегі екпе құрамына деген күдік содан болса керек.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде оба инфекциялық ауруына ғана қарсы екпе шығарылады. Ал, екпенің басқа түрлері Франция, Бельгия, Үндістан, Ресей, Корея және Жапонияда өндіріледі. Министрлік екпенің құрамына күдіктеніп, алаңдауға ешқандай негіз жоқ екенін алға тартып отыр. Себебі, Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ мақұлдаған екпе түрлерін ғана сатып алады.
Елге әкелінетін екпелер мемлекеттік тіркеуден өтеді. Ал, тіркеу кезінде вакциналарды бірнеше кезеңдік зертханалық тексеруден өткізеді. Шетелден әкелінген екпелердің барлық партиясы дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығында арнайы тексеріледі. Екпенің қауіпсіздігі расталған кезде ғана медицина ұйымдарына таратылады. Ал, вакцинамен жұмыс істейтін мамандар екпені егу, қолдану бойынша арнайы дайындықтан өткізіледі.

Екпе иммунитетті жоя ма?

Дәрігерлердің айтуынша, вакцина биопрепарат болған соң, егуден кейінгі асқыну, баланың дене қызуының жоғарылауы, жергілікті ісінулер, аллергиялық реакциялар, сирек энцефалиттер болуы мүмкін. Кейде ата-аналар асқынуларды желеу етіп, екпеден бас тартып жатады. Жұқпаға қарсы екпе алмаған бала сол жұқпалардың ошағына, яғни инфекцияны таратушыға айналуы мүмкін. Ата-аналардың көпшілігінде екпе табиғи иммунитетті жояды деген де пікір бар. Пікірдің дұрыс-бұрыстығын Шымкент қалалық №11 емхана бас дәрігерінің «Ана мен баланы қорғау» жөніндегі орынбасары, иммунопрофилактика жұмысына жауапты дәрігер Қанымкүл Амангелдіқызынан сұраған едік.

48


— Иммунитет дегеніміз – ағзаны инфекциялар мен аурулардан қорғайтын иммундық органдардың, лимфа және қан жүйелерінің, асқорытудың, бөліп шығару органдарының келісілген қызметтері. Күшті иммундық реакциялар кезінде бала ауырмайды, пайда болған сырқатты жылдам және оңай жеңеді. Қоршаған ортаның әсерінен иммундық реакциялар жоғарылауы немесе әлсіреп кетуі мүмкін. Бұлай өзгеріп тұруына тамақтану, өмір сүру салты, шынығу, ішек құрттарының пайда болуы әсер етіп жатады. Сондай-ақ, дерттен айыққаннан кейін де бала иммунитеті айтарлықтай әлсірейді. Балалар неғұрлым жиі ауырған сайын, уақыт өте соғұрлым күштірек инфекцияларды жұқтырғыш болады. Екпе салынғаннан кейін патогенді ағзаны жеңген лимфоцит жасушалары «жауды» жадында сақтап қалады. Ағзаны қайта шабуылдаған жағдайда иммундық реакция іске қосылады. Аурудың алдын алу мақсатында егілетін екпелердің жұмыс істеу механизмі осындай. Балаға вакцинамен басқарылатын инфекцияларға қарсы екпе егілгеннен кейін иммунитет аздап әлсіреуі мүмкін. Сондықтан екпе алар алдында дәрігерлер баланы толыққанды тексеріп, екпеге қарсы көрсетілім болмаған жағдайда рұқсат береді. Алдын алу екпелерін дұрыс қабылдамаған кезде, бұл иммунитеттің төмендеуіне және жалпы ағзаның әлсіреуіне әкеледі. Яғни, вакциналау – белгілі бір жұқпалы аурудың алдын алу үшін қолданылатын ең тиімді әдіс. Ол адам организміне арнайы тәсілмен дайындалған антигендік қасиеті бар заттарды енгізу арқылы жүзеге асады. Балалар невропатологы негізінен ұйқының қалыпқа келуіне баса назар аударады. Ересектер күніне кем дегенде 8 сағат ұйықтауы керек. Балалар үшін ұйқы уақыты 9-10 сағат. Ұйқының бұзылуы кезінде денсаулық жағдайы, ми қызметі және барлық органдар мен жүйелердің жұмысы нашарлайды. Бұл, әсіресе, бала ағзасына қауіпті. Мұндай бұзылулардың салдары нәрестенің өсуі мен дамуына кері әсер етеді. Жоғарыда аталған аурулардың немесе жүйке-жүйесінің бұзылысы кезінде невропатолог дәрігер педиатрмен бірлесе отырып, екпе салуға уақытша немесе тұрақты медициналық шеттету береді, - дейді дәрігер.

«Екпеге дінде қарсылық жоқ»

Сөз басында ата-аналардың 43 пайызы діни көзқарасқа байланысты екпеден бас тартатынын айтқан едік. Дінімізде екпе жасауға тыйым салынады ма? Бұл сауалды дін мамандарына қойдық.
— Екпе салуға дінімізде ешқандай қарсылық жоқ, – дейді ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхаммеджан Естеміров. –Оған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисі дәлел:«Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Бір дерттің ғана дауасы жоқ, ол – кәрілік», – деді (Ахмад ибн Ханбал). Бұл хадис әрбір дерттің емі бар екенін білдіреді. Әйтсе де, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген кісі зиян көрмейтіні анық. Ислам діні әрбір адамға өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және ауру-сырқаттан емделудің алдын алу жолдарын іздеуге міндеттейді. Вакциналау заңды түрде әрі кәсіби мамандардың нұсқауымен жүзеге асуы керек. Бұл мәселе медицинаға қатысты болғандықтан, сол саланың мамандары оны жан-жақты зерттеп, адамның денсаулығына пайдалы немесе зиянды тұстарын анықтап, оны қолдану туралы нақты шешім қабылдауы тиіс. Өйткені, Алла Тағала Құранда: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» («Нахыл» сүресі, 43-аят), – деген. Вакцина құрамында шариғатта тыйым салынған заттар болмауы тиіс. Себебі, шариғатта кез келген харам және нәжіс затпен емделуге рұқсат жоқ. Бірақ зәрулік жағдайларда, яғни екпе қолданбаған жағдайда өміріне қауіп төнетін болса және одан басқа халал түрі табылмаса, бар екпені қолдануға рұқсат етіледі. Өйткені Алла Тағала: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар» («Бақара» сүресі, 195-аят) – деп бұйырған. Аурудың алдын алу мақсатында екпе егуге рұқсат. Мұндай вакциналау әрбір азаматтың келісімі бойынша орындалуы тиіс. Қоғамда жұқпалы аурулар күшейіп, өзіне және өзге адамдарға зияны тигізу ықтималы артса, сол ауруға қарсы екпе алу қажет болады, - деп түсіндірді М.Естеміров.

50


Екпенің жай-жапсарын зерттей келе, түрлі ақпаратқа кезіктік. Көз жеткізгеніміз, адамзатқа әкелген пайдасы ғана. Ал, халық үшін зардабы тиетін егу препараттарына қыруар қаржы жұмсау мемлекетке тиімсіз. Жер шарын жайлаған оспа дертінің де көзі 1978 жылы вакцинация көмегімен жойылған. Әлемнің көптеген елдерінде 2002 жылы, соның ішінде Қазақстанда полиомиелиттi жою жұмыстары кеңінен қолға алынған. Нәтижесінде одан кейін полиомелит жұқпасы елімізде тіркелмеген. Сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, әртүрлі вакциналардың арқасында жылына әлем бойынша 3 миллиондай сәби аурудан аман қалып, 750 мыңдайы мүгедек болу қаупінен арылады екен. Өкінішке орай, әлемде 3 миллиондай сәби қарсы екпесі табылмаған түрлі жұқпалы аурудан көз жұмады екен.

P.S.

Бірқатар мемлекеттерде екпе алмаған балалар өзгелерге қауіп төндірмес үшін оларды балабақша, мектепке қабылдауға тыйым салынған. Ал, біздің елімізде қауіпті жұқпалы дертке қарсы екпені бірде-бір рет алмаған бөбектер балабақшаға, мектепке барып жүр. Ал, дәрігерлер бұл жағдайдың баланың денсаулығы үшін де, қоғам үшін де қауіпті екенін айтып, дабыл қағуда. Себебі, екпе алмаған бала жұқпалы ауру тараған жағдайда оған қарсы иммунитет қалыптаспағандықтан дертті ауыр өткізеді және ары қарай сол жұқпаны тасымалдаушыға айналады. Бірқатар елдерде мұндай жағдайлар заң аясында шешімін тауып, оң өзгеріске қол жеткізгенін ескерсек, бізге де заңдық тұрғыдан бір талаптың қажет екенін меңзеп тұрғандай.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.