Осы орайда, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстан мен әділетті қоғам орнату бағытындағы ауқымды реформаларының маңызды бағыттарының бірі – жаңа әлеуметтік саясат. Оның мақсаты – әрбір отбасының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту. Осы мақсатқа жету үшін мемлекет, бизнес және азаматтар арасында жаңа әлеуметтік келісімшарт жасау көзделіп отыр. Сәуір айында Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Әлеуметтік Кодексте осы жұмыстар құқықтық, заңнамалық тұрғыда реттелген.
Сонымен жаңа заңнамаға сәйкес, Қазақстанның әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қандай өзгерістер енгізіледі? Мемлекет әр азаматын қамқорлықсыз қалдырмау үшін нендей шараларды қолға алмақшы? Бүгінгі мақалада осы сауалдарға жауап іздейтін боламыз...
Кедейлік шегі медианды-орташа табыстың 50 пайызына тең болады
Жаңа Әлеуметтік Кодекстің ең үлкен жаңалығының бірі – атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа тәртібі мен ережесі. Ендігі жерде мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек кедейліктің салдарын жоюға ғана бағытталмай, ол алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алатын атаулы шара ретінде қарастырылады. Мұндай парадигманы жүзеге асыру үшін кедейлік шегін есептеудің жаңа тәсілі енгізілмек.
Республикада ең төменгі күнкөріс деңгейі 2023 жылы – 40 567 теңгені құрайды. Мамандардың айтуынша, ең төменгі күнкөріс деңгейі екі бөліктен тұрады: азық-түлік бөлігінің үлесі – 55 пайыз және 43 түрлі өнім бағасына тәуелді. Ал, азық-түліктік емес бөлігінің үлесі – 45 пайыз, оған халық кең тұтынатын тауарлар мен қызметтер кіреді. Бүгінде осы күнкөріс минимумының 70 пайызы кедейлік шегі ретінде белгіленген. Яғни, Қазақстанда кедейлік шегі 28 396 теңгені құрайды. Егер отбасының табысы жан басына шаққанда осы соммадан асып кетсе, ондай отбасы атаулы әлеуметтік көмекке үміткер бола алмайды.
Сарапшылар да, қарапайым азаматтар да кедейлік шегін есептеудің мұндай тәсілі дұрыс емес деп санайды. 2022 жыл қорытындысында Қазақстанда инфляция рекордтық 20,3 пайызға жеткенін және ресми деректердің өзі азық-түлік тауарларының бағасы кем дегенде 25,3 пайызға, өзге тауарлардың құны 19,4 пайызға, ал, ақылы қызметтер 14,1 пайызға өскенін ескерсек, көпшіліктің наразылығы орынды секілді. Әйтпесе, жан-басына шаққанда 35-40 мың теңге табысы бар отбасыны кедей емес деп айтуға кімнің аузы барады?!
Міне, қоғамда әбден пісіп-жетілген осы мәселені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де ескерген сыңайлы. Әлеуметтік Кодексте халықтың орташа-медианды табысы деген ұғым енгізіліп отыр. Егер ең төменгі күнкөріс деңгейіне физиологиялық қалпына келуін қамтамасыз ететін болса, медиандық табыс – жалпы халықтың нақты тұтынушылық шығындарын жабатын көрсеткіш. Яғни, ол ең төменгі күнкөріс деңгейінен әлдеқайда жоғары деген сөз.
Әлеуметтік Кодексте қамтылған нормаларға сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы кедейлік шегі қазіргідей ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына емес, халықтың медианды-орташа табысының 50 пайызына тең деп белгіленеді. Сарапшылар бұл механизм қазақстандықтардың көбірек бөлігінің мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, атаулы әлеуметтік көмек алуына жол ашады деп есептейді.
Ешкім мемлекеттің қолдауынан тыс қалмайды
Әділеттілікті қамтамасыз ету – мемлекеттің ең басты миссиясы. Мемлекеттің өзі қоғамда әділдік орнауы үшін ғана бар. Яғни, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға Қазақстан азаматтары теңдей қол жеткізе білуі тиіс. Ол үшін мемлекеттің тиісті органдарының қолында әрбір азамат, әрбір отбасы жөнінде, олардың әлеуметтік жағдай, денсаулығы, жасы, жұмыспен қамтылуы, табысы секілді деректердің бәрі болуы тиіс. Міне, сондықтан Кодекстің тағы бір елеулі жаңалығы – Отбасының цифрлық картасы немесе еліміздегі отбасылардың дербес дерекқоры. Бұл дерекқор мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелері негізінде қалыптастырылады.
Бұл жүйенің маңыздылығы жөнінде Шымкент қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында:
–Отбасының цифрлық картасы, біріншіден, қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Яғни, мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын қарастыруға мүмкіндік алады. Екіншіден, карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік санатына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы қызметін атқаратын болады.Үшіншіден, мемлекеттік қолдауды проактивті форматта жүргізу көзделген. Яғни азаматтарға әлеуметтік төлемдер мен көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделіп тағайындалады. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылады, - деп жазған басқарма басшысы.
Балмаржан Полатқызының мәлімдеуінше, Шымкент қаласында 2023 жылдың қаңтар айынан бастап әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтердің 10 түрін көрсету бойынша тұрғындарға 59 мыңнан астам СМС-хабарлама жолданып, 38 200 адамға төлемдер тағайындалған. Оның ішінде 5 600-і проактивті форматта жүзеге асырылыпты.
Айта кетейік, цифрлық картадан көп балалы отбасылардың түрлі әлеуметтік сын-қатерге тап болуы ықтималдығы жоғары екендігі анықталған. Сондықтан мемлекет балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы жүйесін сақтай отырып, балаларды қорғаудың қосымша атаулы шараларын енгізуді жоспарлауда.
Әлеуметтік қызметтің жан басына шаққандағы нормативі енгізіледі
Кодекстің үшінші жаңалығы – Қазақстандағы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін түпкілікті трансфомациялау. Бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арнаулы әлеуметтік қызметтерді ешқандай кедергісіз әрі жеткілікті мөлшерде алуына жол ашуы тиіс. Ол үшін бірқатар өзгерістер енгізілмекші.
Біріншіден, арнаулы әлеуметтік қызметтердің жан басына шаққандағы нормативі енгізіледі. Оның мөлшері қызметтер үшін жеке норматив, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін шектеулі бағалар түрінде жіктелмек.
Мамандар бұл өзгерістер бір жағынан, кейбір қызмет немесе тауар түрлерін алдағы уақытта монетизациялауға алып келетінін, ал, екінші жағынан, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге жеке секторды көбірек тартудың есебінен саланың инфрақұрылымын дамыта түсуге жол ашылатынын айтады.
Тағы бір өзгеріс – бұл мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін барынша көбірек тарту көзделген. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде ресімделуіне болады. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады. Осылайша, отбасының еңбек жасындағы жұмыссыз мүшелері қызметке орналасады.
Мұнан бөлек Әлеуметтік Кодексте еліміздегі зейнетақы жинақтаушы жүйесі мен әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамытуға бағытталған шаралар да көзделген. Мәселен, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалдамалы жұмысшыларға жұмыс берушінің есебінен қосымша 5 пайыздық зейнетақы жарнасы аударылады. Ал, жұмысынан айырылған жұмысшыларға 6 ай бойына бұрынғы жалақысының 45 пайызы көлемінде өтемақы төленеді.
Жалпы, Кодексте Қазақстандағы 7 миллионға жуық отбасын 4 топқа бөліп қарастырған екен. Олар: әлеуметтік жағдайы жақсы отбасылар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, дағдарыстық жағдайдағы отбасылар және шұғыл жағдайдағы отбасылар. Мемлекет дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы отбасылардың әлеуметтік жағдайын оңалтуға, ал, өзге 2 топтағы отбасылардың әлеуметтік қатерге тап болып, жағдайының төмендеп кетпеуіне қажетті шараларды атқарады. Яғни, қортындылап айтқанда, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Әлеуметтік Кодексті еліміздегі 7 миллион отбасының қамын жейтін құжат деп айтуға толық негіз бар.