Он екі мүшең сау болса... Избранное

Пятница, 13 Октябрь 2023 04:27 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2385 раз

Шымкентте медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі артып келеді

Халық денсаулығы – еліміздің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды факторлардың бірі. Сондықтан мемлекет дені сау ұлт қалыптастыру мақсатында денсаулық сақтау саласын дамытуға баса назар аударады. Медициналық қызмет сапасын арттыру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдіру, кадрлық қамтамасыз ету, медициналық көмекті қаржыландыруды ұлғайту, ана мен баланы қорғау сияқты басым бағыттарындағы жұмыс сапасы жыл сайын жақсарып келеді. Осы орайда Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков қалалық мәслихатта депутаттарға есеп беру кезінде денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндаған болатын.

504

 

–Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау мақсатында халықтың көпшілік бөлігі үшін оның барынша ұтқырлығы мен қолжетімділігін жақсарту жөнінде іс-шаралар жоспары бекітілген. Министрліктің мәліметінше, республика бойынша 2025 жылға дейін медициналық-санитарлық алғашқы көмектің 500 нысанын салу жоспарланған. Шымкент қаласында бүгінде 76 МСАК нысаны халыққа қызмет көрсетеді, 2025 жылға дейін тағы 15 нысанның құрылысын жүргізу және ашу жоспарлануда, – дейді Н.Асылбеков

Нәрестелердің шетінеуі азайды, ал, ана өлімі тіркелген жоқ

Отандық медицинаның қазіргі ең керемет жетістігі – ана мен бала өлімінің азаюы деуге болады. Мамандар осыдан 10-15 жыл бұрынғымен салыстырғанда ана мен баланың өлім деңгейі айтарлықтай төмендегенін алға тартады. Бұл, ең алдымен, ана мен балаларға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы жақсарғанын айғақтайды. Осынау оң үдерістен Шымкент қаласы да шет қалмапты.
–Биылғы жылдың 8 айында Шымкент қаласында ана өлімі тіркелмегенін қуанышпен айта аламыз. Ал, нәресте өлімі 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға төмендеген. Сонымен қатар 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингтермен қамтуды ұлғайту бойынша 2023 жылға жоспар 89 пайыз болса, іс жүзінде қол жеткізілген көрсеткіш 96,8 пайызды құрады. Яғни, бұл көрсеткіш 2022 жылғымен салыстырғанда 12,6 пайызға өскен. Мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамтуды ұлғайту жоспары 37,9 пайыз болып орындалған. Жүкті әйелдерді босануға дейінгі жеке және салааралық бақылаумен қамтуды ұлғайту жоспар 87 пайыз болса, іс жүзінде орындалуы 91,3 пайызды құрады, – дейді Нұрлыбек Әбиболлаұлы.
Оның айтуынша тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде көрсетілетін медициналық көмектің жалпы көлеміндегі амбулаториялық деңгейде медициналық көмектің үлесі 62,8 пайыз болып, осы көрсеткішті ұлғайту жоспары толық орындалған.
Сондай-ақ, салауатты өмір салтын ұстанатын Қазақстан азаматтарының үлесін анықтау мақсатында №1,3,8,5 қалалық емханаларда арнайы сауалнама жүргізіліп, нәтижесінде тұрғындардың 31 пайызы салауатты өмір салытын ұстанатыны анықталыпты.

Алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалды

Биыл шілде айында Шымкентте алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалған болатын. Жүрегі алмастырылған науқас 61 жастағы қала тұрғыны. Ота кезінде кардиохирургтар пациентке 46 жастағы ер азаматтың жүрегін хирургиялық жолмен қондырды.

505


Басқарма басшысының айтуынша, жүрек алмастыру отасы – UMC МҚ басқарма төрағасы Юрий Пя және Ұлттық ғылыми кардиохирургия, Шымкент жүрек орталығы қызметкерлерінің қатысуымен өтті. Сонымен қатар, жүрек алмастыруды қажет ететін науқасқа дәрігерлер LVAD қондырғысын орнатып берді. Жоғары технологиялық операцияны дәрігерлер 60 жастағы науқасқа жасады. Ота сәтті өтті, бұл ота Шымкенттегі 10 LVAD отасы болып есептеледі. Сондай-ақ осы жылдың сәуір айында Шымкент қаласында алғаш рет қалалық балалар клиникалық ауруханасында эпилепсия ауруына шалдыққан 2 балаға нейростимулятор отасы жасалды. Жыл соңына дейін 2 науқас балаға ота жасау жоспарланса, 2024 жылы 15 балаға ота жасау жоспарға қойылған.
–Балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында қалалық клиникалық балалар ауруханасында 180 төсектік жаңа корпус ашылып, төсек саны 315-тен 495-ке көбейді. Жаңадан ашылған төсек орындар пульмонология, неврология, кардиоревматология, педиатрия бөлімдеріне орналастырылған. Аумақтық қолжетімділікті, кадрлық және материалдық-техникалық ресурстарды, халықтың медициналық көмекті тұтыну көлемін және жедел араласу қаупінің дәрежесін ескере отырып, стационарлық жағдайларда хирургиялық көмекті оңтайландыру мақсатында №2 қалалық аурухананың хирургиялық төсек орын саны да 13-тен 30-ға жеткізілді. Ургенттік күндер, санитариялық өңдеуге арналған күндерді ескере отырып, аптаның сейсенбі, бейсенбі, сенбі, жексенбі күндері шұғыл жалпы хирургия бейіндегі науқастар № 1 қалалық клиникалық ауруханаға, аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері №2 қалалық ауруханасында медициналық қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар, «Атамекен» ЖШС-інің медициналық орталығында жоспарлы және шұғыл хирургиялық қызмет көрсететін 50 төсек орынды бөлімше ашылып, №3,10 қалалық емханаларда, «РайМед», «ШымФарм» және «Атамекен» медициналық орталығы» ЖШС-терінің медициналық орталықтарында науқастарға шұғыл стационарлық медициналық көмек көрсетілуде, –дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, 2023 жылғы сәуір айында неврологиялық және басқа да патологиясы бар 3 жасқа дейінгі балаларға арналған №2 оңалту орталығының базасында «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесі ашылып, 300-ден астам баланы оңалту-қалпына келтіру жүргізілген. Шымкент қаласының онкологиялық базасында ПЭТ орталығы мен сәулелік терапия орталығы іске қосылып, – 416 қызмет көрсетіліпті.
– Шымкент қаласы бойынша науқастарға сапалы эндокринологиялық көмектің көлемін ұлғайта отырып, Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығындағы эндокринологиялық төсек орны 40-қа көбейтіліп, жоспарлы емді күту ұзақтығы 30 күнді құрап отыр. Шымкент қаласында эндокринологиялық төсек орын болмаған уақытта жоспарлы емді күту уақыты - 5-7 ай болған. Медицина мамандарын оқыту, жетілдіру де жоспарлы түрде жүзеге асуда. Биыл 3 000 маманды оқыту жоспарға енгізіліп, 2 тоқсан қорытындысымен 1 762 маман біліктілігін арттырды. Оның 650-і жергілікті бюджеттен, 1 112-і ведомствалық бағынысты медицина мекемелері есебінен оның ішінде 306 дәрігер, 620 орта буын мамандары, басқа да 186 маман біліктілігін арттырды. Медицина мамандары Израиль елінде біліктіліктерін арттыруға жіберілді, жыл соңына дейін тағы 28 маманды шет елде біліктілігін арттыру жоспарлануда,– деді Н.Асылбеков.

Аурухана жетіспеушілігі азайып келеді

Тіс ауруларын емдеткісі келетін емделушілердің көбеюіне байланысты емхана тапшылығын жою мақсатында биыл №1 қалалық аурухана базасында ересектерге арналған стоматология және №3,7 қалалық емханалардың базасында тәулік бойы жұмыс атқаратын стоматологиялық кабинетін ашылады. Ал, алдағы жылы №5, 6 қалалық емханаларда да осындай кабинеттер ашу жоспарлануда. Сонымен қатар биыл 3,5 млрд теңгеге медициналық жабдықтарды сатып алу арқылы қаладағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталу көрсеткішін 83 пайызға жеткізу көзделсе, 2023 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 78,71 пайызды құрап отыр. Алдағы үш жыл бойы республикалық бюджеттен осы мақсатқа 10,5 млрд теңге бөлінбек.
–JCI стандартын енгізу бойынша жұмыстар жүргізуді арттыру көзделуде. Қазіргі таңда JCI стандартын енгізу бойынша жұмыстар №2 қалалық ауруханада және қалалық балалар клиникалық ауруханасында жүргізілуде. Халыққа сапалы, уақтылы медициналық қызмет көрсету мақсатында 13 медициналық ұйым аккредиттеуден өтті. №1 қалалық клиникалық аурухананы жөндеу, №2 қалалық ауруханада, қалалық перинаталдық орталықта медициналық құрал-жабдықтар сатып алу, сондай-ақ, №1,3,6,7 қалалық емханаларда үздік практика орталықтарын ашу жоспарымызда бар. №2,3 қалалық ауруханаларда және Гипербариялық оксигенация орталығы базасында балалар травматологиялық пункттерін ашу, Шымкент қаласында өңірді Түркістан, Тараз, Қызылорда облыстары қамтитын өңіраралық балалар кардиохирургия орталығын ашу да жоспарға қойылып отыр.

Орталыққа жаңа ғимарат қажет

ВИЧ пен СПИД – қазіргі замандағы ең ауыр әрі күрделі дерттердің бірі болып отыр. Өкінішке қарай, Шымкент қаласында 2 539 азамат ВИЧ жұқтырғандар ретінде тіркелген екен. Оның ішінде шетел азаматтары – 155, азаматтығы жоқ адамдар –11, жасырын тексерілгендер – 29, ҚР азаматтары – 2 344 еен.
Мұндай науқастарға қызмет көрсету кезінде науқастардың құпиясын сақтау өте маңызды. Алайда басқарма басшысының айтуынша, Шымкент қаласы Кремлевская көшесі №11 мекенжайындағы «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық» орналасқан 2 қабатты ғимаратта талапқа сай келмейді екен. 1954 жылы іргесі қаланған бұл ғимарат әу баста мұндай мекеменің орналасуына арнап салынбаған, тек кейіннен бейімделген. Ондағы препараттарды сақтауға арналған қойма талаптарға сәйкес келмейді екен. Сол себепті алдағы уақытта осы орталықты арнайы салынған ғимаратқа көшіру бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.