Версия для печати

ЗИЯНДЫ ЕҢБЕККЕ ЕСЕЛЕП ТӨЛЕНЕДІ Избранное

Пятница, 02 Февраль 2024 08:13 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2750 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жұмыс орындарындағы кәсіптік тәуекелдердің алдын алуға және болдырмауға бағытталған 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдауға тапсырма берді. 2023 жылдың 26 желтоқсанында қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданып, оған сәйкес жалпы еңбек жағдайларын жақсарту арқылы жұмысшыларды әлеуметтік қолдау көзделіп отыр. Тұжырымдама жалпы 6 бағыт бойынша іске асырылады.

zian

 

Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжановтың айтуынша, ендігі ретте ақпараттық жүйеде кәсіпорындардың цифрлық картасы сараланып, тәуекелі жоғары кәсіпорындарға мониторинг жүргізіледі. Барлық кәсіпорындар ақпараттық жүйеде өзінің іс-әрекеттерін көрсетіп отыры тиіс.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Тұжырымдаманың тетіктерінің бірі – зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдар үшін арнайы әлеуметтік төлемдер тағайындау іске асырылуда. Бауыржан Ахметәліұлының мәліметінше, Шымкент қаласында шамамен 125 кәсіпорында зиянды еңбек жағдайындағы жұмыс орындары бар. Онда 27 мыңан астам қызметкер жұмыспен қамтылса, соның ішінде 7400 қызметкер зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейді. Қазіргі таңда жұмыс берушілер тарапынан осы азаматтардың құжаттарын түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Тұжырымдаманы тиімді іске асыру және арнайы әлеуметтік төлемдерді дұрыс, уақтылы тағайындау мақсатында ірі 25 еңбек ұжымында түсіндірме-семинарлар өткізілген.
Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлем төленеді. Арнайы әлеуметтік төлемдер – бүгінгі таңда шахталарда немесе ауыр зиянды еңбек жағдайларында еңбек ететін азаматтарды қолдау шараларының бірі.
Арнайы әлеуметтік төлем алудың шарттары қандай? Енді осы жағдайды тарқатып айтсақ. Арнайы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың міндетті шарттарына сәйкес, азаматтар 55 жасқа толуы керек және 7 жылда БЖЗҚ-ға кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы шарт. Және жұмыс беруші тарапынан еңбек шартына өзгерістер енгізу қажет.
– Арнайы әлеуметтік төлемді алатын азаматтардың жұмыс берушілер тарапынан еңбек шартына өзгеріс енгізіледі. Еңбек қызметін тоқтатады не болмаса зияндылығы жоқ жеңілдік шартқа ауыстырады. Азаматтар 55 жасқа толуы және 7 жылда БЖЗҚ-ға кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы қажет. Осы үш шарт сақталған жағдайда азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем төлеу тағайындалады. Әлеуметтік төлемдерді қаржыландыру төлемді ресімдеу сәтіндегі зиянды жағдайлардағы жұмысқа байланысты төрт не екі қаржыландыру көзінен жүзеге асырылады, – дейді Шымкент қаласы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары Ержан Ергеш.

Нақтырақ айтқанда, арнаулы әлеуметтік төлемді енгізу жұмыс істейтіндер үшін төлем мөлшері төрт көзден алынған жағдайда орта есеппен шамамен 208 мың теңгені құрайды. Арнайы әлеуметтік төлем жұмыс істейтіндер үшін төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнайы кәсіптік жәрдемақы, өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардың 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде және БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төленеді.

Ал жұмыс істемейтіндер үшін бюджет есебінен 2 күнкөріс деңгейінде арнаулы кәсіптік төлем және БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен беріледі.
Ержан Ермаханұлының айтуынша, әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарға байланысты болады. Бұл ретте жыл сайын арнайы әлеуметтік төлем мөлшері ең төмен күнкөріс мөлшерінің ұлғаюына байланысты өседі. Алдын ала деректер бойынша, 2024 жылы арнайы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері жалпы алғанда шамамен 150-200 мың теңгені құрайды.
Арнайы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде және басқаларында жұмыс істейтін ел азаматтарына тиесілі болады.
Төлем ай сайын зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнайы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнайы әлеуметтік төлемдер беріледі.
Егер қызметкер әлеуметтік төлем алса және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарға қайта орналасқан жағдайда, онда барлық көздерден төлемдер автоматты түрде тоқтатылады.
Арнаулы әлеуметтік төлем проактивті түрде, яғни жұмыскерлердің өтінішінсіз тағайындалады және «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ ресімдейтін төлем тапсырмасы негізінде бірыңғай төлеммен жұмыскердің банктегі шотына түседі. Арнайы әлеуметтік төлем туралы азаматтарға проактивті форматта СМС хабарлама келеді. Ал егер азаматтардың телефон нөмірі базада сақталмаған жағдайда олар халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп, өтініш бере алады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.