Атаулы Әлеуметтік көмек: бұрын табысты растадыңыз, енді шығынды растайсыз Избранное

Пятница, 23 Февраль 2024 08:30 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 1598 раз

Атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) айналасында дау көп. Көмектің бұл түрі елімізде 2001 жылдан бастап беріліп келеді. Қазірге дейін осы көмекті алу ережесі мен жүйесі бірнеше мәрте өзгертілді.  Жуырда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік салаға тағы да өзгеріс керектігін қадап айтты. Жаңа Үкіметке салаға реформа жасауды тапсырды.

aieumet

 

Пысықайлар көбейіп кетті

Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік салаға қатысты біраз проблеманың шетін шығарды. Республика бойынша қазір 4,5 млн. адам, яғни еліміздің әрбір бесінші тұрғыны атаулы әлеуметтік көмек алатынын айта келе: «Басым көпшілігі – еңбекке жарамды азаматтар. Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Тұратын үйі, тіпті, астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға көмек берілуі қажет. Мемлекеттен көмек алу үшін табысын әдейі азайтып көрсететін адамдар бар» деді.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында әлеуметтік мәселелер мен халықты жұмыспен қамтуға қатысы бар салалардың мамандары бас қосқан жиында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева да мұндай проблемалармен күнделікті бетпе-бет келетінін жасырған жоқ.
Биыл АӘК алуға Шымкент қаласы бойынша жыл басынан қазірге дейін 6927 отбасыдан өтініш түскен. Оның 6454-нің мұқтаждығы анықталса, аудан әкімдері жанындағы учаскелік комиссиялар 473 отбасыға әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартқан.
Сондай-ақ басқарма өз тарапынан отбасылардың АӘК алуға ұсынған құжаттарының түпнұсқа екендігіне көз жеткізу үшін тиісті мекемелер арқылы қосымша зерделеу жүргізген. Онымен шектелмей өтініш берушілердің тұрмыс жағдайын да тексеруді қолға алған. Мұнда негізгі мақсат – бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына ықпал ету.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары елімізде жалған құжат тапсырып, мемлекеттен ақша алудың көзін тапқан пысықайлар көбейіп кетті. Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы да мұны жоққа шығарған жоқ. Мониторинг барысында жалған құжат тапсырған кәсіпкерлер анықталған.
– «Еңбек мобильдігі» орталығымен бірлесіп мониторинг жүргізіп жатырмыз. Әлеуметтік көмекке жүгінген азаматтар ұсынған құжаттардың түпнұсқаларын тексереміз. Көбі құжатты жеке кәсіпкер ретінде тапсыруда. Қарамағында 20-30 адам жұмыс істейді деп мөр басқан анықтама ұсынады. Қалалық кірістер департаментіне хат жолдап, жеке кәсіпкерлерде жұмысшы ретінде тіркелген 3520 азаматқа қатысты сұрау жолдадық. Нәтижесінде 2024 жылдың 1 тоқсанында жалған мәлімет берген 100-ден аса отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылды, – деді басқарма басшысы.
Қазір министрліктің интеграцияланған базасында азаматтарға қатысты барлық мәліметтер айқын тұр. Онда өтініш берушілердің жылжымайтын мүлкі, алдыңғы тоқсанда қайда жұмыс істегені, зейнетақы жарнасы секілді барлық мәліметтер көрсетіледі.
Басқарма басшысы кәсіпкерлердің құжаты салық комитеті, денсаулық сақтау басқармасы арқылы да тексерілетінін жеткізді.
– Жұмысқа жарамайтын азаматтарға ештеңе дей алмаймыз. Бірақ кейбір азаматтар денсаулығына байланысты уақытша еңбекке жарамсыз деген анықтама ұсынады. 270 отбасының құжатына қатысты қалалық денсаулық сақтау басқармасына хат жолдап, анықтадық. Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 63 отбасының жалған мәлімет ұсынғаны анықталып, АӘК тағайындау 6 айға тоқтатылды. Біз құжаттарды қабылдап алғаннан кейін қаладағы әр ауданға жібереміз. Аудандық әкімдік өздерінің учаскелік комиссияларымен біріге отырып, сол отбасының жағдайын барып көруі керек. Ол отбасыда кімдер тұрады, жағдайлары қандай, бізге берген мәліметпен сәйкес келе ме? Кейбір отбасылар ата-әжесімен тұрса да табысы қоса есептелетіндіктен жасырады, – дейді Жанат Өмірсейітқызы.
2023 жылы 778 алимент алушы отбасының тізімі сот орындаушылар палатасына жолданып, қазір аталған мекеме тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Басқарма ресми жауапты күтіп отыр. Жауапқа қарай тиісті шаралар қабылданады.
Сондықтан, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін отбасының нақты жағдайы көрсетілуі керек. Нағыз мұқтаж отбасылар мемлекеттік көмектен қағылмауы тиіс.
– Атаулы әлеуметтік көмекке қарастырылған бюджет қаржысын тиімді жұмсау мақсатында қала аумағындағы 5 аудан әкімдіктерінде құрылған учаскелік комиссияның жұмысын күшейтуге және әлеуметтік көмекке шын мәнінде мұқтаж отбасыларға «оң» қорытынды шешім беруді аудан әкімдері қатаң бақылауға алу қажет деп санаймыз. Расында, кейде құжатты қайда апарып өткізетінін білмейтін азаматтар бар, оларды басқарма жұмыспен қамтып, оқытып, кәсіп ашуына, яғни әрқайсысымен жұмыс істеуге дайын, – деді Жанат Өтебаева.

АӘК ПЕН ҮЙ ҮШІН АЖЫРАСАДЫ

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) іске қосылды. Онда азаматтар туралы барлық мәліметтер жинақталған. Соған қарамастан, қоғамда өзі және отбасы туралы шынайы деректі жасыратындар көп. Өйткені, соңғы жылдары атаулы әлеуметтік көмек пен тұрғын үй кезегіне тұру үшін ажырасушылар саны күрт көбейіп кеткен.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік төлем жүйесінің түбегейлі өзгергенін, енді атаулы әлеуметтік көмек табысқа емес, шығын мөлшеріне қарай есептелетінін айтты. Енді АӘК алуға ниетті әр отбасы бұдан былай шығыны туралы ақпарат жинайды. Ал, әрбір жанұяның табысына қатысты мәлімет «Отбасының цифрлық картасы» сервисінде тұр. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 114,1 мың отбасыға (598,4 мың адам) 57,4 млрд. теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі тағайындалған.
Айта кетейік, Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны соңғы бес жылда 12 есеге дейін азайған. 2019 жылы 77 000 отбасыға, 2023 жылы 12725 отбасыға тағайындалса, биыл 6927 отбасыға беру жоспарланып отыр.
Басқарма басшысы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны әрбір отбасымен жеке жұмыс жүргізудің арқасында, жұмыспен қамту нәтижесінде төмендегенін атап өтті.

Cалықтан босататын мүмкіндік бар

Бүгінде елімізде 4,5 млн адам атаулы әлеуметтік көмек алады екен. Басым көпшілігі еңбекке жарамды азаматтар. Аталған азаматтардың кәсіп ашуына, жағдайын түзеуіне мемлекеттен қандай көмек берілуде?
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаев бүгінге дейін кәсіпкерлерге 5 млн. теңгеге дейін мемлекеттік гранттар беріліп келгенін, бірақ биылдан бастап өзгерістер енгізілетінін айтты. Бұдан былай әлеуметтік кәсіпкерлік реестріне енгізілген кәсіпкер ғана мемлекеттік гранттың қатысушысы бола алады.
– Бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге мотивация береді. Негізгі талабы реестрге ену үшін халықтың осал тобына жататын азаматтардың кемінде 50 пайызын жұмыспен қамтуы тиіс. Мысалы, жұмыссыз жүрген азаматтарды, мүгедектер, жалғызбасты ана, көпбалалы ана, пробация қызметінің есебінде тұрған және бұрын сотты болған азаматтарға жұмыс беру үшін кәсіпкерлерге қайтарымсыз негізде 5 млн. теңге беріледі. Одан бөлек, реестрге енген кәсіпкерлер салықтың кейбір түрлерінен босатылады. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу конкурсында және жеңілдетілген несиелер алуда артықшылық соларға беріледі. Айталық, банктер кәсіпкерлердің бірінші кезекте төлем қабілетін, жылдық табысын, мүлкін тексереді. Биыл Ұлттық экономика министрлігі жаңа бағдарлама бекітті. Яғни, 20 млн. теңгеге дейін 8 пайызбен 3 жылға кепіл жетіспеген жағдайда мемлекет кәсіпкерлер үшін кепіл бола алады, – деді Үсен Жақсылықұлы.

Балалар қамқорлықсыз қалмайды

Сарапшылар басқосуында Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Қазыкенов білім саласында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына қандай көмек көрсетіліп жатқаны жөнінде айтып берді.
– Әлеуметтік көмек мемлекеттік білім беру тапсырысына орналастыру арқылы да жүргізіледі. Балабақшаларда қазіргі таңда 50 мыңнан астам, колледждерде жыл сайын 11 250 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырады. Айталық, 2023 жылы әлеуметтік осал топтан шыққан 1588 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Бұл жан басына шаққанда күнкөріс деңгейі төмен атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардың балаларына бөлінген болатын. Ал 1-4 сынып оқушылары ыстық тамақпен толықтай қамтамасыз етілген. Колледждерде кейбір студенттер оқу ақысы, стипендия, тегін тамақпен қамтамасыз етілген, – деді Ердәулет Серікханұлы.
Бұған қоса, білім саласының өкілі қаладағы 122 жекеменшік мектепте ашықтықты қадағалау мақсатында ыстық тамақтың ақшасы ата-аналарға берілетінін айта кетті. Себебі, қалада «ғайып жандар» мәселесін тудырмас үшін баланың күнделікті тамағына жұмсалатын ақша ата-ананың есепшотына жолданады.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.