ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ Избранное

Среда, 13 Март 2024 05:45 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 1040 раз

«майшелпек» емес, мүмкіндік

Елімізде жыл сайын ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге қайтарымсыз грант беріліп келеді. Онымен қоса мемлекет кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында жұмыскерлердің жалақысын субсидиялайды. Қайтарымсыз грантқа халықтың әлеуметтік осал топтары, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылардың мүшелері – көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақы алушы, оңтүстік өңірлерден солтүстікке қоныс аударушылар, қандастар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасы мүшелері, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үміткер бола алады. Жүйедегі жаңалықтар мен өзгерістер туралы толығырақ Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының жұмыспен қамту және еңбек нарығын үйлестіру бөлімінің басшысы Зәуре ҚАДІРОВА айтып берді.

aleumet

 

– Зәуре Төребайқызы, биыл қайтарымсыз грант конкурсына қатысу талаптарына қандай өзгерістер енгізілді?
– Биыл конкурс екі лекпен: бірінші лек 8-19 сәуір, екінші лек 15-26 маусым аралығында өтеді. Осы уақыт аралығында «Еnbek.kz» порталына азаматтар грант конкурсына қатысуға өтініштерін жолдай алады. Өтінішке сәйкес арнайы комиссия құрылады. Конкурста әрбір қатысушы өзінің бизнес жобасын қорғайды. Қай жобаға грант беруге болатынын комиссия шешеді. Қайтарымсыз гранттың суммасы 400 айлық есептік көрсеткіш, биыл 1 миллион 476 800 теңгені құрайды. Грант, аты айтып тұрғандай, қайтарымсыз. Кәсіп бастауға берілетін бір жолғы көмек. Бұрын қатысып, грант ала алмай қалған болса, қатысуға тағы мүмкіндігі бар. Биыл республика бойынша 9000 грант бөлініп отыр. Оның 426-сы Шымкент қаласына берілді.
– Осы конкурсқа кәсіп ашқысы келетіндер қатыса ма, әлде бар кәсібін ары қарай дамытқысы келетіндер ме?
– Конкурсқа жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер, кәсібін ашқанына 3 жыл толмаған азаматтар, халықтың әлеуметтік осал топтары, асыраушысынан айырылған отбасылар, әлеуметтік көмек алушылар, мүгедек бала асыраушы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар қатыса алады. Конкурсқа қатысу үшін «Бастау бизнес» курсын оқып, сертификатын алу міндетті. Грант алған азамат міндетті түрде салық органдарына тіркеліп, ай сайынғы әдеуметтік төлемдерін төлеп отыруға міндеттеледі.
– Жұмыс орындарын субсидиялау көмегін кімдер ала алады?
– Бұл жоба бойынша жұмыс беруші субсидияланатын жұмыс орындарын ашады. Сол жұмысқа орналастырылған жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеуге жұмсаған шығындарын мемлекет толық немесе ішінара өтеп береді.Жұмыссыз азаматтар жоба аясында 12 айға жолданады. Осы жоба бойынша биылға 170 адам жоспарланған. Қазіргі таңда 126 адам жолданды.
Халықты жұмыспен қамтуда бірнеше бағытта жұмыс орындары субсидияланады.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасына оқу орнын жаңадан бітірген, жасы 35-тен аспаған, жұмыс өтілі жоқ азаматтар қатысады.
«Ұрпақтар келісім шарты» жобасы –зейнеткерлік жасқа жеткен маманның орнын ауыстыру үшін маман қабылдау. Мұнда да талап солай, оқу орнын бітіргеннен кейін үш жыл ішінде осы жоба арқылы жұмысқа орналасуға болады.
«Күміс жас» жобасына жасы 50-ден асқан жұмыссыз азаматтар қатысады.
«Қоғамдық жұмыс» жобасы жұмыскердің алдын-ала кәсіптік даярлығын талап етпейді. Бұл жобаға 16 жастан бастап, оқудан бос уақытта студенттер, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары, өндірістің тоқтап тұруына байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдар қатыса алады. Жалақысы – 28 айлық есептік көрсеткіш.
Биыл «Жастар практикасымен» жұмыспен қамтуға 3554 орын бөлініп, оның 521-і жұмысқа жолданды. «Қоғамдық жұмысқа» 1910 орын бөлінген, 1924 азамат жұмысқа орналасты.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасымен 1031 адамды жұмыспен қамту көзделіп, 812 жолдама берілді. «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына 20 жолдама бөлінсе, қазірге дейін 3 азамат жұмысты болды. «Күміс жас» жобасымен 768 адамды жұмыспен қамту көзделіп, 652 адам жұмысқа жолданды.
– Қайтарымсыз грант қаржысын мақсатсыз жұмсау, субсидияланатын жұмыс орнына жалған құжаттар тапсырып, ақша алу секілді әңгіме ел ішінде көп айтылады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
– Иә, мұндай фактілер де кезедесіп тұрады. Мұндай жағдайлармен жұмыс істейтін арнайы мониторингтік топ бар. Олар зерделеу жұмыстарын жүргізеді, егер қаражаттың мақсатсыз жұмсағаны анықталса, ақшаны мемлекетке қайтаруға тура келеді.
Шымкент қаласы бойынша 2023 жылы әртүрлі 1704 мекемеге (7315 адам) зерделеу жұмыстары жүргізіліп, субсидияланатын жұмыс орындарын қаржыландыруға бөлінген бюджет қаражатының мақсатқа сай жұмсалуы бойынша 2147 кемшілік анықталды. Тексеру комиссиясының шешімімен 835 адам жұмыстан (бағдарламадан) шығарылды. Сондай-ақ, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған гранттар бойынша дер кезінде зерделеу жұмыстары жүргізіліп отыр. Мониторинг жүргізіліп, зерделеу нәтижесінде кемшіліктер анықталған жағдайда құқықтық қамтамасыз ету бөлімі соттың шешімі негізінде 2021 жылы 22 адамнан 5 043 431 теңге, 2022 жылы 28 адамнан 13 411 625 теңге, 2023 жылы 2 адамнан 2 760 000 теңге бюджетке кері қайтарылған. Жоқ кәсіпті бар етіп көрсету, жалған құжат дайындалса, түбінде бәрібір анықталады. Сондықтан, мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігін «майшелпек» деп қабылдамай, әрбір азамат кәсіп ашып, ел үшін де, өзі үшін де пайдалы болуды ойлағаны жөн.
–Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан
Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.