Басқарма басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаеваның айтуынша, бұл көрсеткіштерге босандыру ұйымдарының материалдық-техникалық базасының жақсаруы мен мамандарды шет елдерде оқытып, тәжірибе алмасуы септігін тигізген.
Сондай-ақ, балаларды күту қызметінің 425 маманы республикалық орталықтар мен жоғары оқу орындары профессорларының және шетелдік клиникалардың қатысуымен оқытылса, 25 маман Израиль мен Түркия клиникалары базасында оқып келген.
Ал, жоғары санатты қалалық балалар клиникалық ауруханасы мамандарды оқыту, сонымен қатар мекемеде жоқ медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және ауруханада жоқ бейіндерді ашу бойынша жоспарларын биыл сәтті аяқтаған.
– Соңғы үш жылда балалар ауруханасының құрал-жабдықпен қамтамасыз ету көрсеткіші 75-тен 94 пайызға өскен. Бұл ана мен бала денсаулығына көңіл бөлініп жатқанын көрсетеді. Барлық педиатриялық көмек бір орталыққа біріктіріліп, мамандар жұмылдырылған. Қабылдау бөліміне тәулігіне 450-500 бала медициналық көмекке жүгінеді. Күніне 450-495 науқас стационарлық көмек алады. Сонымен қатар біздің мекемеде тәулігіне 27-30 операция жасалады. Тіпті қымбат оталарды да жасап жатырмыз. Қазіргі жеткен жетістік – эпилепсия ауруына шалдыққан балаларға ВНС қондырғысын қою қолға алынған. Бұл операцияның құны – 9 миллион теңге. Екі корпустан құралған ауруханада 495 төсек-орын бар. Естеріңізде болса, пандемия кезінде COVID инфекциялық орталығы ашылған болатын. Сол нысан былтыр клиникалық балалар ауруханасының қолданысына берілді. Нәтижесінде бізде төсек-орын саны артып, орын тапшылығы мәселесі шешілді, – дейді бас дәрігер Динара Жұмаділова.
Жалпы, бүгінгі таңда Шымкент қаласында
18 жасқа дейінгі тұрғындар саны – 470 мыңға жуық. Қалалық балалар клиникалық ауруханасы оларға жоспарлы және жедел медициналық көмек көрсететін жалғыз медицина мекемесі болып табылады.
Медицина мекемесінде тәуліктік жарақат бекеті мен 20 төсек-орынға арналған күндізгі стационар да жұмыс істейді.
Динара Жұмаділованың айтуынша, келіп түскен арыз-шағымдарға аурухана деңгейінде тез әрекет ету және оны шешу жолдарын қарастыру мақсатында былтыр мекемеде Call-орталық ашылған. Бұл орталық тәулік бойы қызмет көрсетеді. Кез келген науқас баланың ата-анасы не туыстары өздері тап болған проблемаларға қатысты шағымдарды сонда жеткізе алады.
Жоғарыдағы көрсеткіштер қуантарлық, әрине. Мұның бәрі емханалар, перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханасындағы мамандардың бірлескен жұмысының нәтижесі деуге болады.
Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ