БАСПАНА: ҚАЙ БАҒДАРЛАМА ТИІМДІ? Избранное

Среда, 29 Май 2024 05:50 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2557 раз

Баспаналы болуға ниеттеніп жүрген жандар үшін қуанышты жаңалық. Елімізде «Наурыз» және «Отау» атты жаңа тұрғын үй бағдарламалары іске қосылып, халық өтініштерін жолдап үлгерді. Жаңа бағдарламаға барлық қазақстандықтың қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл жөнінде «Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары» тақырыбында өткен көшпелі баспасөз конференциясында айтылды.

IU

 

50 МЫҢ АДАМ КЕЗЕКТЕ ТҰР

Шымкент қаласы бойынша бүгінде тұрғын үй кезегіне 50 019 азамат тіркелген. Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша – 1907, көп балалы отбасылар – 14 063, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 17 625, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 16 402, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар – 22.
Биыл Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында 364 пәтер құрылысы жүргізілуде, алдағы уақытта бұл көрсеткішті нарықтан сатып алу арқылы 1000 пәтерге жеткізу жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарының аяқталуы және пәтерлердің коммуналдық тұрғын үй қорына өткізілуіне қарай кезектегі азаматтарға пәтер бөлінеді. Оның 449-ы – халықтың әлеуметтік осал тобына, 351-і – пәтер көпбалалы отбасыларға, 200-і – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі.
Биыл жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз 900 жалдамалы пәтер берілмек. Сонымен қатар биыл кезекте тұрған, әлеуметтік осал топ санатындағы 2274 жеңілдетілген «2-10-20», «5-10-20» бағдарламалары бойынша пәтер сату жоспарлануда.

TurgiNUi

«2-10-20» бағдарламасы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жетім балалар; көп балалы аналар мен көп балалы отбасылар; І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар; мүгедектігі бар бала бағып отырған немесе асырап отырған отбасыларға арналған.
Ал, «5-10-20» бағдарламасы қалған кезекте тұрған барлық азаматқа, дәлірек айтқанда толық емес отбасы, мемлекеттік және бюджет қызметкерлеріне арналған.
Тағы 244 пәтер «Отбасы банк» арқылы ипотекамен берілді. Ал, тұрғын үй кезегіне тіркеле алмайтын шымкенттіктер үшін «Қамқор» өңірлік бағдарламасы іске қосылып, оған жергілікті бюджеттен 5 млрд. теңге және «Отбасы банк» АҚ-дан 3 млрд. теңге – жалпы 8 млрд теңге бөлініп, биыл 400-ге жуық азаматты несиелендіру көзделуде. Бұл бағдарлама бойынша 20 млн. теңгеге дейінгі несиені 6 пайыздық мөлшерлемемен, 10 пайыздық бастапқы жарнамен 25 жылға дейін рәсімдеуге болады.

«ОТАУ» ЖАСТАРҒА КӨҢІЛ БӨЛЕДІ

Осы көктемде Қазақстанда бірден екі жаңа ипотекалық бағдарлама – «Отау» және «Наурыз» іске қосылды. «Отбасы банкінің» деректері бойынша елімізде 1 мамырға дейін «Отау» бағдарламасымен 22 853 және «Наурыз» бағдарламасы бойынша
2 336 өтініш тіркелген. Бұл ретте соңғысы, мамандардың болжамы бойынша, қазақстандықтардың қызығушылығын тез арттыруда.
Осы екі бағдарламаның шарттары ұқсас болғанымен, халықтың әртүрлі топтарына арналған.
«Отау» жұмыс істейтін жастарға көбірек көңіл бөледі. «Отбасы банкінің» өтініші бойынша жыл сайын қарыздардың жартысынан көбі 35 жасқа дейінгі азаматтарға бөлінеді. «Наурыз» бағдарламасы азаматтардың әлеуметтік осал топтарына ыңғайландырылған.
– «Отау» бағдарламасы жұмыс істейтін жастарды, жас отбасыларды, Отбасы банкінің салымшыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жыл сайын заемдардың жартысынан астамы 35 жасқа дейінгі қазақстандықтарға кредит беруге бөлінетінін білдіреді. Жыл сайын біз қаржыландыруға 150 млрд теңге бағыттайтын боламыз. Бұл ақша Отбасы банктің өз қаражаты есебінен бөлінеді. «Отау» бағдарламасы 7 жылға есептелген. Осы кезеңде біз 50 мың азаматтың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесеміз, – дейді «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Еркін Бақытбекұлы
Сондай-ақ, спикер екі бағдарламаның да займ мөлшерлемесі инфляция деңгейінен төмен екенін және оның «Отбасы банкі» арқылы субсидияланатынын айтты. Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінде салым жинақтау бірнеше жылдан кейін заем бойынша мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл мүмкіндік «Отбасы банк» клиенттеріне «несиеден шаршауды» болдырмауға көмектеседі.
«Отау» бағдарламасы 2024 жылдың 1 наурызында іске қосылды. Сол күннен бастап 30 сәуірге дейін қазақстандықтар otbasybank.kz порталының Баспана-маркет бөлімінде бағдарламаға қатысу туралы өтініш жолдай алды.
Шарты бойынша алғашқы жарна 20 пайыз, кредит бойынша мөлшерлеме – жылдық 9 пайыз, несие мерзімі – 19 жылға дейін. Өтініш беру уақыты аяқталғаннан кейін otbasybank.kz сайтында қатысушылар тізімі автоматты түрде жасақталады. Оған ең көп ұпай жинағандар кіреді. Ұпайлар салым бойынша, салым мерзімі, тіркелген неке, балалардың санына қарай есептеледі.
Егер үміткерлердің ұпай саны бірдей болып қалса, онда басымдық салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамдарға беріледі.
Іріктеуден өткен қатысушылар 40 жұмыс күні ішінде несиелік өтінім бере алады. Банктен оң мақұлдау алған жағдайда несиелік өтінім 6 айға дейін жарамды болады. Осы уақыт аралығында бағдарламаға қатысушы баспана тауып, несие алып, оны сатып алуы керек. Бүгінгі таңда 8 000 қазақстандық «Отау» бағдарламасына қатысатыны жайлы қуанышты хабарлама алды.
«Наурыз» бағдарламасы бойынша өтініш 25 сәуірден 30 маусымға дейін жалғасады.
Осы уақытқа түскен өтініштердің дені тұрғын үйге кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерінен түскен.
«Наурыз» бағдарламасына қатысудың негізгі шарттарының бірі клиенттердің депозиттерінде 1 млн теңге мөлшеріндегі қажетті сома болуы керек. Сондай-ақ, тұрғын үйі бар адамдардың да өтінімдері қабылданбайды.
Айта кетейік, «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтініш жұмыс күндері сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін қабылданады. Баспана-маркет платформасы сағатына орта есеппен 400 өтініш қабылдауға қабілетті.
Өтініш қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін саралау басталады. Бағдарламаға қатысушылар тізіміне ең көп ұпай жинаған үміткерлер кіретін болады. Саралаудан кейін клиенттер банк сайтында «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтініш берушілердің, атап айтқанда қатысушылар пулына енгендердің және ұпайлар бойынша өтпегендердің толық тізімін көре алады. Пулға кірген қатысушылардың несиеге өтініщ беруге тағы екі ай уақыты болады.
Заем бойынша оң мақұлдау алған үміткердің баспана іздеуге 6 ай уақыты болады.
Сондай-ақ, бір несие аясында сатып алған бастапқы баспананы жөндеу жұмыстарына да қосымша ақша алуға болады. Бастысы жөндеуге арналған қарыз сомасы тұрғын үй сатып алуға арналған кредиттің жалпы сомасының 20%-нан аспауға тиіс. Бағдарламаға қатысушы пәтерді Баспана-маркет платформасынан таңдап, броньдай алады. Бұл қызмет жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында баспана бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге арналған.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.