Шымкент қалалық мәслихаты ұстаздарға құрмет көрсетті.
Білім саласының дамуына үлес қосқан қызметкерлерге Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Нұрлан Бекназаров алғыс хат тапсырып, еңбектеріне табыс тілеп: «Қалада қоғамдық-мәдени салада өтіп жатқан іс-шаралардың баршасына мұғалімдер атсалысады. Сіздер тікелей қатысып, жұмыла кіріскен күштеріңізбен биылдың өзінде қалада үлкен ауқымдағы мерекелер өтті. Бұлардың барлығында қажырлы еңбектеріңіз бар және оны жоғары бағалаймыз. Білім саласын дамытуға келгенде барлық мүмкіндіктер қарастырылуда, биылдың өзінде 44 млрд теңге қаржы бөлінді. Алдағы уақытта әлеуметтік жағынан қолдаулар жалғасады», – деді.
Еңбегі бағаланған ұстаздардың бірі – Жанар Шираманова №90 жалпы орта мектебінің география пәнінің мұғалімі. Осы салада еңбек етіп келе жатқанына 15 жыл, шәкірттері талай белестерді бағындырып, түрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы атанған. Ұлттық бірыңғай тестте жоғары нәтиже көрсеткен. «Қарапайым мұғалімнің еңбегін бағалағаны көңіл қуантты. Мұның өзі ұстазға шабыт береді. Алғысым шексіз», – дейді ол.
Шара барысында 18 ұстазға құрмет көрсетілді. Олардың арасында Шымкент қалалық білім бөлімінің мамандары, мектеп және балабақша басшылары бар.