73 көше жөндеуден өтеді

Пятница, 14 Апрель 2023 07:51 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 887 раз

73-koshe-jondeu

Биыл Еңбекші ауданына қарасты 73 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталықтың ұйымдастыруымен өткен баспасөз брифингінде аудан әкімі Досбол Есілбек мәлімдеді.

– Бүгінгі күнде Еңбекші ауданының аумағы 22 800 гектарды құрап, халық саны 228 830 адамға өсті. Жаңа Тұран ауданының құрылуына байланысты Қаратау ауданынан Исфиджаб, Орманшы, Достық тұрғын алаптары мен Азат шағын ауданы, ал Әл-Фараби ауданынан Бадам шағын ауданының екінші бөлігі қосылды. Ауданда 18 тұрғын алап және 11 шағын аудан бар.   Өткен жылы аудан аумағының   ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 94,5 пайызды құрады, – деді аудан әкімі.

Қалаға қосылған жаңақұрылыс аймақтарын ауыз сумен қамту бойынша құрылыс жұмыстарын «Сарыағаш-Аман» ЖШС-і жүргізіп отыр. Жыл соңына дейін жұмысты аяқтау жоспарланған. Ауданға жаңадан қосылған Исфиджаб тұрғын алабын сапалы ауыз сумен қамту үшін қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланыпты.

Автожолдар мәселесі де тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп келеді. Ауданда 728 көше мен өткел, 1 саябақ, 2 гүлзар, 283 көпқабатты және 37 061 жеке тұрғын үй орналасқан. Көшелердің жалпы ұзындығы 732,91 шақырымды құрайды. Оның 535,77 шақырымы асфальтты, 158,38 шақырымы тас жол, қалған 38,76 шақырымы топырақ жол. Бүгінде аудан басшылығы автомобиль жолдарының жағдайын жақсартуды басты назарда ұстап отыр. Мәселен, 2021 жылы 4 магистралдық және 53 орамішілік көшеге асфальт жабындысы төселген. Былтыр жалпы ұзындығы 86,4 шақырымды құрайтын 132 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, ауданға қарасты Базарқақпа тұрғын алабындағы Сайрам су өзенінен өтетін көпір демеушілер есебінен қайта салынып, тұрғындардың игілігіне тапсырылыпты. Ал, биыл ұзындығы 45,5 шақырымды құрайтын 73 көшені жөндеу жоспарланып отыр.

Досбол Күздікбайұлының айтуынша, аудан шекарасының қайта өзгеруіне байланысты тұрғындардың табиғи газбен қамтылуы 87,2 пайызды құрап отыр. Ал, қалған 12,8 пайызды табиғи газ жүйесіне қосу жұмыстары 2023-2025 жылдарға арналған жоспарға енгізілген. Қазіргі таңда 5 елді мекеннің жаңақұрылыс аймағындағы 3 739 абонентін газ жүйесіне қосу үшін жобалау-сметалық құжат әзірленіп жатыр.

— Аудандағы 29 шағынаудан мен тұрғын алаптардың электр жүйесімен қамтылуы 98,3 пайызға жетіп отыр. Ал, аудан тұрғындарының 1,2 пайызы уақытша жекеменшік электр жүйесіне қосылса, жаңа құрылыс аумағындағы 0,5 пайызы жарықпен қамтылмаған. Биыл Исфиджаб елді мекенін сапалы электр жүйесіне қосу үшін мердігер мекеме анықталып, жобалау - сметалық құжаттарын әзірленіп жатыр, - деді аудан әкімі.

Айта кетейік, брифинг барысында аудан тұрғындары тікелей эфир арқылы көкейтесті сауалдарын жолдап, аудан әкімі атқарылып жатьқан жұмыстар жөнінде толық мағлұмат берді.

Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.