«КОМПАНИЯЛАР САПАҒА МӘН БЕРМЕСЕ, ҚҰРЫЛЫСТАН ШЕТТЕТІЛЕДІ» Избранное

Среда, 27 Сентябрь 2023 06:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 356 раз

Шымкентке жұмыс сапарымен келген ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин қала тұрғындарымен кездесуінде осылай деп мәлімдеді. Жиында тұрғындар қаламызда соңғы жылдары беріліп жатқан арендалық тұрғын үйлердің сапасы, абаттандырылуы және баспана кезегінің мәселесін көтерді.

272

 Тұрғындар өткен жылы Тұран-2 шағынауданында пайдалануға берілген көпқабатты үйдің мәселесін көтерген. Құрылысты жүргізген мердігер «АҚ ордасы» корпорациясы тұрғын үй сапасына қатысты тұрғындардың қайта түзетіп беру талабын орындамай келген екен. Вице-министр құрылыста жіберілген олқылықтар түзетілмесе, мердігерге шара көріліп, болашақта ауқымды құрылыстардан шеттетілетінін айтты.

–2023 жылдан бастап тұрғын үйді үлестіру бойынша заңға өзгеріс енгізілді. Яғни, бұдан кейін жергілікті әкімдік құрылыс компанияларына тапсырыс бермей, нарықтан пәтер сатып алады. Біздің министрлік нарықтағы 60 шаршы метр пәтердің бағасына сараптама жасап, 15 млн теңге деп бекітті. Нарық болғасын басқа өңірде бұл 20 млн теңге болуы да мүмкін. Бұл үшін арнайы мемлекеттік қор ашылды. Қордың негізгі міндеті – әр пәтерге 15 млн қаржы бөліп, қалған бөлігін жергілікті әкімдік өтеп береді. Бұрын бір пәтердің құрылысына жергілікті бюджеттен 9 млн теңге бөлінсе, ендігіде 5-6 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылатын болды, – деді вице-министр.
Тимур Жиенбайұлының айтуынша, мұндай өзгеріс біріншіден, осал топтағы азаматтарды сапалы баспанамен қамтыса, екінші жағы құрылыс компанияларының жауапкершілігін арттырады. Биыл Шымкент қаласында мемлекеттік қор арқылы 500 пәтер үйлестіру жоспарланып, қазірге дейін 360 пәтер сатып алыныпты.
Жылдар бойы жылжымай келген баспана кезегі бойынша да бірқатар жағымды жаңалық бар. Цифрландыру бағдарламасының көмегімен тұрғын үй кезегіндегі тізімге инвентаризация жасалып жатыр. Осының негізінде екі ай ішінде республика бойынша 10 мың адам үй кезегінен шығарылған, оның ішінде 239-ы шымкенттіктер.
–Инвентаризация – автоматтандырылған жүйе арқылы кезекке тұрған әр азаматтың құжатына сараптама жасалады. Мәселен, үй кезегіне тұрған көпбалалы ананың барлығының әлеуметтік жағдайы төмен емес. Автоматтандырылған жүйе олар туралы барлық мәліметті жинап, кезекке қойылатын санаттарға сай келмесе, оны шығарады. Осының нәтижесінде, екі айдың ішінде үй кезегіне тіркелгендердің саны өскен жоқ. Керісінше, үйі бар, жағдайы жақсы азаматтар кезектен шығарылып, шын мұқтаждардың үйге қол жеткізуіне мүмкіндік жасалды. Қазір еліміз бойынша 640 мың адам үй кезегінде тұрса, автоматтандырылған жүйенің көмегімен 200 мың адамға азаяды деп болжап отырмыз. Ал, Шымкентте кезектен шыққан азаматтардың 18-і көпбалалы ана, 77-сі әлеуметтік әлсіз топ, толық емес отбасы – 57, мүгедектігі бар –19, тағы да басқа санаттар бар, – деді Т.Қарағойшин.
Жұмыс сапары барысында Тимур Жиенбайұлы салалық басқарма басшыларымен қолданыстағы құрылыс нормаларына енгізілен өзгерістер бойынша мәжіліс өткізді. Жиыннан соң Тұран-2, Ақжайық, Бозарық шағын аудандарында құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үй және инфрақұрылым нысандарын аралады. Жауаптылармен құрылыс жұмыстары кезінде туындайтын мәселелерді талқылады.
Атап өтейік, Үкімет қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында 2023 жылы Шымкентте мемлекеттік бюджет есебінен 312,4 мың шаршы метрді құрайтын 4 090 пәтерлі 98 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Ведомства басшысы бюджеттік тұрғын үйлердің сапасына аса мән беруді тапсырды.