Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран Избранное

Пятница, 10 Май 2024 05:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 311 раз

Құрметті соғыс ардагерлері мен Отан қорғаушылар, Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары!

Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қатар келген бұл қос мереке де мерейлі әрі қастерлі және бір-бірімен сабақтас. Отан қорғап, ел тыныштығын сақтау жолында аға ұрпақ пен жас ұрпақтың арасын жалғап жатқан отансүйгіштік, ерлік пен қаһармандық, ата-баба аманатына адалдық қасиеттері айтулы осы екі мейрамның маңызы мен мәнін тереңдете түседі.

Alau

 

Біз – қайсар халықтың ұрпағымыз, намысты ердің тұяғымыз. Біз ел шетіне жау келсе, етігімен су кешкен батыр бабалардың жалғасымыз. Қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысындағы ерлік істері тарихта таңбаланып қалған қаһарман оқиғалармен белгілі. Біздің аталарымыз бен әкелеріміз, әжелеріміз бен аналарымыз соғыс салған салмақты асқан қайсарлықпен көтеріп, Ұлы Жеңіске қанымен, жанымен, маңдай терімен өлшеусіз үлес қосты. Сондықтан да бұл Жеңістің бағасы қымбат.
Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Жеріне қорған, еліне орман бола білген, мемлекеттік мүдде мен Отанның қауіпсіздігі үшін жанын пида етіп, от кешкен аталарымыз бен әкелеріміздің өшпес ерлігінің өлшеміне айналған Жеңіс мерекесіне міне, 79 жыл толып отыр. Аға ұрпақ сыйлаған бейбіт өмірдің арқасында бүгінгі ұрпақ тәуелсіз елімізде бақытты өмір кешуде. Бүгінгі күні майдангер аталарымыздың қатары азайып қалғанымен, олардың ерлік жолы, қаһармандық істері ел есінен өшпек емес. Олардың өнегесі ұрпаққа үлгі, жасампаздыққа жігерлендіретін, патриоттыққа жетелейтін қайрат! Бүгінгі ұрпақтың парызы – сол қастерлі Жеңістің қадірін білу, егемен еліміздің тұғырының берік, туының биік болуы үшін адал қызмет ету.
Бүгінгі буын Жеңіс солдаттарына әркез тағзым етеді, Отан қорғаушылардың жауынгерлік жолдарын жалғап, еліміздің, жеріміздің қорғаны болады деп сеніммен айта аламыз.
Сонымен қатар тәуелсіз еліміздің тұғырының берік, туының биік болуы үшін, жеріміздің тыныштығы мен әскеріміздің айбыны үшін адал қызмет етіп, қорған болып жүрген бүгінгі Отан қорғаушыларды әркез мақтан етеміз. Өйткені мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен елдегі тұрақтылыққа, бейбіт өмір мен ынтымақтастыққа Отанымыздың қорғаныс күштері кепіл болады.

Қымбатты соғыс және тыл ардагерлері, қадірлі Отан қорғаушылар!

Сіздерге денсаулық пен амандық, шаңырақтың шаттығы мен отбасы берекесін тілеймін!
Аспанымыз ашық, жеріміз тыныш, бейбіт өміріміз баянды
болсын!

Құрметпен, Шымкент қаласының әкімі Ғабит СЫЗДЫҚБЕКОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.