«Есептен» қашып, ем алмайтындар көп

Пятница, 03 Ноябрь 2023 07:57 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1471 раз

esepten-kaship

Қазақстандық дәрігерлер психикалық ақаулар дертінің жиілеп кеткенін айтып, дабыл қағуда. Олардың айтуынша, ел тұрғындарының 25 пайызы аталмыш дертке шалдыққан. Өкініштісі сол, оның 14 пайызын жасөспірімдер құрап отыр. Өзекті мәселе аясында Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы «Психикалық денсаулық сақтау қызметінің заманауи жағдайы» атты өңірлік ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Іс-шараға Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысының психиатр, нарколог, невролог, педиатр және жалпы тәжірибелік дәрігерлер қатысты.

Басқосу әртүрлі психикалық және мінез-құлыққа қатысты, психикалық ауытқулардан туындайтын проблемаларды шешу, оған заманауи емдеу әдістерін қолдану мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, бүгінгі қоғамда белең алған ең зиянды әдеттердің бірі – лудомания мәселелерін сарапқа салды.

— Жер шарында миллиардқа жуық тұрғын психикалық аурулардың шырмауында жүргені мәлім. Өкінішке қарай, олар мамандандырылған медициналық ұйымдардың көмегіне жүгінуге асықпайды. Себебі, психикалық ауруларға қатысты стигма мәселесі қоғамда, тіпті денсаулық сақтау саласында кең тараған. Динамикалық бақылауға, яғни, диспансерлік есепке алады деген үрей қоғамда бұл дерттің өршуіне әкеліп, науқастардың сапалы, уақтылы ем алу мүмкіндігінен айырып отыр. Бүкіл әлемде ментальді ауруға шалдыққан адамдардың әлеуметтік интеграциясы аса өзекті мәселе болып табылады, – деді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.

Конференцияда әсері ұзартылған препараттарды қолдану, психореабилитация, балалар аутизмі мәселелері, сонымен қатар, эпилепсия және деменциясы бар пациенттерге медициналық көмек көрсетудің аспектілері бойынша невролог және психиатр дәрігерлердің арасында пікірталас өтті.

Айта кетейік, Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығында 12057 науқас есепте тұр. Сонымен қатар, бүгінде қоғам дертіне айналған лудомания ауруымен республика көлемінде ресми 10 науқас тіркеліпті. Бұл — қоғамда «ауруын жасырып» жүрген жандардың көп екеніне тағы бір дәлел. Дәрігерлер лудоманияға шалдыққандар медициналық көмекке уақтылы жүгінсе, дертінен айығуына мүмкіндік мол екенін алға тартып отыр.