«Сұңқар» жастар денсаулық орталығы ашылды

Пятница, 03 Ноябрь 2023 07:53 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 961 раз

sunkar-med

Шымкент қалалық №3 емханасының жанынан «Сұңқар» жастар денсаулық орталығы ашылды. Мұнда 10-18 жас аралығындағы кәмелетке толмағандар мен 18-29 жас аралығындағы жастарға репродуктивті және психикалық денсаулық мәселелері бойынша тегін консультативтік, медициналық-әлеуметтік, заңгерлік қызметтер көрсетіледі.

Жастар орталығы жасөспірімдердің, жастардың денсаулығын сақтау және әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында ашылған.

«Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының төрағасы Төлебай Рахыпбеков мұндай орталықтардың маңызы зор екенін атап өтті.

— Қазіргі уақытта жастардың арасында мәселе өте көп. Соларды шешу үшін осындай орталықтар ауадай қажет. Мұнда барлық ақпарат құпия сақталады. Сондай-ақ, жастарға сенімділік және мейірімді көзқарас тұрғысынан көмек беріледі. Қазір еліміздің әр аймағынан осындай мекемелер ашылуда, - деді Т.Рахыпбеков.

Орталықта емдеу-диагностикалау қызметі, мамандардың қабылдауға арналған кабинеттері, тренинг өткізуге арналған зал қарастырылған.

Айта кетсек, бүгінде Шымкент қаласында 5 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Олар №3, №6, №7, №13 және «ДауМед» мекемесінде орналасқан. 2023 жылдың 9 айында аталмыш орталықтардың көмегіне 6411 пациент жүгінген.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.