ҚҰҚЫҒЫҢДЫ ТАПТАТПА, ТҰТЫНУШЫ! Избранное

Пятница, 09 Февраль 2024 03:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 263 раз

Жыл сайын тұтынушылар құқықтарының бұзылуына қатысты шағымдар саны өсуде. Айталық, өткен жылы тұтынушылардың 4109 өтініші қаралып, нәтижесінде 181 779 555 теңге сомасында ақшалай қаражат қайтарылды. Ал 2022 жылы департаментте 2150 өтініш қаралып, тұтынушыларға 79 518 372 теңгеден аса қаражат қайтарылған екен. Бұл өз құқығын қорғайтын тұтынушылардың көбейіп, кәсіпкерлердің өз ісіне жауапкершілікпен қарай бастауын білдіреді.

brif

 

Халықтың 925 759 теңгесі қайтарылды

Расында қазір қоғамда сапасыз тауар не өнім алып қойса, оны қайтара алмай пұшайман болып жүрген азаматтар көп. Олар өз құқығын білу үшін не істеуі керек? Алған заты жарамсыз, сапасы төмен болып шықса арыз-шағымды қайда қалдырады? Ақшаны қайтарып алу процесі оңай ма? Ол қалай, қанша уақыт жүзеге асырылады?
Шымкент қаласы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Оспан Әбиев брифинг барысында ҚР Сауда және интеграция министрлігі тарапынан ішкі нарықта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қоғамдық бастамалардың іске асырылып жатқанын айтты.
– Аталған қоғамдық бастаманы іске асыру үшін ҚР Сауда және интеграция министрлігі «Сапалы өнім» тұжырымдамасын іске қосты. Бұл барлық Қазақстандағы 20 млн тұтынушыны қамтиды. Соның ішіндегі Шымкент қаласынан 1,2 млн. тұтынушы бар. Қазіргі таңда Шымкент қаласында «Ситуациялық штаб» құрылып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Штаб құрамына біздің департамент, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық департаменті, Шымкент қаласы бойынша техникалық реттеу және метрология департаменті және қоғамдық бірлестіктер, «Орынтай Сейдалиев», «Дулат», «Тұтынушылық бақылау», «Тұтынушылық қауіпсіздігі» және «SR Қазақстандық лигасы» кіреді, – деді Оспан Оразбайұлы.
«Сапалы өнім» тұжырымдамасы – қоғамдық күштер арқылы нормативтік бұзушылықтарды, құқықтары бұзылған тұтынушыларды және жосықсыз бәсекелестікті анықтайды.
Жалпы, департамент өткен жылы 8 талап-арыздық жұмыстары бойынша сот отырысына қатысып, 2 талап-арыз бойынша бастамашылық еткен. Сонымен қатар, 6 талап-арыз бойынша үшінші жақ ретінде сот отырысына қатысып, тұтынушылардың пайдасына 925 759 теңгесінің қайтарылуына ықпал еткен. Ал 1 талап-арыз сотта қаралып жатыр.

Е-тұтынушы платформасы

Естеріңізге сала кетсек, 2021 жылдан бастап тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылған болатын. Себебі, елімізде тұтынушылардың құықтарын қорғау ең проблемалы бағыттардың бірі. Азаматтар заң мен өз құқықтарын білмегендіктен жосықсыз кәсіпкерлерге жем болып жатады. Бұл ретте Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңына сәйкес, азаматтар 4 сатыдан тұратын құқығын білгені абзал. Олар, шағым жазу, медиация, департаметке шағымдану, сотқа талап арыз жолдау.
Осыған орай, Е-тұтынушы платформасы – тұтынушылардың өтініштерін қабылдайды және қарау процесін автоматтандырып, оңтайландырады. Мақсаты – пайдаланушылар мен ұйымдардың арасын өзара әрекеттестіру.
Платформаға кез келген азамат ұялы телефон немесе компьютер арқылы
e-tutynushy.kz сайтына кіріп, өз құқықтарының бұзылғаны туралы хабарлай алады.
Шымкент қаласы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Оспан Әбиевтің айтуынша, тұтынушылардың құқын қорғайтын ұсынысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбеновке берген.
Ұсыныста 4 сатылы шағымды 2 сатыға қысқартып, яғни медиацияға келмеген жағдайда департаментке немесе сотқа бірден талап-арыз бере алады. Алайда Оспан Әбиев бұл жерде кәсіпкердің де құқығы қорғалатын кодекс болғандықтан, бұл мәселенің қалай шешілетінін халық қалаулылары айта жатар дейді.
– Мысалы, киім алып, сапасына қанағаттанбаған жағдайда қайтару процесі 14 күнге дейін созылады. Алайда кейбір сатушылар оған келіспейді. Қайтармаған жағдайда сіздің жазған шағымыңызға 10 күні ішінде жауап беру керек. Жауап бермеген жағдайда біздің департаментке жазасыз. Кәсіпкер 15 жұмыс күні ішінде жауап қайтаруы тиіс. Қажет болған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес 2 айға дейін соза аламыз. Ал сот процесі өте ұзақ. Мәселен, бір пиджакты ауыстыру үшін 6 ай уақыт кетеді, – дейді Оспан Оразбайұлы.
Е-тұтынушы платформасына тіркелу жеке тұлғаларға да, кәсіпкерлерге де ыңғайлы етіп жасалған. Кәсіпкерлердің «ЖК»-сы бар болса тек өзі ғана тіркеле алады. Себебі, тұтынушылардан түскен арыз-шағымдар тікелей өзіне келеді. Бұл тұтынушылар мен кәсіпкерлердің түсінісіп жұмыс істеуіне тиімді болып тұр дейді сала өкілдері.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.