Зілзала кезінде сақтануды үйретпек Избранное

Пятница, 09 Февраль 2024 03:47 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 265 раз

Шымкент қалалық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзев алғашқы жер асты дүмпулеріндегі негізгі іс-қимылдардың ережелері тақырыбында баспасөз брифингін өткізді. Нұржан Нұрханұлы жер сілкінісі кезінде тұрғындардың әрекет ету тәртібін баяндап, өткен жылы атқарылған жұмыстардан хабардар етті.

тж

 

ТЖД деректеріне сәйкес, соңғы бес жылда қала аумағында 2 балдан жоғары 14 рет жер сілкінісі болған. Бұл ретте зардап шеккен тұрғындар мен қираған ғимараттар тіркелмеген. Департамент қызметкерлері жергілікті атқарушы органмен бірлесе өткен жылы білім беру мекемелерінде, ЖОО-да, колледж, аурухана, емханаларда тоқсан сайын сейсмикалық оқу-жаттығу өткізген.
– 2023 жылы Шымкент қаласында шамамен 4017 оқу-жаттығу жиыны өтсе, оның ішінде 1100-і сейсмикалық оқу-жаттығулар. Біз әрдайым жер сілкінісі кезіндегі тұрғындардың практикалық іс-әрекеттерін пысықтап, жетілдіріп отырамыз. Білім басқармасына қарасты мекемелерде 21 мыңнан астам оқушыны қамтитын 103 интерактивті сабақ өткізілді. Өткен жылы 5 жылға арналған кешенді жоспар түзілген болатын. Оған сәйкес, ендігі ретте қала аумағындағы шағынаудандар, тұрғын алаптарда, елді мекендерде тұрғындармен сейсмикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылады, – деді Нұржан Нұрханұлы.
Жер сілкінісінен кейін тұрғындар қандай әрекет жасау керек? ТЖД қызметкерлері азаматтарға мынадай әдіснамалық көмекті ұсынады:
Сіз бірінші және екінші қабатта болсаңыз, тыныштықты сақтай отырып, ғимараттан тез шығыңыз. Алдын-ала дайындалған құжаттарды, ақшаны және қажетті заттарды өзіңізбен бірге алыңыз. Бөлмеден шыққан кезде су мен газды жауып, үй-жайда электр қуатын сөндіріңіз.
Үшінші және одан жоғары қабаттарда болсаңыз қауіпсіз орындарда тұрыңыз. Үстелдің асты секілді қауіпсіз орынға жасырыныңыз – ол сізді құлап жатқан заттар мен сынған бөлшектерден қорғайды. Терезелер мен ауыр жиһаздардан аулақ болыңыз.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.