Ермек Аманжолұлының мәлімдеуінше, бүгінде Шымкент қаласында 33 спорттық ұйым жұмыс істеп тұр. Аталған мекемелерде спорттың 75 түрі дамытылуда (38 олимпиадалық, 28 олимпиадалық емес және 9 ұлттық спорт түрлері).
Қала тұрғындарының спортқа құлшынысын арттыру мақсатында биыл «Дене шынықтыру орталығын» ашу жоспарланған. Сонымен бірге, Шымкент қаласындағы дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерінің жұмысын жандандыру да күн тәртібінде тұр. Қазіргі таңда диспансер заманға лайық медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Спорт мектептеріндегі спортшыларды медициналық тексеруден өткізу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Спортшылар қазіргі таңда жаз айында өтетін Париж Олимпиадасына қатысу үшін рейтингтік және лицензиялық жарыстарда бақ сынауда.
– Қазіргі таңда оқ атудан Азия чемпионатында спортшымыз Никита Чирюкин Олимпиада ойындарына лицензияны жеңіп алды. Одан басқа байдарка және каноэде есу, бокс, батутта секіру, таеквондо, стенд ату, оқ ату, семсерлесу, грек-рим күресі, еркін күрес, әйелдер күресі, көркем гимнастика және құзға өрмелеу секілді спорт түрлерінен 34 спортшы лицензия алуға үміткер, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Абылайхан ОРАЗАЛИЕВ