Текесулықтардың өтініштері тыңдалды Избранное

Пятница, 23 Февраль 2024 08:39 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 484 раз

Әл-Фараби ауданына қарасты Текесу елдімекені қаладан 25 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Қалаға қосылған елдімекеннің шешілмеген мәселесі шаш етектен. Осыған орай, Шымкент қаласы әкімдігі жанынан құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы «Бейбітшілік және келісім» жобасы аясында Әл-Фараби ауданы тұрғындарын қабылдады.

tekesu

 

Қабылдау барысында қалалық ішкі саясат және жастар істері, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, дін істері басқармалары мен құқық қорғау органдарының жауапты қызметшілері тұрғындардың мәселелерін тыңдады. Әл-Фараби ауданы, Текесу шағынауданындағы №121 жалпы орта мектеп ғимаратында өткен іс-шараға ауыл тұрғындары көп жиналды.
– Текесу елдімекенінде 750-ге жуық халық тұрады. Басым көпшілігі егін салып, мал шаруашылығымен айналысып отырған жайы бар. Өкінішке қарай, сол егістікке алған жерлерімізді жеке иелікке өткізе алмай, аренда төлеп келеміз. Қазіргі кезде жастардың көпшілігі қалаға қарай көшіп кетіп жатыр. Өйткені ауылымызда дұрыс мектеп жоқ, мектепке деп берілген ғимарат өте ескі. Мұнда 150-ге жуық бала оқиды. Ішінде не спорт залы, не асханасы жоқ. Кабинеттері ешқандай талапқа сай емес. Осы уақытқа дейін құзырлы орындар 150 балаға мектеп салынбайды деп мәселені жылы жауып жүрді. Мектеп салынбаса мұнда тұрғындар қалай көбейеді? – деді Текесу елдімекенінің тұрғыны Нәзира Өмірзақова.
Мамандардың айтуынша, елдімекенге мектеп салу мәселесі жыл сайын көтеріліп келген. Өткен жылы 150 орынды мектеп құрылысын салуға жобалық-сметалық құжат әзірленіп, ұсынылыпты. Қаржы бөлінгеннен кейін құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде.
Ал, егістік егіп күнелтетін ауыл тұрғыны Бегасыл Әлжанов жер құжаттары дұрыс болмағандықтан мемлекеттен берілетін субсидияны ала алмай жүргенін айтады. Құжатын түгендемек болған ақсақал талай басқарманың есігін қағып, нәтиже көрмепті.
–10 гектар жерім бар, бірақ арендалық құжатпен берілген. Бұрын мекенжайымыз Төлеби ауданына қарасты болғандықтан, құжаттарымыздың түбі сонда қалған. Қазіргі уақытта жеріміздің құжаты дұрыс болмағандықтан мемлекеттен бөлініп жатқан ешбір субсидияға қатыса алмай отырмыз. Бұл жалғыз менің мәселем емес, осындағы көп тұрғынның мұңы. Осыны назарға алсаңыздар екен, – деді Б.Әлжанов.
Мәселені тыңдаған сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқарма басшысының орынбасары Бағдат Рүстемов келушілерге жөн сілтеп, құжат рәсімдеудің жөн-жоралғысын көрсетті.
– Бүгінгі халықпен кездесуде негізгі мәселе жерді заңдастыру, бөлу және жердің нысаналы мақсаттарын білу бойынша тұрғындар қабылдауға келді. Бұл бойынша келген әрбір тұрғынды жеке қабылдап, қалай ол жерлерді бөлуге болатыны немесе нысаналы мақсатты өзгертуге болатыны туралы толық ақпаратты беріп, алгоритмін жасап түсіндірдік. Олар сол алгоритм бойынша тиісті құжаттарын е.gov.kz порталы арқылы немесе басқармаға келіп тапсыра алады, – деді Б.Рүстемов.
Этноәлеуметтік қақтығыстардың алдын алу шараларын әзірлеу, негізгі бағыттар бойынша өңірлердің проблемаларын анықтау, нақтылау және олардың шешу жолдарын қарастыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шарада мамандар 50-ге жуық тұрғынның мәселесін тыңдап, бағыт-бағдар берді. Сала басшылары мен арнайы мамандардан жасақталған топ құрамы келіп түскен өтініштердің басым бөлігі әлеуметтік және еңбек проблемаларын шешу, халық денсаулығы, білім беру, бизнес ортаны дамыту, заңдылық, тәртіп және қауіпсіздік сынды бағыттарда болғанын жеткізді. Мұнда көтерілген әрбір мәселе жауапсыз қалмайды дейді мамандар.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.