«МЕЙІРДІҢ» ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШЫҢДАРЫ Избранное

Пятница, 03 Май 2024 05:08 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 147 раз

Шымкентте «Түркістан» сарайында «Мейір» балет мектебінің 25 жылдығына арналған «Ширек ғасыр шыңдары» атты мерекелік концерт өтті. Республикаға танымал мектептің мерейтойына белгілі өнер ұжымдары, «Гүлдер» ансамблі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясы ұжымынан өнерпаздар келіп, ән-биден шашу шашты.

Meir

 

Өнер ұжымының кешіне Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева мен Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Басқарма басшылары қиын-қыстау кезеңде өнерді сүйген арда азамат Болат Атаханұлы Мейірбеков негізін қалап кеткен балет мектебін шашыратпай, игі істі жалғастырып отырған жары, мектептің директоры Ламила Тайкеноваға ҚР Оқу-ағарту министірінің аманаты деп, «Еңбек ардагері» медалін тапсырды.
– Биші болу үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Әсіресе балет өнерінің жүгі ауыр. Мына концерт көп еңбектің нәтижесі. «Мейір» мектебінің еңбегі тек қаламызда ғана емес, республика көлемінде бағасын алған. Мектеп ұжымына барша ата-аналардың атынан алғыс айтамын, – деді Нұргүл Ақылбекқызы.
Бүгінде 300-дей жас өркенді балет дейтін бекзат өнерге үйретіп отырған мектептің жеткен жетістіктері көп. Атап айтар болсақ, мектептің 10 жылдық мерейтойында ұжым Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «Жылдың ең үздік өнер ордасы» дипломымен марапатталса, әр жылдары шәкірттері алыс-жақын шет елдерге шығып, түрлі марапаттар мен жүлделі орындарды иеленуде.
Би өнері ішкі рухани әлемді ашады, адамды сұлулыққа тәрбиелейді, игі қасиеттерді оятады. Осындай сұлу өнерді насихаттап жүрген ұжымға еңбектеріңіз жана берсін дегіміз келеді.

С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Тазалық ауладан басталады ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫШЫ »