МӘМС:МҮМКІНДІКТЕРІ ҚАНДАЙ?

Пятница, 12 Июль 2024 06:38 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1212 раз

Қоғамда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты сұрақ өте көп. Әлеуметтік медициналық сақтандырудың тәуелсіз төлеушілері қандай мәселелерге жиі кездеседі және «сақтандырылмаған» мәртебеде не істеу керек? Осы сұрақтарға жауап береміз.

 

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға сәйкес, жұмыс істемейтін тұлғалар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді. Егер жүкті әйел еш жерде жұмыс істемесе, алайда ЖК ретінде тіркелген болса (оның қызметі ресми тоқтатылмаған болса), барлық тиісті төлемдерді (зейнетақы, әлеуметтік, кіріс салығы) жүргізіп отырғандықтан, жұмыс істейтіндер қатарына кіреді. Яғни жеңілдік санатынан шығып қалады. Сақтандырылған мәртебесін сақтау үшін жеке кәсібі үшін МӘМС жарналарын төлеу қажет.
МӘМС-ке енгізген төлемдерді қайтаруға немесе оларды басқа адамға беруге болмайды, себебі жүйе қаражатты дербес бөлуді қарастырмайды. Барлық жарналар мен аударымдар Ұлттық банктегі шотта жинақталады және ол жерден барлық сақтандырылған тұтынушылардың медициналық қызметтерін төлеуге бағытталады.
Жұмыс істемейтін адамда мәртебе алу үшін екі таңдау бар. Біріншісі – дербес төлеуші ретінде жарна төлеуіне болады. Екіншісі – жұмыспен қамту орталығына хабарласып, жұмыссыз ретінде тіркеле алады. Бұл жағдайда ол жеңілдік санатына кіреді және ол үшін жарналарды мемлекет төлейді.
Медициналық көрсеткіштер болған жағдайда азаматтар Қормен шартқа отырған жеке клиникаларда консультациялық-диагностикалық қызметтерді алуға болады. Ол үшін өз емханаңыздан жолдама қажет. Медициналық қызмет көрсетушілердің тізімімен Қор сайтына кіріп, «МӘМС-гид», ары қарай «Пациенттер үшін», содан кейін «Клиниканы таңдау» батырмасын басу арқылы танысуға болады (https://fms.kz/osms-guide/patient/vybrat-kliniku/).
Қате рәсімделген (мысалы, басқа кезең көрсетілген) төлемдерді қайтару үшін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорация» КЕАҚ-та белгіленген нысан бойынша өтініш жазу қажет және төлемді растайтын құжаттарды қоса ұсыну қажет (нысан fms.kz сайтында «ОСМС-гид» бөлімінде жарияланған). Өтінішті https://eotinish.kz/ электронды платформасы арқылы беруге болады.
МӘМС-ке төленген төлемдерді басқа кезеңдерге қайта бөлуге болмайды, тек кері қайтара аласыз. Кейін керек кезең үшін төлем жасауға болады.
Күндізгі оқу бөлімінің студенттері МӘМС-ке жарна төлемейді, себебі жеңілдік санатына кіреді. Сондай-ақ жұмыс берушілер күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттер үшін МӘМС-ке аударымдар жасаудан босатылған.
Мұғалімнің шаруа қожалығы болса, салық заңнамасына сәйкес шаруа қожалығы қандай да бір басқа нысанда рәсімделмеген болса, ол ЖК ретінде қарастырылады. Егер ЖК қызметін тоқтатпаған болса, ол өзі үшін 1,4 ЕТЖ-ның 5%-ын төлейді.
Осы ретте негізгі жұмысында да жарналар төлеп, мұғалім қызметкері үшін аударымдар жасауы керек. Яғни барлық кіріс көздерінен төлем жүргізіледі.
Мерзімдік қызметін өтеп жатқан сарбаздар жарна төлеуден босатылады. Әскердегі қызметі аяқталған соң оларға сақтандырылған мәртебесін сақтау үшін МӘМС-ке тұрақты түрде жарна төлеу қажет.
Салық салынатын кіріс шегін көтеру, МӘМС-ке жарналарды арттыру туралы ереже жасалып жатыр. Қарастырылып жатқан түзетулерде МӘМС-ке аударымдарды есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы кірістің жоғарғы шегін 2025 жылдан бастап 10 ЕТЖ-дан 50 ЕТЖ-ға дейін өсіру туралы сөз болуда. Алдын-ала жасалған талдау көрсеткендей, бұл өзгерістер ай сайынғы табысы 10 ЕТЖ-дан (биыл 850 мың теңге) асатын жалдамалы қызметкерлерге ғана әсер етеді. Яғни, егер сіздің жалақыңыз кейде 850 мың теңгеден асатын болса, онда сіз нақты табыстың 2%-ын төлейсіз.
Сақтандыру мәртебесін келесі жолдармен тексеруге болады:
• Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
• fms.kz ресми сайты
• Telegram-дағы @Saq-tandyrýBot
• 1414 байланыс орталығы
• Damumed мобильді қосымшасы
• Halyk мобильді қосымшасы
• BCC.KZ мобильді қосымшасы
• Kaspi.kz мобильді қосымшасы
• egov.kz электрондық үкімет сайты – «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі арқылы.

М.КЕНЖЕБАЕВА,
Шымкент қалалык
перзентханасының
бас дәрігері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.