ЖАҢА ГҮЛЗАР – ТҰРҒЫНДАРҒА ЖАЙЛЫ МЕКЕН

Среда, 17 Июль 2024 06:07 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 981 раз

Шымкент қаласында тағы бір жаңа гүлзар ашылды. Ол А.Асқаров көшесі мен Республика даңғылы қиылысындағы «Madlen» кондитерлік кофеханасы жанында орналасқан. Жалпы ауданы шамамен 4 000 шаршы метрді құрайтын сквердің ашылуына қала әкімі Ғ.Сыздықбеков те қатысты. Тұрғындар алаңсыз демалатын жаңа орында субұрқақ пен орындықтар қойылып, толық жарықтандырылған. Алдағы уақытта осы жерде ашық аспан астындағы кинотеатр да іске қосылады.

 

Сонымен қатар, шаһар басшысы Тұран ауданы Айқап көшесіндегі жаңартылған балалар ойын алаңын да аралап көрді. Айта кетерлігі, жыл басында халықпен кездесу барысында тұрғындар осы алаңды жаңғырту туралы өтініш білдірген болатын. Халықтың пікірі назардан тыс қалмады. Мұндағы жұмыс демеушілер қаражаты есебінен жүргізілді.
Бұдан бөлек, әкім «Достық» шағынауданы Сыпыра жырау көшесінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында табиғи газбен қамту, кәріз, жол төсеу және жарықтандыру сынды өзекті мәселелер талқыланды. Қала әкімі тұрғындарға инфрақұрылымдық проблемалардың барлығы кезең-кезеңімен шешілетінін түсіндірді.
Сондай-ақ, шаһар басшысы «Мәртөбе» кешенінің санитарлық жағдайын, Өтеміс және Сайрам тұрғын алаптарындағы мәдениет үйінің және Шапырашты тұрғын алабындағы спорт кешенінің құрылыс барысын да бақылады.
Одан әрі қала әкімі «Ордабасы» алаңында қайта жөндеуден өткен субұрқақтың іске қосылу шарасына да қатысты. Жаңартылған субұрқақ-мегаполисті абаттандыруға бағытталған тағы бір қадам деуге болады. Жұмыс нәтижесін зерделей келе анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою мердігер ұйым өкілдеріне тапсырылды.
Қала әкімі Қошқар ата өзені жағалауында болып, санитарлық жағдайын тексерді. Жауапты тұлғаларға аумақтың жабық бөлігін ашып, орындықтар мен бейнебақылау камераларын орнатуды және жарықтандыруды тапсырды. Сондай-ақ, шаһар басшысы қаланы аралау барысында Қабанбай батыр даңғылы, Тәуелсіздік саябағы, «Спутник» гүлзары, Түркістан және Арбат көшелерінің тазалығын да тексерді
Ғабит Сыздықбеков осының барлығы тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін атқарылып жатқан жұмыстар екеніне тоқталып, салалық басқарма басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.