Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Байтұрсынов көшесіндегі құрылыс барысымен танысты. Қала әкімі бұл туралы Instagram әлеуметтік желісінде жазды.
«Байтұрсынов көшесі бойында атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалап шықтым. Күн райы жылынғаннан бері жұмыс қызу жүргізілуде, биылғы күзде қаламыздағы жаяу жүргіншілер, велосипед және көлік жүргізушілері үшін ең ыңғайлы әрі үлгілі көшелердің біріне айналмақ. Ең бастысы, осы көше бойындағы жасыл желек пен ағаштарды сақтап қалуды ойластырудамыз», - деп жазды әкім.
Еске салсақ, Байтұрсынов көшесіндегі жұмыс ең алдымен Түркістан көшесімен қиылысқан тұсында басталған еді. Мердігерлер жаяу жүргінші жолдарын реттеп, жол жиегіндегі ирригациялық жүйелерді алмастыруда. Құрылыс барысында жаяу жүргінші жолы жасалып, көшеге асфальт төселеді. Сондай-ақ, қала әкімінің тапсырмасына сай веложол да салынады.