Еңбек қауіпсіздігі қаншалықты қорғалған? Избранное

Пятница, 30 Октябрь 2020 03:56 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1928 раз

Елімізде еңбек адамының құқығын қорғайтын «Еңбек кодексі» бар. Аталған заңда жұмыскер мен жұмыс берушінің құқығы айқын көрсетілген. Дегенмен күнделікті өмірде құқығы тапталып, бейнеттенген еңбегінің ақысын ала алмай жүрген азаматтар кездесіп жатады. Үшінші мегаполисте еңбек құқығы заңнамасы қаншалықты сақталып жатыр? Әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша құрылған үшжақты комиссия немен айналысуда?

714

 

Шымкент қалалық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов келтірген деректерге сүйенсек, шаһарда 16204 кәсіпорын мен 409 мың жұмыспен қамтылған азамат бар. Еңбек заңнамасының сақталуын бақылау үшін қаламызда 2018 жылы 12 қыркүйекте «Шымкент қаласының әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссия» құрылған.
2020 жылдың мамыр айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына байланысты комиссия құрамы қайта жасақталып, биылдыққа екі рет отырыс өткізген. Еңбек қатынастары мен өндірістік жазатайым оқиғалар, жалақы қарыздары секілді жағдайлардың реттелуіне тапсырмалар беріп, аталған мәселелердің шешілуіне атсалысып келеді.
– Жұмысшы орган еңбек инспекциясына осы жылдың 9 айында жалақы қарызы, өндірістегі жағдайлар бойынша азаматтардан 819 арыз-шағым түскен. Соның шешімі ретінде 140 тексеру жүргізіліп, 164 заңбұзушылық анықталған болатын. Заң бұзушылықтардың негізінде 73 нұсқама беріліп, еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 27 әкімшілік айыппұл салынды, – деді Б.Қалжанов.
Бауыржан Ахметәліұлы бүгінде өндірістік орындардағы жазатайым оқиғалар әлі де орын алып тұратынын жасырмады. Дегенмен, өткен жылдармен салыстырғанда, едәуір төмендегенін атап өтті. Бұл үш жақты комиссия отырысына кәсіпорын өкілдерін шақырып, жазатайым оқиғаларға жол бермеу және оның алдын алу шараларын қарастырудың нәтижесі деп біледі мемлекеттік еңбек инспекторы.
– Шымкент қаласының 2018-2020 жылдарға арналған мақсаттық индикаторлардың өндірістік жарақаттану деңгейі (1000 адамға оқиғалардың жилік коэффиценті) 2020 жылдың соңына дейін – 0,32 аспауы тиіс. Бұл көрсеткіштің орындалуы бүгінгі таңда 0,12%. 2020 жылдың 9 айында Шымкент қаласында 30 жазатайым оқиға орын алып, 34 адам зардап шекті, оның ішінде 11 адам ауыр жарақат алған, 4 адам қайтыс болған, – деді басқарма басшысы.
Ал «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов қалада жеке кәсіпорындардың ұжымдық шартты жұмысшылармен бекіту деңгейі өте төмен екенін алға тартады. Кәсіподақ төрағасының айтуынша, нормативтік-құқықтық құжат көмегімен жұмысшы да, жұмыс беруші де өз құқығын қорғай алады. Дегенмен жоғарыда келтірілген заңбұзушылықтың негізгі себептерінің бірі жұмысшыларға жалақысын уақтылы бермеуінен туындап отырғанын айтады. Осы жылы 8 кәсіпорын жалақыдан 74 жұмысшыға 14 млн 104 мың теңге қарыз болған. Бұл қарыз бойынша үш жақты комиссияның көмегімен 37 жұмысшыға тиесілі 10 млн 764 мың теңге өндірілген. Ал есепті кезеңде 5 кәсіпорында 37 жұмыскерге 3,3 млн. теңге жалақы қарызы қордаланып отыр.
– Еңбек дауы көбінде адамдардың жұмысқа тұрған кезде жұмыс берушімен келісімшарт жасаспауынан болады. Яғни құрғақ уәдеге сендіріп, адамдардың еңбегін тегін пайдаланып, оларды сан соқтырып кететін жағдай өте көп. Қаламызда 23 704 заңды тұлға тіркелген болса, оның 16 204-і белсенді жұмыс атқаруда. Белсенді жұмыс атқаратын заңды тұлғаларға шаққанда түзілген ұжымдық шарттың деңгейі 7,8 %. Шағын кәсіпорындарда ұжымдық шартқа келгенде ақсап тұр. Ұжымдық келісімшарт жалдамалы еңбек адамдарының құқығын тиімді қорғау үшін жасалған. Онда қарапайым еңбек адамы үшін кепілдіктер мен жеңілдіктер жасалған. Яғни еңбек еткен жылдарына сыйақы төлеу, материалдық көмек, жазғы демалысты сауықтыру сияқты мәселелер қаралған. Бастысы кәсіподақ мүшесінің мүддесіне нұқсан келмейді әрі құқығы әрдайым қорғалады, – деді Берік Айдарбекұлы.
Еңбек нарығында жұмыстан заңсыз қысқартуға ұшырап, біреулерінде жалақы дауы өзекті болып қала бермек. Мамандар мекеме мемлекеттік немесе жекеменшік болсын жалақы беру нормасы барлығына бірдей екенін айтады. Әсіресе, пандемия кезінде нәпақысынан айырылып қалған жұмысшылардың жағдайына байланысты арыз-шағымдарын тыңдауға дайын екенін жеткізді. Ол үшін қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына хабарласуға болады.
Байланыс телефоны: 27-38-35, 27-38-47