ЕКПЕ ҰЖЫМДЫҚ ИММУНИТЕТ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

Среда, 14 Апрель 2021 03:59 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1258 раз

Сoronavirus2020.kz сайты жариялаған статистика бойынша 12 сәуірде Қазақстанда 2016 адам індетті жұқтырғанын көрсетті. Елімізде әлі де болса КВИ-ға шалдыққан науқастар саны азаймай тұр. Дәрігерлер тығырықтан шығар жол – екпе екенін алға тартуда. Сондықтан өткен аптада елімізде тұрғындарды жаппай коронавирусқа қарсы вакцинациялау шарасы басталды. Шымкентте екпе егу пунктерінің жұмысы ұзартылып, демалыс күндері де жалғасты.

619

 

Үшінші мегаполисте қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес апта сайын коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша арнайы штаб отырысы өтуде. Осы орайда вакцинациялау жұмыстарына басымдық беріліп отыр.
– Өткен аптада ресейлік «Спутник V» вакцинасының 30 000 дозасы жеткізіліп, екпе егу пунктіне таратылды. Қазіргі таңда шаһарда коронавирусқа қарсы 38 екпе пункті дайындалған. Осыған дейін дәрігерлер, мұғалімдер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері вирусқа қарсы вакцина салдырса, қала тұрғындарыда бұл тұрғыда белсенділік танытуда. Соңғы тәулікте 5105 адам екпе қабылдады. Екпе алғандардың басым бөлігі санаттан тыс қала тұрғындары. Бүгінге дейін қалада 21 748 азаматқа коронавирусқа қарсы вакцина салынды, - деді қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы
Бақытжан Жолдасбекұлы.
Қалалық №6 емханаға демалыс күндері коронавирусқа қарсы вакцина алуға келгендердің қарасы көп болды. Медициналық ұйымның бас дәрігері Айгүл Қылышбаева емханада қала тұрғындары үшін екпе қабылдауға барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын жеткізді.
–Емханада 2 кеңес беру кабинеті мен 2 екпе пункті жұмыс істеп тұр. Тұрғындар екпе алған соң күту залында 30 минут дәрігерлердің бақылауында болады, – деді бас дәрігер.
Емханаға бірінші болып «Самал-3» шағынауданының тұрғындары, 72 жастағы Бипман ата мен 66 жастағы Мәрзия апа келді. Адамзатты алаңдатқан ауру болғандықтан, одан құтылудың жолы – вакцина екенін түсіндік, – дейді отағасы Бипман Әбілдабекұлы. Бипман ата мен Мәрзия апаның дәрігерлер алдымен қан қысымын өлшеп, жүрек соғысын тыңдады, денсаулықтарында ешқандай шағым болмаған соң екпе алуға жіберді. Олармен күту залында аз-кем тілдестік.
– Елімізде коронавируспен аурушаңдық күрделі болып тұрғанын естіп отырмыз. Қазір қаншама адам вакцина алып, оның денсаулыққа кері әсері жоқ екенін айтып отыр. Сондықтан отбасымызда шешім қабылдап, бүгін Мәрзия апаң екеуміз бірге келіп отырмыз. Ел болып, тығырықтан шығар жолды бірлікпен, ынтымақпен, дәрігерлердің кеңесін тыңдай жүрсек, карантиннен де шығамыз деген үміт бар. Қала тұрғындарын вакцина алуға шақырамын, - деді Бипман ата.
Күту залында екпе алғандарға мамандар екпеден кейін ұстанатын қағидаларды түсіндірді. «Үш күнге дейін екпе орнына су тигізуге, моншаға түсуге, алкогольді ішімдік ішуге болмайды. Температура көтерілген жағдайда дене қызуын түсіретін препараттар қабылдау қажет» деген кеңес берілді. Және ақпараттық парақшалар таратты.
–Тұрғындарды КВИ-ге қарсы жаппай егу жұмыстары қарқынды жүруде. Тұрғындардың белсенділігі қуантады. Жастар ғана емес, емханаға тіркелген егде жастағы тұрғындар өз еркімен көптеп келіп жатыр. Мұны халық арасында вакцина бойынша насихат жұмыстарын жүргізуінің нәтижесі деп білуге болады. Тұрғындар сенбі, жексенбі күндері де таңертеңгі сағат 08.00-ден кешкі 22.00-ге дейін келе алады, - деді Айгүл Қылышбаева.
Айта кетейік, Шымкентте тұрғындарды вакцинациялау емханаларда тұрғылықты мекенжайы бойынша сағат 08:00 мен 20:00 аралығында жүргізіледі. Ал вакцинация бойынша өзін толғандырған сауалдарға байланысты «109» немесе 39-33-47 нөміріне хабарласуына болады.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.