Исламдағы талақ мәселесi

Пятница, 29 Апрель 2016 06:31 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 10685 раз

Қоғамның негізі – жанұя. Жанұясыз ешбір қоғамды елестету мүмкін емес. Әке мен шеше ол жанұяның қос қазығы. Ал бала оның – келешегі. Қос қазықтың біреуі суырылса, отау жарым-жарты болып, бала жетім қалмақ.

RK9JJ1KEqp6GDxJI-lg

Талақтың талаптары мен шариғат қойған шарттары түсіне білген адамға өте көп. Талақ берместен бұрын некелескен адам әсіресе дін ұстанып жүргендері мыналарды білгені жөн: талаққа байланысты Құранның аяттары, пайғамбардың хадистері, талақтың түсінігі, тілдік, шариғи мағынасы, үкімдері, хикметтері, түрлері, саны, жағдайлары, шарттары, әдептері, жүзеге асу жолдары, тағы сол секілді талаққа байланысты мәліметі болса оның қаншалықты маңызды дүние екенін сезінер еді. Талақ мәселесі тек қана ер мен әйелдің арасындағы қарым-қатынас қана емес, ол екі әулет, екі ел, тіпті мемлекеттің дабыл қағарлық ең өзекті мәселесі болып табылады. Яғни, талақ мәселесі – жауапкершілігі мол, талабы таудай, тәртібі темірдей қатаң мәселе.
Исламда жанұя түсінігінің үлкен орынға ие екендігі «Неке (үйлену) – менің сүннетім. Кім менің сүннетімнен бас тартса, ол менен емес», – деген Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың хадисінен-ақ байқалады. Ал енді ажырасу Исламда «талақ» деп аталады. Сөздікте бір нәрсені босату, жібере салу дегенді білдіретін «талақ» сөзі Ислам шариғаты терминологиясында күйеудің аузынан шыққан немесе әйелдің сұранысымен қазы айтқан, ажырасуды ашық немесе астарлы түрде бейнелейтін белгілі бір сөздермен ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық байланысты үзу дегенге саяды.
Жалпы адамдар арасында келіспеушіліктердің туындап отыруы – заңды құбылыс. «Егер раббың қалағанда, адам баласын бір үммет етіп жаратқан болар еді», – деген Алла Тағала, адамзаттың әуел бастан-ақ бірдей түсінікте болмайтындығын тағдырына жазғанға ұқсайды. Міне, осындай түрлі түсінікке ие болушылық кей кездері Алланың құлдарының, тіпті соның ішінде ерлі-зайыптылардың да ара жігінің бұзылуына апарып соғатын негізгі себептердің бірі болса керек. Демек, ажырасу да – заңды құбылыс болғаны. Сондықтан болар, Ислам ерлі-зайыптыларға ажырасуға рұқсат берген. Дегенмен, «Талақ – Алла Тағала жек көретін халал іс» деген қағидатты да естен шығармағанымыз жөн. Алла Тағала Құранда талаққа үш рет қана жол берілетіндігін айтады. Бұдан біз мынадай нәтиже түйеміз: Ислам ажырасуға үзілді-кесілді тыйым салмаған және де бұл «есікті» айқара ашпаған да. Сөзіміз дәйексіз қалмауы үшін, бұған байланысты Құраннан бір-екі аят келтіре кетсек.
«Әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды жек көретін болсаңдар, (ұмытпаңдар) Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін» (Ниса сүресі 19-аят) – деп, Алла Тағала шаңырақ құрғандарды үстірттіктен тыйып, ойлануға шақырып отыр.
Ал мына бір аят екі жұптың тырнақ астынан кір іздемей, бір-бірлерінің жаманын жасырып, жақсысын асырып жүрулерін үгіттейді: «Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла Жоғары мәртебелі әрі Ұлы» (Ниса сүресі 34-аят).
Жаратушы Иеміз «Ал енді күйеуі оны (үшінші рет) талақ етсе, ол әйел бұдан былай, басқаға үйленбейінше оған халал емес» (Бақара сүресі 230-аят), – деп, талаққа шек қойған. Демек, ерлі-зайыптыларға үш талақ мүмкіншілігі беріледі. Әйелін үш рет талақ еткен ер адам жұбайын қайта ала алмайды. Қайта үйленулері үшін әйел басқа бір еркекпен тұрмыс құрып, онымен қосылып, ол адам оны талақ етіп, әйелдің күтетін етеккір мерзімі бітуі тиіс. Міне, сонда ғана бірінші күйеуі ол әйелді жаңа мәһрмен жаңа неке арқылы өзіне ала алады.
Талақ Алла тарапынан күйеуге ғана берілген құқық. Ұлы Алла Құран Кәрімде «Егер сендер жақындаспай тұрып, оларға (мәһр) белгілеп, оларды талақ еткен болсаңдар, белгілегендеріңнің жартысын (беріңдер). Бірақ ол әйелдер (жартысын да алмаймыз деп) немесе неке жібін қолында ұстаған (еркек толық беремін деп) кеңшілік етсе, ол басқа...». (Бақара сүресі 237-аят) Бұл аятта өткен «талақ еткен болсаңдар», «қолында неке жібін ұстаған» деген сөздер ер адамға қаратыла айтылған. Яғни, талақты ер адам ғана береді.
Отбасында ер мен әйел – шаңырақтың негізгі іргетасы саналатындықтан, жұбайлық өмірдің ыстық-суығына бірге төзіп, жарасымды тіршілік ету парыз. «Екі жақсы қосылса, ай мен күндей жарасар, екі жаман қосылса, ырылдасып айрылысар», – дегендей, көз көргенде қуанатындай үйлесімді жұп болғанға не жетсін!

Дастан қажы ЖЕЛЕУОВ,
«Қождан ата» мешітінің 
имамы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.